Доллар 440 теңге: валюта бағамы қалай өзгереді?

Экономист Қасымхан Қаппаров теңге бағамының күрт өзгеруін девальвацияға теңеді.  

Доллар 440 теңге: валюта бағамы қалай өзгереді? Фото: Максим Морозов

13 наурызда Қазақстанда коронавирустық инфекция тіркеліп, 15 наурызда төтенше жағдай жарияланды.

Халық індеттің алдын алу шараларын күшейтіп, әбігер болып жатқанда доллар бағамы күрт жоғарылады. 16 наурызда еліміздің ақша айырбастау пунктерінде 1 доллар орта есеппен 430 теңгеге сатыла бастады.

Қазақстан қор биржасындағы 16 наурыздағы алғашқы сауда 435 теңге көрсеткішінен басталды. 
Бұл өзгерістерді экономист Қасымхан Қаппаров девальвацияға теңеп отыр. Оның сөзінше, АҚШ валютасының 430-440 теңгеден сатыла бастауы Ұлттық банктің теңгені еркін айналымға жібергенін көрсетеді. 

"Ұлттық банк теңгені еркін айналымға жіберді. 2020 жылғы девальвация басталды. Реттеушіде теңге бағамын ұстап тұратын қолма қол қор жоқ. Бұл соңғы 5 жылда Ұлттық банктің қорды басқару саясатын дұрыс жүргізбегенінің нәтижесі. Қазір қордың 70%-ы алтыннан тұрады. Әлемдік нарықта оның бағасы төмендеп келеді", – дейді сарапшы. 

Осы орайда Ұлттық банк еркін бағамды белгілеу бойынша хабарлама таратты. Сондай-ақ, нарықтағы жағдайға мониторинг жүргізуін жалғастыратынын, қажет болса бағам ауытқуларын реттеу құқығын өзіне қалдыратынын атап өтті. 

"Қазіргі сәттен бастап жаңа іргелі жағдайларды ескере отырып, Ұлттық банк еркін бағам белгілеу және инфляциялық таргеттеу саясатына сәйкес тепе-тең бағамның қалыптасуына ықпал етуге ниеттеніп отыр. Ұлттық банк ішкі қаржы нарығындағы жағдайды бұдан әрі тұрақтандыруға қажетті құралдарға ие. Қажет болған жағдайда, сыртқы сектор тарапынан теріс салдарды тежеу үшін қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлескен және үйлестірілген шаралар қабылдануы ықтимал",  – деп жазылған хабарламада. 

Қасымхан Қаппаров доллар бағамы 450-500 теңгеге тұрақтағанда ғана жағдай Ұлттық банкке тиімді болады деп есептейді. Сондықтан сарапшы қандай бағаммен болса да, АҚШ валютасын сатып алуға кеңес берді.

"Алдағы уақытқа болжамым 1 доллар 450 теңгеден 500 теңгенің арасында болады. Тек осы дәліз Ұлттық банк қорының өз деңгейінде қалуына мүмкіндік береді. Егер мұнай бағасы барреліне 40 доллардан төмен көрсеткіште қалып қойса, девальвацияның екінші кезеңін, яғни 1 доллар - 600 теңгеден саудалануын күтуге болады. Сондықтан ешкімді тыңдамай қандай бағаммен болса да,  доллар сатып алыңыздар. Себебі бұрынғы баға орнына келмейді",  деді сарапшы. 

"DAMU Capital Management" ЖШС бас директоры Мұрат Қастаев теңгенің құнсыздануын нақты ақпараттың жоқтығы мен үрейдің салдарынын болған өзгеріс деп есептейді.  

"Коронавирус белең алуда, мұнай арзандауда, осыған қоса Ұлттық банк базалық мөлшерлемені сол қалпы қалдырып, нарық доллар бағасын өзі белгілесін деп еркін айналымға жібергенін хабарлады. Нәтижесінде биржадағы сауда туралы ақпарат жоқ, ақша айырбастау пунктері жабылуда, халық пен кәсіпкерлер үрейлене бастады. Билік осы қысымды көріп тұрып логикасыз әрекетке барды. Жалпы Ұлттық банк теңгені ақырындап еркін айналымға жіберудің орнына девальвация жасады. Енді нақты бағамды, ары қарай не істеу керегін ешкім білмейді. Нарық мемлекет басшысының үндеуін күтеді", – дейді сарапшы. 

Құралай Құдайберген

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу