Депутаттар бірнеше өңірде төтенше жағдай жариялауды сұрап отыр

Оған шаруалардың қуаңшылықтан зардап шегуі себеп.   

Депутаттар бірнеше өңірде төтенше жағдай жариялауды сұрап отыр Фото: gov.kz

Биыл еліміздің солтүстігінде ала жаздай бір тамшы жауын жаумады. Соның салдарынан егін мен шөп аптап ыстықта күйіп кетті. Енді облыстардағы мал азығы мен ұнның бағасы күрт артатын түрі бар. Бұл мәселе агроөнеркәсіптік кешенде шаруасын дөңгелетіп отырған кәсіпкерлерге де кәдімгідей салмақ болып тұр. Мәселені шешу жолдарын Мәжіліс депутаттары айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Биыл Павлодар облысында егін ору мен шөп шабуға қатысты жағдай мүлде мәз емес. Әу бастағы жоспар бойынша, күзгі жиын-терім кезінде шаруалар 1 млн 252 мың гектар жерден астық жинауы керек еді. Алайда оның 186 мың гектары толығымен күйіп кетті. Аптап ыстықтан "аман" қалған аумақтың өзі де мол өнім бермейді. Бүгінде бір гектардан орта есеппен 3-4 центнер ғана дақыл жиналып жатыр. Мұндай өнімділік табыс әкелмек түгілі шығынды жаппайды.

"Биыл 2,5 мың гектарға еккен егінімнің жартысы жарамсыз болып қалды. Қалған жартысынан ары кеткенде 3 центнер алып жатырмын. Көктемгі егіс жұмыстарына кеткен шығындарды өтеу үшін одан кемінде екі есе, әр гектарынан 6 центнер өнім алуымыз керек. Бірақ олай болмай тұр. Өнім жиналмаған соң, пайда туралы айтудың өзі артық. Ол түгілі несиемізді қалай жабарымызды білмей дал болып отырмыз. Егер қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай режимі жарияланса, несиелерді төлеу мерзімін кейінге шегеруге мүмкіндік туар ед", – дейді павлодарлық шаруа Ерлан Қасенов.

Мал азығын дайындаумен айналысатын шаруашылықтардың да жағдайы қиын. Жаңбырдың болмауы, Ертіс өзенінің жылдағыдан аз жайылуы шөптің өсуіне кері әсерін тигізбей қоймады. Бұған дейін шабындық жерлердің әр гектарынан 20-25 центнер шөп жиналса, биыл 10 центнерге де жетпей отыр. Бұрын бірден бір жарым жылдық қорды жинап, 1 млн тоннадан астам мал азығын күн бұрын дайындап қоятын облысқа қазір 1 млн тонна шөп әзірлеудің өзі мұң болып отыр. Өнім аз болғандықтан, баға да бірден өсіп кетті. Қазір ауылдық жерлерде шөптің бір тіркемесінің бағасы 90 мың теңгеге жетті.

Осындай ауыртпалықтың барлығын шаруалар соңғы екі-үш ай бойы жергілікті билікке де, депутаттарға да айтып келеді. Облыс басшылығы түйткілдің барын жоққа шығарып отырған жоқ. Қолдан келгенше көмек көрсетілетінін айтып, арзандатылған дизель отыны, субсидия көлемін ұлғайтты. Бірақ мұндай шаралар жағдайды айтарлықтай жақсартуға көмектеспейді. Кәсіпкерлер төтенше жағдайды жариялап, несиелер мерзімін қайта қарауды да сұрап отыр.

Облыстық экология департаменті хабарлағандай, төтенше жағдай жариялаудың өз жөні мен реті бар. Тек оның ішінде мұндай режимді қуаңшылыққа байланысты енгізу қарастырылмаған. Сондықтан Павлодар облысындағы шаруалармен бірнеше рет кездескен Мәжіліс депутаты, "Respubliса" фракциясының жетекшісі Айдарбек Ходжаназаров Премьер-Министрге депутаттық сауал жолдап, бұқараның базынасын білдіріп, көптің тілегін жеткізді.

"Павлодар, Ақмола және басқа облыстардың бірқатар ауданындағы фермерлер үшін ағымдағы егін егу және вегетациялық кезең қиынға соқты. Жауын деңгейі нормадан небәрі 3-9 пайызды құрады. Ал Павлодар облысына қарасты Шарбақты және Ақтоғай аудандарында тіптен жаңбыр жауған жоқ. Мамырдан бастап тамызға дейін жауын-шашынсыз аптап ыстық болды. Соның салдарынан қазір фермерлер үшін аса қиын жағдай орын алғанын атап өткім келеді. Көптеген шаруашылықтарда егістік 0,3-1 т/га болып тұр. Мұндай егінді жинағаннан гөрі, жинамай тастай салу арзанырақ. Ал өз кезегінде несиелік міндеттемелерді төлеуден ешкім босатылмағанын ескеру керек. Қаражаттың жетіспеушілігінен келесі егіс маусымына дайындықсыз келуі қауіпі бар", – деген Мәжіліс депутаты тағы бірнеше түйткілді тізбектеп берді.

Олардың қатарында шаруашылықты жүргізу үшін алынған несиелерді қайтару мәселесі бар. Несиені төлеудегі, сондай-ақ несиені қайта құрылымдаудағы үзілістер шаруалардың несиелік тарихын бұзады. Ал оның соңы қарыз ресурстарына қолжетімділікті одан әрі қысқартады. Басқаша айтқанда, қазіргі берешегін қайтара алмауымен қатар алдағы уақытта да несие ала алмай қалуы мүмкін. Несие бойынша төлемді 3-9 айға кейінге шегерсе де, ол уақыт мамыр айына түседі, ал ол - дәл егіс кезеңінде аяқталады. Оның үстіне, бұл кейінге шегеру секілді көмекті алу қиын. Шаруалар егістіктердің құрғақшылықтан бүлінгенін дәлелдеп, көптеген бюрократиялық кедергілерден өтуі керек. Сондықтан құрғақшылықтан зардап шеккен аймақтарда төтенше жағдай жариялауды ұсынды.

"Төтенше жағдайды жариялау алгоритмін реттеу қажет. Бүгінгі таңда төтенше жағдай - кредиторлар үшін бір жылдан астам мерзімге кейінге қалдыруды берудің жалғыз заңды мүмкіндігі. Дегенмен, әкімдіктер төтенше жағдайды қалай жариялауды, уақытты белгілеуді, уақытты босқа өткізуді ойлап отырады. Біз Үкіметтен төтенше жағдайдың қалай, кімнің күшімен және қандай жағдайда жарияланғанын бекітіп, түсіндіріп, әкімдіктер мен халыққа жеткізуді сұраймыз. Үкімет шығындарды, оның ішінде ғарыштық мониторинг құралдарын қолдану арқылы орнын толтыру механизмін анықтауы қажет. Бүгінде шаруаның шығынын есепке алу аудан әкімдігі қызметкерлерінің көңіл-күйіне байланысты. Қаржы институттары үшін несиелерді қосымша сыйақыны есептемей 5 жылға ұзарту механизмін әзірлеу керек және шаруаларға тиесілі субсидиялар дер кезінде төленуі тиіс. Мысалы, Павлодар облысында субсидиялар бойынша қарыз - 7,3 млрд теңге. Сонымен қатар, шаруаларға өз өнімдерін жақсы бағамен өткізуге мүмкіндік беру керек. Ол үшін шектеу шараларын, оның ішінде күнбағыс экспортына баж салығын алып тастауды немесе төмендетуді ұсынамыз", - деп бірнеше ұсынысты жеткізді Айдарбек Ходжаназаров.

Әзірше бұл депутаттық сауал ашық күйінде қалып отыр. Оған Үкімет тарапынан нақты жауап берілген жоқ. Ал бұл уақытта павлодарлық шаруалар егін мен шөпті тірнектеп жинауға, ауылдағы ағайын мал азығын удай қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу