Мемлекеттік баға монополиясы енгізіледі

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4389

Жаңа жылдан бастап дәріханалардағы дәрі-дәрмектің бағасын мемлекет бекітеді.

Мемлекеттік баға монополиясы енгізіледі

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, барлық дәрілерге мемлекеттік баға монополиясын енгізу мақсатында денсаулық сақтау министрлігі "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасын дайындады.

"Дәрілік заттар бағаларын қалыптастырудағы жоспарланып отырған алдағы өзгерістер бағаны реттеудің 4 деңгейін енгізуді көздейді: біріншісі – өндіруші деңгейінде, екіншісі – жеткізушілер, яғни көтерме сауда деңгейінде, үшінші – дәріханалар, яғни бөлшек сауда деңгейінде, сондай-ақ төртінші –  кепілдендірілген тегін медициналық көмек (ТМККК) шеңберінде және МӘМС жүйесінде сатып алу деңгейі", – деп түсіндірді бүгін денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.

Бұл жерде өз елімізде болатын жеткізушілердің, дәріханалардың және үкіметке қарасты медкөмек пен медсақтандыру қорының жайы белгілі, олардың бағасын мемлекет мәжбүрлі түрде реттей алады. Ал шетелде орналасқан өндірушінің бағасын қалай реттемек?

Денсаулық сақтау министрінің мәлімдеуінше, өндірушінің бағасын тіркеу кезінде "референттік елдердегі", яғни даму деңгейі бойынша Қазақстанмен тең мемлекеттердегі, сондай-ақ посткеңестік кеңістіктегі елдердегі баға негізге алынады. Басқаша айтқанда, шетелдік өндіруші өзінің бір аталымдағы дәрісін сол елдердегідей бағамен ұсынуы керек. Одан қымбат болса, өндіруші басқа лайықты баламаларына ден қоятын қазақстандық нарықтан айырылуы ғажап емес.

Бұған қоса заң жобасы "үстеме бағаның регрессивтік шкаласы арқылы дәрілік препараттарды көтерме және бөлшектеп сату маржасын да реттейді": оған сәйкес, дәрі-дәрмекті жеткізушілер мен дәріханалардың өндіруші бағасына өз тараптарынан қанша пайыз үстеме қосып, пайда таба алатынын денсаулық сақтау министрлігі бекітеді. Әйтпесе қазір кейбір пайдаға құныққан кәсіпкерлердің кесірінен, сырқаттар дәріні өндіруші бағасынан 4-5 есеге қымбат алуға мәжбүр.

Енді бұл пайдакүнемдікке құрық салынады. Соның арқасында келесі жылы Қазақстанда дәрі бағасы арзандайды.

Аталған заң жобасы мәжілісінің қарауына енгізілді. Төменгі палата жақын арада оны екінші оқылымда мақұлдап, сенаттың бекітуіне жібереді деп жоспарлануда.

Бұдан бөлек министрлік биыл бірыңғай дистрибьютор "СҚ-Фармацияның" тізімін толықтай қайта қарап, кепілдендірілген тегін көмек шеңберінде емханаларда сырқаттарға тегін таратуға арналған "фармацевтикалық қызметтер, дәрілік заттар, медициналық бұйымдар тізбесін" орталықтандырды. Атап айтқанда, бұл дәрілік заттар тізбесіне экономикалық жағынан тиімді препараттар қосылып, кеңейтілді. Мысалы, С вирустық гепатитін емдеу үшін қымбат тұратын және тиімділігі төмен (небары 60%) "пегилирленген интерферондармен терапия" тиімділігі жоғары (98%) емдеу схемасымен - "софосбувир+даклатосвирмен" алмастырылды, бұл емделген науқастар санының 500-ден 40 мың адамға жоғарылауына мүмкіндік берді.

Бұған қоса, Қазақстан шетелдік өндірушілермен келіссөз жүргізу нәтижесінде 175 аталымдағы медициналық препарат бағасын орташа алғанда 23%-ға дейін арзандатуға қол жеткізді. Ал отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді шарт аясында бағаны төмендету бойынша қабылданған міндеттемелерге сәйкес, 134 аталымдағы дәрілік заттардың бағасы 5%-ға төмендеді.

Қазіргі таңда елімізде дәрі-дәрмек нарығы "дәріхана арқылы дәрілік заттарды коммерциялық сату" және "тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде тегін дәрілік заттармен қамтамасыз ету" болып екіге бөлінетінін атап өткен жөн. Бүгінде нарықтағы дәрінің коммерциялық саудасының бағасын мемлекет реттемейді. Бірақ тәуелсіздік алғалы бері көз үйренген бұл тәжірибе алдағы "Доңыз жылында" келмеске кетеді деп күтілуде.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу