Сыр өңірінде індеттің беті қайтып, эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Соңғы аптада ауруханалардағы жүктеме 60 пайызға дейін төмендеп, жедел-жәрдем шақыртулары 2 есе азайған. Бұл туралы облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова журналистерге арналған арнайы баспасөз мәслихатында айтып берді.
Жергілікті билік ең алдымен медициналық ұйымдарды қамтамасыз етумен қатар дәрі-дәрмек қорын молайтуға ден қойыпты. Осы уақытқа дейін 107 жасанды тыныс алу аппараты, 350-ден аса оттегі концентраторы емдеу мекемелеріне теңдей үлестірілген. Сондай-ақ, "СК Фармацияның" өңірге бөлген дәрілері 100% келген. Дәріханалардың бір айлық дәрі қоры толығып, қызметтері қалыпқа түскен. Дәрі іздеп сабылған жұрттың аяғы басылған.
"Қажеттілік туындаған жағдайда 500 төсек орын резервіміз бар. Оның ішінде инфекциялық 200 және провизорлық 300 орын әзірленді. Облыста 6 компьютерлік томография қызмет көрсетеді. Оның 4 облыс орталығында, 2 ауданда орналасқан. Сонымен қатар 52 рентген аппараты, 107 өкпені жасанды желдету аппараты бар. Қосымша аппарат алуға демеушілерді тарту мәселесі қарастырылуда", – деді Г.Әбдіқалықова.
Карантинге қарамастан өңірде 276 әлеуметтік жоба атқарылып жатыр екен. 8 мыңға жуық адам еңбекпен қамтылыпты. Облыс әкімінің ұсынысымен, бюджет қайта қаралып, конференциялар мен түрлі іс-шаралар және басқа да жоспарланған шығыстар қысқартылған. Осының негізінде 2,2 млрд. теңге үнемделген. Енді бұл қаржылар әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталмақ.
"Экономиканы қайта қалпына келтіру жөніндегі облыстық жоспар бекітілді. Оған сәйкес жергілікті жолдарды жөндеу, су және жылу жүйесін жаңғырту, энергиямен қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік саланы дамыту бағытында шаралар жүзеге асырылатын болады. Сыр өңіріндегі экономиканың негізгі қозғаушы күші ауыл шаруашылығы саласында да тың серпін бар. Биыл облыста 184,7 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді", – деді облыс әкімі.
Аймақта жаңа инвестицияларда тартылуда. Атап айтсақ, жыл соңына дейін Арал ауданында кальцийленген сода, Қызылорда қаласында шыны пластик құбырлар шығаратын зауыт пен Жаңақорған ауданында күн электр станциясының құрылысы басталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, Қызылорда қаласындағы шыны зауыты, Арал ауданындағы кварц құмын байыту бойынша тау-кен байыту комбинатының бірінші желісі және Қармақшы ауданында құс фабрикасы іске қосылмақ.
Сондай-ақ, аймақ басшысы "Жұмыспен қамту жол картасы" мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысында мәлімдеді.
"Мемлекеттік бағдарлама аясында 37 млрд. теңгені құрайтын 276 жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесімен 9299 жаңа жұмыс орындары құрылады. Бүгіннің өзінде 7768 адам жұмысқа орналасты. Ең бастысы, жобаларды жүзеге асыруда пайдаланылатын тауарлар мен қызметтердің 90 пайызы отандық өнімдер", – деді аймақ басшысы.
Індет кезеңінде қайырымдылықтың ересен үлгісін көрсеткен, ерекше белсенділікпен көзге түскен кәсіпкерлерге алғысын білдірген облыс әкімі бизнесті қолдау үшін "Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі Экономикалық даму жоспары" әзірленгенін атап өтті. Жоспардың негізгі бағыты – шағын және орта бизнесті дамыту және қолдау.
Жалпы алғанда аталмыш жоспармен экономиканың түрлі салаларындағы 265 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Биыл 24 млрд. теңгенің 95 жобасы өз жұмысын бастаған. Оның ішінде тамақ өнімдерін өндіру, ауыл шаруашылық өнімдерін терең өңдеу, мал шаруашылығын дамыту және тағы басқалары.
Аймақта құрылыс қарқыны да бәсеңдемеген. Қиындыққа қарамастан 30 әлеуметтік нысанның құрылысын жүргізу жоспарланса, жыл аяғына дейін 22-сі халық игіліне беріледі деп күтілуде. Қызылорда қаласы мен аудандарда барлығы 1406 пәтерді құрайтын 87 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілсе, жыл аяғына дейін 74 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 1000 жуық жерлесіміз жаңа баспанаға ие болмақшы.
Қазір басты міндет қажыған халықтың әлеуетін көтеру. Қауіпті індет бәсеңдегенмен босаңсуға әзір болмайды. Тұрғындар әрдайым карантин талаптарын бұлжытпай орындап, сақтық шараларына баса назар аударулары қажет.
Шара соңында облыс әкімі тұрғындарды тағы да сақтық шараларын сақтауға шақырып, "Сақтық шараларына бағыну – тұтас ел алдындағы азаматтық борышымыз, саналы түрде басты ұстанымымыз болу керек", – деді.
Нұрбек Дәуренбеков