Апта басынан бері құлдыраған теңге тағы құнсыздануын жалғастырды. Ақша айырбастау пункттерінде 1 доллар – 480 теңге рекордтық көрсеткішке жетті. Ал Қазақстан қор биржасында 19 наурызда өткен кешкі саудада 1 доллар – 448,50 теңгеге тұрақтады. Яғни наурыз айының басынан теңге 17%-ға құлдыраған.
Осы жайттарды ескерген Ұлттық банк Қазақстан қор биржасымен бірлесіп мәлімдеме жасады.
"Өткен тәулікте жаһандық қаржы нарығындағы валютаның құбылуы айтарлықтай артты. Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 25 долларға төмендеп, бір тәуліктің ішінде 14%-ға, жыл басынан бері 60%-дан астамға құлдырады. Әлемдік қор және валюта нарықтары құлдырауын жалғастыру үстінде. Ресей рублі бір күннің ішінде 7,3%-ға, ал жылдың басынан бері 30%-ға әлсіреді. Осы жағдайлар бас банк пен қор биржасының шұғыл шешім қабылдауына әсер етті. Ішкі валюта нарығына сыртқы факторлардың тұрақсыздандыру ықпалын шектеу үшін және Қазақстан Республикасының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу мақсатында Ұлттық банк "Қазақстан қор биржасы" АҚ-мен бірге 2020 жылдың 19 және 20 наурызында теңге-доллар валюта жұбын Франкфурт аукционы түрінде сату шешімін қабылдады", – деп хабарлады Ұлттық банк.
Қарапайым тілмен айтқанда енді биржадағы сауда-саттық франкфурт аукционы үлгісінде жүргізіледі. Бұл техникалық жағынан теңгенің айтарлықтай ауытқымауына, бағам динамикасын қалыпты ұстап тұруға мүмкіндік береді. Алайда аталған жаңалықтан кейін ақша айырбастау пункттері бірден АҚШ валютасын саудалауды доғарды.
Сарапшылар мұның себебін доллардың ресми бағамы мен халық сатып алатын бағамның әр түрлі болуында деп түсіндірді.
Экономист Қасымхан Қаппаров доллар бағамы өсуін жалғастыратынын айтады. Сарапшының пікірінше, реттеушінің ұлттық валютаны ұстап тұратын қоры жеткіліксіз. Сондықтан теңгенің тағы да құнсыздануына дайын болуымыз керек.
"Соңғы екі апта Ұлттық банктің шетел валютасымен сақталған қоры жеткіліксіз екенін көрсетті. Нәтижесінде ол теңгеге қолдау білдіре алмай отыр. Сондықтан менің 1 доллар – 500 теңге болады деген болжамым дәл келетіндей. Алдағы 30 күнде мұнай бағасы барреліне 40 доллардан төмен болса, 1 доллар – 600 теңгеге жетуі мүмкін", – дейді сарапшы.
"DAMU Capital Management" ЖШС бас директоры Мұрат Қастаев теңге мен мұнай бағасы көктемнің соңында тұрақтанатынын айтады. Сарапшының болжамы бойынша оған дейін ұлттық валюта долларға шаққанда 440-480 теңге дәлізінде құбылады.
"Ұлттық банк жағдайға араласпайтынын және теңге нарыққа бейімделетінін көсетіп отыр. Бұл қаншалықты рас оны коронавирустың таралуы тоқтап, теңге мен мұнай бағасы тұрақталған кезде бірақ білеміз. Яғни шамамен көктемнің соңына қарай. Болжам жасаудың мәні қалмады. Бағам күнде құбылады. Қазіргі кезде 1 доллар 440-480 арасында өзгереді", – дейді сарапшы.
Осы орайда Алматы кәсіпкерлер палатасының директоры Нариман Әбілшайықов доллармен бірге импорттық тауарлар бағасы көтерілетінін айтады. Себебі еліміз сырттан келетін тауарлар мен шикізатқа тәуелділі.
"2019 жылы Алматы қаласына 13,5 млрд долларға импорттық тауарлар әкелінген. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 4,7%-ға жоғары. Мәселен Алматыға жылына 1 216 тонна ұялы телефон сырттан келеді. Бұл ақшаға шаққанда 608 млн 670 мың доллар. Сонымен қатар 3,3 млн тонн немесе 72 млн 413 мың долларға табиғи газ импортталады. Бұдан бөлек 10 733 тонна дәрі-дәрмек шетелден келеді. Біздің көптеген тауар түрлерін еліміздің ішінде өндіруге дайын емес екеніміз анық", – дейді Нариман Әбілшайықов.
Құралай Құдайберген