Мектептегі оқуға қатысты өзгерістер болғалы жатыр

3334

Депутаттар Қазақстанда миллиондаған жауынгер дайындаудың жолын тапты. 

Мектептегі оқуға қатысты өзгерістер болғалы жатыр Фото: inbusiness.kz

Қорғаныс министрлігі мерзімдік әскери қызметке шақырылатындардың жалпы саны бүкіл жастарды қамтымайтына назар аудартады. Сондықтан өмірінде бірде бір рет әскерге шақырылмайтын қазақстандықтарға қару ұстап, одан атып үйретудің жалғыз жолы – мектептегі алғашқы әскери дайындықты жақсарту.

Осыған орай Үкімет пен Парламент орта білім ордаларында миллиондаған жауынгерді әскери даярлауға ден қоятын болады.

Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, Қазақстанда бір ғана 2024 жылы әскери міндеті бар, яғни, 18-27 жас аралығындағы ер азаматтардың саны 1 миллион 221 мың адамнан асқан екен. Бұл – жер қайыстырған қалың қол.

"Қорғаныс министрлігінің дерегінше, оларға арналған әскердегі орын жыл сайын 40 мың адамды ғана қамтиды. Бұл 2024 жылы әскерге шақырылатын азаматтардың небары 3,28 пайызын құрайды. Ал, қалған 97 пайызы әскерге шақырылмайды деген сөз. Ел шетіне жау тиіп, ел басына күн туатын жағдай болса, не әскери тәртіпті білмейтін, не қолына қару ұстай алмайтын жастарымыз қандай жағдайда қалуы мүмкін деген ой мені мазалайды. Өйткені олар қарудан дәлдеп атуды білмейді, заманауи әскери қарулардан да, әскери тәртіптен де хабарлары жоқ", – деді мәжілісмен.

Депутат Наталья Дементьева жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің басты буындарының бірі – мектептердегі "Алғашқы әскери және технологиялық дайындық" пәні екенін қаперге салды.

Алайда мектептерге барған мәжілісмендер осы алғашқы әскери даярлау пәні кабинеттерінің жете жабдықталмағанын, материалдық-техникалық базасының ескіргенін, қазіргі заман талабына мүлде сәйкес келмейтінін көріп, қарындары ашып, көңілдері құлазыпты.

"Оқытудың сапасына да қатысты сұрақтар бар. Қазіргі уақытта алғашқы әскери дайындық мұғалімдері жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары аясында дайындалуда. Көбінесе алғашқы әскери дайындықты әскери қызмет тәжірибесі жоқ мұғалімдер жүргізеді. Сондықтан геосаясат ұшынып тұрған алмағайып заманда енді қалыптасқан жағдайды жақсартуға бағытталған пәрменді шаралар қабылдануы қажет. "Алғашқы әскери және техникалық дайындық" пәні кабинеттерінің жағдайын жақсартуымыз қажет", – деді Наталья Дементьева.

Оның әріптесі Айгүл Құспан Мәжілісте "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасын талқылау кезінде бұл мәселе де пысықталғанын жеткізді.

"Біз мектептеріміздегі патриоттық тәрбие мен әскери дайындық сапасын жан-жақты талқылағанбыз. Оған "Алғашқы әскери және технологиялық дайындық" пәнінің мұғалімдері де қатысты. Қазіргі уақытта бұл пәнді әскери борышын өтемеген, арнайы дайындығы жоқ, тіпті әскери қызметке ешқандай қатысы жоқ мұғалімдер оқытады", – деп шынын айтты Мәжіліс депутаты.

Оның ойынша, бұл сабақты нағыз әскери адам жүргізуі керек. Сонда форма киген адамның алдында жоғарғы сынып оқушылары сымдай тартылады, қылтың-сылтың, қылжақ-әзілін тыяды.

"Осыған орай біз бұл пәнді жүргізуге тек әскери кафедрада арнайы дайындықтан өткен немесе қайта дайындықтан өткен запастағы әскери қызметшілерге ғана рұқсат беру талаптарын заң жобасына енгіздік. Менің ойымша, бұл түзетулер оқытудың сапасын бірден арттыратын болады. Сондай-ақ сабақта әскери форма киген мұғалімнің бейнесі балалардың патриоттық сезіміне әсер етеді деп ойлаймыз", – деді Құспан.

Парламенттің бұл бастамасы Оқу-ағарту министрлігі тарапынан қолдау тапты. Бірақ көп мәселе мектептерді автомат және басқа қару-жарақ түрлерімен, оқу гранатасымен, сауатты жазылған және жаңа заман соғысының ерекшеліктері ескерілген оқулықтармен, басқа да қажетті құралдармен материалдық-техникалық жабдықтауға тіреліп тұр. Онсыз білім ордаларында нағыз жауынгерді даярлау мүмкін емес.

Оқу-ағарту министрінің орынбасары Еділ Оспанның дерегінше, қазіргі кезде еліміздегі 5,4 мың мектепте және 772 колледжде алғашқы әскери дайындық сабақтары өтеді.

Жалпы, бұл пән бойынша оқу жылында қыздар – 68 сағат, ұлдар – 98 сағат бойы әскери дайындықтан және оқытудан өтуі қажет.

Бұдан бөлек, ұлдар үшін арнайы далалық оқу-жаттығулары қарастырылған. Сонда жоғарғы сынып оқушылары 5 күн бойы далалық жағдайда әскери даярлықтан өтеді.

Оның барысында бозбалалар сапта тұруға және шеру тарта жүруге, қарудан атуға, автоматты бөлшектеп, қайта жинауға үйренеді. Сондай-ақ олардың тактикалық, азаматтық қорғаныс, топографиялық және басқа дайындықтары тексерілді.

"Бұл пән кабинеттерін жабдықтауға қатысты айтатын болсам, ол өте көкейтесті мәселе! Министрдің №70 бұйрығында жабдықтаудың тізімі көрсетілген. Бүгінде біз барлық мектептегі "Алғашқы әскери және технологиялық дайындық" пәні кабинеттерінің жабдықталуына инвентаризациялау, түгендеу жүргізіп жатырмыз. Оның қорытындысы бойынша министрліктің №70 бұйрығына өзгерістер енгізіледі. Жаңадан салынатын және қолданысқа енді беріліп жатқан мектептерде ол кабинеттердің жабдықталуы дұрыс деңгейде. Осы жұмысты жалғастырамыз", – деп сендірді Оқу-ағарту министрінің орынбасары Еділ Сабырұлы.

Мысалы, қазіргі "Жайлы мектеп" бағдарламасы аясында бой түзеп жатқан жаңа білім ордаларында алғашқы әскери дайындық үшін арнайы ашық алаңдар – плацтар жабдықталады.

Білім министрлігі Қорғаныс министрлігінен 5 күндік әскери-дала оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін оқу полигондарын беруді сұраған. Бұл "Алғашқы әскери және технологиялық дайындық" пәнінің бағдарламасында бар.

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев мектептерде жауынгерлерді даярлауға 10-шы емес, 7-ші сыныптан бастап кірісуді ұсынды. Байырғы замандардан бері қазақ елінде бозбалалар осы жастан бастап, бес қаруды шебер меңгеруге міндетті болған.

"Қазақта "Он үште отау иесі" дейді. Бұл жаста балалық аяқталып, ересек өмір басталады. Бала үйге иелік етудің, Отанға қорған болудың жауапкершілігін түсіне бастайды, жаман мен жақсыны айырады. Бұл кезде психикасы қалыптаса бастайды. Ендеше неге біз осы кезеңді тиімді пайдаланбаймыз? Неге бізде алғашқы әскери дайындық сабақтары 10-сыныптан басталады? Бұл 16 жас. Қаталдыққа, тәрбиеге, тәртіп пен жауапкершілікке тәрбиелейтін сабақты біз балиғат жасынан бастауға тиіспіз. Оған кедергі жоқ", – деді мәжілісмен.

Ол да өңірлерді аралағанда, депутаттардың мектептерде "Алғашқы әскери және технологиялық дайындық" пәні мұғалімдерімен кездесіп, тілдескенін алға тартты.

"Олар: "Біз мектепаралық жарыстарды жылына бір рет, яғни, мамыр айында ғана өткіземіз, неге оны үш-төрт өткізбеске?" дейді. Сонда бәсекелестік, қызығушылық пайда болатын еді. Мұны жылына кем дегенде төрт рет өткізуге болады. Әскери-дала оқу жаттығуларын да жиірек жүргізуге болады", – деді Баққожаев.

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан жауапкершілік, "Заң және тәртіп" қағидаттары барлық мектептерде 1-ші сыныптан бастап оқытылатынын жеткізді.

Ал, әскерге даярлауды 13 жастан бастауды құптамайды. Қазіргі бейбіт заманның балаларын "нәзік" санайды.

"Жас ерекшеліктері ескерілгені жөн. 10-11-сыныптарда "Алғашқы әскери және технологиялық дайындық" пәні өткізіледі. Ал, одан жастарын мектепте жауапкершілікке, тәртіпке үйретеміз. Ол білім беру бағдарламаларында, мектепішілік тәрбие жұмыстарында және мектептен тыс тәрбие жұмыстарында қамтылған. Әскери тақырыптардағы сайыстарға келсем, ондай жарыстар жылына бір рет ұйымдастырылады. Бірақ бірнеше кезеңнен тұрады. Яғни, мектепаралық, ауданаралық, облысаралық және республикалық деңгейдегі сайыстары бар. Бұл шаралар жыл сайын бір рет өз деңгейінде өтсе, жетеді", – деді министрдің орынбасары.

Мәжілісмен Ермұрат Бапи қазіргінің балаларының "нәзікжанды" екенімен келіспейді. Барлығы тәрбиеге байланысты. Отанды қорғауға, патриотизмге тәрбиелеуде отбасы институты маңызды рөл атқарады.

"Мысалы, туысқан Түркияда әскерге кетіп бара жатқан баласының қолтығына анасы 6 метр кебін қыстырып жібереді екен. Бұл: "Сен Отан үшін, ел үшін қаза болсаң, сұрауың жоқ!" деген сөз. Бұл нағыз патриоттық идеологияның алтын темірқазығы. Анасы осылай деген соң ұлы ол аманатты ақтауға тырысады. Қазақта қазіргі кезде отбасынан басталатын ондай тәрбиелік дүние қалмады. Сондықтан бәрін Қорғаныс министрлігіне арта бермей, әрқайсысы әр жаққа тартқан, шашырап жатқан әртүрлі ведомстволарды жиып-теріп, осындай мәселені қолға алатын институт керек", – деген ойда мәжілісмен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу