Доллар саудасы рекордтық көрсеткішке жетті

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
21699

Маусым айында 1 млрд доллар сатылды.

Доллар саудасы рекордтық көрсеткішке жетті

Долларға құмартқандардың дені Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының тұрғындары болды.

Валюта айырбастау пунктеріндегі "көк қағаздың" нетто-саудасы маусым айында 384,2 млрд теңгені құрады. Бұл – 1 млрд доллар деген сөз.

Мамыр айымен салыстырсақ, доллар саудасы 2 есе, ал 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, 5 есе өсті.

"Шетел валютасын, оның ішінде АҚШ долларын сатып алуға сұраныстың артқаны рас. Мұның немен байланысты екенін дәл қазір тап басып айту қиын. Біреулер теңге құнсызданады деген әңгімеге сеніп жүр, ендібіреулер қазіргі жағдайды демалыс маусымымен байланыстырып отыр. Барлық валюта айырбастау пункттері кестеге сай қалыпты жағдайда жұмыс істеп тұр. Сондықтан дүрбелеңге салынбаған жөн", – деді Қазақстанның валюта айырбастау пункттері қауымдастығының президенті Аршын Ғалымбаев.

Оның сөзінше, еліміздің барлық аймағында өткен аймен және өткен жылмен салыстырғанда долларға сұраныс жоғары болған. Алматылықтар доллар сатып алуға – 12,5 млрд, нұр-сұлтандықтар – 47,8 млрд, шымкенттіктер – 43,4 млрд теңге жұмсаған.

Жыл басынан бері доллардың ресми бағамы ай сайын орта есеппен 0,2%-ға өсіп жатыр.

Экономист Марат Қайырленовтың пкірінше, теңгенің құнсыздануына әлемдік мұнай мен ресей рублінің бағамы тікелей әсер етіп тұр.

"Бізде жеке тұлғалардың доллардағы депозитінің 43%-ы екінші деңгейлі банктерде 1% мөлшерлемемен сақталып тұр. Ал АҚШ-та инфляция -2%. Яғни, Қазақстанда доллармен сақталған депозиттер зиян шегіп жатыр. Қазір қаражатты долларға емес, құнды қағазға салған дұрыс. Себебі акция тиімді актив саналады", –деді Марат Қайырленов.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу