Нұр-Сұлтанда дәрінің қауіпсіздігін тексеретін зертхана ашылды

Айналымдағы дәрінің  10 %-ы контрабандалық жолмен келуі мүмкін. 

Нұр-Сұлтанда дәрінің қауіпсіздігін тексеретін зертхана ашылды

Елордада еліміздегі жетінші дәрі зертханасы ашылды. БАҚ өкілдері жаңа нысанды Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановпен бірге аралап көрді. Еуропалық сапа мен стандартқа негізделген зертхана сұйық дәрілер мен таблеткалардың, медициналық құралдардың сапасы мен қауіпсіздігін анықтау үшін құрылыпты. Зертхана мамандары әр дәрінің сынақтан қалай өтетінін, компьютерлік бағдарламаның көмегімен дәрінің талапқа қаншалықты сай екені қалай есептелетінін түсіндірді. Министр жаңа нысанды халықаралық стандартқа сай етіп аккредитациялау міндеті тұрғанын айтады. Сол үшін нысанның таныстырылымына халықаралық сарапшылар да шақырылыпты.

"Елімізде барлық дәріні сараптамадан өткізетін арнайы ұлттық орталығымыз бар. Осы орталықтың негізінде 6 зертхана жұмыс істеп тұр. Енді міне Нұр-Сұлтан қаласында жетінші орталық ашылды. Басқа зертханаларға қарағанда бұл нысан ең соңғы технологиялармен, қондырғылармен жабдықталған. Ең жетекші стандарттар бойынша дәрі-дәрмектің сапасы мен қауіпсіздігін текесеретін қондырғылар алынды. Келесі қадамымыз ¬– халықаралық аккредитациядан өту. Күн сайын елімізге шетелден, өзіміздің өндірушілерден түсетін дәрі-дәрмектің саны көбейіп жатыр. Соның барлығын дер кезінде тексеріп үлгеру үшін жаңа зертхана ашып отырмыз. Астанада бұған дейін мұндай зертхана болмаған", – дейді Елжан Біртанов.

Ведомство басшысы қалған алты зертхананы да осы деңгейге шығару жоспарда бар екенін айтады.

"Ең негізгі мақсатымыз - жеті зертхананы түгелдей халықаралық стдандартқа көшіру.  Бүгін АҚШ-тан, басқа да елдерден келген мамандар нысанды сараптамадан өткізеді. Орталық барынша озық технологиямен жабдықталғандықтан, сарапшылар оң бағасын береді деп ойлаймын", – деді ол.

Министрдің сөзіне қарағанда заңда сапасыз дәрі әкелген кәсіпкер үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапкергілік қарастырылған.

"Елімізде тіркеуден өткен 8000-нан астам химиялық және медициналық заттың құжаттамасы бар. Елге келген дәрі-дәрмектің сол құжаттамаға сәйкестігін осы зертханалар анықтайды. Кедендік қоймаға түскен дәрілерді ғана емес, тұрғындар тарапынан шағым түскен заттарды да осында тексереміз. Ұлттық орталық мамандары кедендік қоймаға түскен дәрілерді айналымға жібермес бұрын әдістемеге сәйкес әр  партиясынан сынама алады. Ол процеске жеткізуші компания өкілдері қатыстырылмайды. Егер келген дәрі стандартқа сай болмаса, не тәркіленеді, не айналымға жіберілмейді", - деді ол.

Еуразия экономикалық одақ аясында дәрі-дәрмек тасымалына қатысты проблемалар бар екені кейінгі кезде жиі айтылып жүр. Тіпті бұл мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қараша айында  халықаралық деңгейде көтерген болатын. Қазақстаннан одақ аясына шығарылатын дәрі-дәрмекті қайтадан зертханадан өткізу талабы бір жағынан кәсіпкерлердің аяғына тұсау болса, екінші жағынан қажетті дәрінің уақтылы жетуіне кедергі. Министр бұл проблеманы елдегі жеті зертхананы да халықаралық аккредитациядан өткізу арқылы шешу көзделгенін атады.

"Еуразиялық экономикалық одақта екі түрлі тіркеу бар. Бірі – ұлттық, екіншісі – халықаралық тіркеу. Әр дәрі-дәрмек өндіруші оны қай нарыққа сататынын өзі анықтайды. Тек Қазақстанға өткізгісі келген компания ұлттық тіркеуден ғана өтеді. Ал одақ аясында сатқысы келгендер халықаралық тіркеуден өтуге тиіс. Бұл екі тіркеудің стандарттары бірдей. Бірақ мерзімдері мен бағасы әртүрлі. Ұлттық тіркеу Ресейдікіне қарағанда арзандау. Біздің зертханалар халықаралық стандартқа өтсе, шетелдік өндірушілер бізге көбірек келіп, тіркеуден өтетін болса, орталықтың сапасы артар еді. Ең бастысы, бәсекенің арқасында айналымдағы дәрілердің сапалы дегендері іріктеліп, баға да халық үшін тиімдірек болады",  – дейді Елжан Біртанов.

Министр атаған 7 зертханада жыл сайын 7000 тест өткізіледі. Мұны жоспарлы тексеру деп айтуға болады. Бұл жерде ұлттық орталықтың дәріханаларды емес, дәрілерді тексеретінін түсіну қажет.

"Дәріханалар бизнес нысаны болғандықтан, оларды жоспарсыз тексеруге біздің құқымыз жоқ. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне түскен тұрғындар шағымы мен дәрігерлер толтырған "сары қағаз" бойынша сараптау жасауымыз мүмкін. Қандай да бір дәрі емделушінің ағзасында кері әсер туғызғаны байқалса, дәрігер анықтама толтырады. Оны біз "сары қағаз" дейміз. Сол қағаз бойынша аурухананы немесе дәріхананы жоспардан тыс тексере аламыз", –деді ведомство басшысы.

Зертхана Назарбаев университетінің базасында құрылған. Университет зертханаға барлық жағынан сай келетін ғимарат ұсынса, Денсаулық сақтау министрлігі қондырғыларға қаржы бөлген.

Халықаралық ұйымдардың дерегіне сенсек, кез келген елдің айналымында жүрген дәрінің 10%-ы контрабандалық жолмен кіруі мүмкін. БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Елжан Біртанов айналымға АҚШ пен Еуропадан әкелінетін дәрі-дәрмектер жеделдетілген сараптамадан өтетінін айтады.  Ал отандық өнімдер мен Оңтүстік-Шығыс Азиядан келетін медициналық заттар толыққанды сараптамаға жіберілетін көрінеді.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу