Теңгедегі жазудан тағы қате табылды

9554

Ұлттық банк ұлттық валюта бейнесінде кезекті рет өрескел қате жібергенін мойындады.

Теңгедегі жазудан тағы қате табылды

Айта кету керек, қазірдің өзінде қолданыстағы 2006 жылғы 100 теңгелік шақалардың қырынан "СТО ТЕНГЕ" деген жазуды оқуға болады. 2007 жылдан бастап ол жазу "ЖҮЗ ТЕҢГЕ" деп өзгертілді.

Ал алдыңғы жылы мемлекет қазақ тілінің латын графикасындағы жаңа әліпбиіне қолдау көрсету мақсатында бұл жазуды да өзгертуге шешім қабылдады. Бірақ қаржылық реттеуші кабинеттеріндегі қаптаған орыстілді мамандар оның жаңа алфавитке дұрыс көшірілуіне мән бермегенге, ел басшылығының өзі айрықша көңіл бөліп отырған осы шараны мемлекеттік маңызды іс деп таппағанға ұқсайды. 

Нәтижесінде, басылуына бюджеттен қыруар қаражат шығындалып, қолданысқа енгізіліп кеткен 100 теңгелік номиналдағы монета жазуының дұрыс емес екенін жұртшылық анықтап отыр.

Жаңылыс жазу 2019 жылғы шығарылымнан табылды.  

Атап айтқанда, қазақ тіліндегі júz (жүз) сөзде жаңа латын әліпбиіндегі "ú" (ү) орнына "y" ("ы") жазылып кеткен.

Соның кесірінен, Қазақстанның 100 теңгесі "ЖЫЗ ТЕҢГЕ" деген атау алып отыр. Осылайша, қазақ сөзі бұрмаланған.

Бұл әрине, қазақ тілін қорлау сыртында еліміздің халықаралық беделіне сын.

Ерболат Досаевтың командасы өз қатесінің әшкере болғанын білетінін жеткізді.

"Ұлттық банк бедерлі бүйір жағындағы – қырындағы (гурты) жазуда сәйкессіздігі бар 2019 жылғы үлгідегі 100 теңгелік номиналды циркуляциялық монета таралымының бір бөлігінің айналымға шығарылғаны туралы хабардар. Осыған ұқсас шағымдар ел азаматтарынан түсіп жатыр. Осыған орай Ұлттық банк Қазақстанның ұлттық валютасына назар аударған барлық адамдарға ризашылығын білдіреді", – деп мәлімдеді қаржылық реттеуші.  

Ол мұны өз мамандарының емес, "құлтемірдің" жаза басуы деп сендіруде. Монетадағы латын графикасындағы бір әріптің басқаға ауысып кетуі компьютерлік жабдықтағы ақау кесірінен орын алыпты.

Қаржылық реттеуші "жыз теңге" дегенді ұят санамайды, өйткені ол "ақпараттандыратын жазу" емес екен.   

"Гурттық жазу монетаның бедерлі бүйірлік жағында орналасқан. Ол теңгені қолдан жасаудан қорғайтын элемент болып табылады және ұлттық валютаның ақпараттық бөлігіне жатпайды. Монетаның номиналдық құны және оның қай мемлекетке тиесілі екені туралы негізгі ақпарат монетаның бет жағында және сырт жағында жазылған", – деп ақталады Ұлттық банк.

Ведомство болашақта мұндай ағаттық қайталанбас үшін шара қабылдағанын хабарлады.    

"Нақтылай айтсақ, компьютерлік жабдықты графикалық файлдарды дұрыс бейнелеуге және сәйкестікке тексеру рәсімі нақты регламенттелді", – дейді қаржылық реттеуші. 

Мемлекет "кінәратты" шақаны қазір кері қайтарып алмайды. Ол ары қарай да дүкендерде, сауда орындарында және басқа да жерлерде есепайырысуға, сондай-ақ әртүрлі төлемдерді төлеуге жарамды деп танылады.

Ұлттық банк тек 100 теңгеліктердің келесі шығарылымы қатесіз болатынын нақтылады.

Бұл ұлттық валютаға қатысты алғашқы даулы жағдай емес. Бұған дейін теңгедегі жазулардың мемлекеттік тілді аяққа басып, орыс тілінде жазылуына қатысты халық наразылығы туған. Әлеуметтік желілерде сонымен қатар, 2017 жылы 500 теңгелік банкноттағы шағалалардың швейцариялық суретшінің туындысынан көшіріліп алуына қатысты көп сын айтылды. Ал Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл сол банкнотта елордадағы "Москва" бизнес орталығының жарнамалануына наразылық білдірді. Бұл дүбірді іліп әкеткен әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдары ұлттық банкнотта отандық өндірушілерді қолдап, соларды жарнамалауды ұсынды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу