Досаев Марченко бекітіп кеткен тізімді қайта қарады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2802

Қаржылық реттеуші банктерге кейбір активтерді нарықтан сатып алуына тыйым салады

Досаев Марченко бекітіп кеткен тізімді қайта қарады Фото: Серікжан Қобыланбаев

Осы орайда Ұлттық банктің басқармасының "Банктер, банктің немесе банктік холдингтің еншілес ұйымдары сатып алатын заңды тұлғалардың акцияларына (жарғылық капиталға қатысу үлестеріне) қойылатын талаптарды, сондай-ақ банктің заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлестерінің не акцияларының жиынтық құнын белгілеу туралы" деп аталатын қаулысында коммерциялық банктердің және олардың қаптаған құрылымдарының енді қандай компанияларды меншіктеуіне жол берілетіні нақты көрсетіліп отыр.

Сонымен, бұдан былай екінші деңгейдегі банктер, олардың еншілес ұйымдары, сонымен бірге банктік холдингтер мен олардың еншілес ұйымдары өзге заңды тұлғаларды, яғни фирмалар мен компанияларды, кәсіпорындарды тек олар келесі талаптарға жауап берсе ғана сатып ала алады: біріншіден, егер заңды тұлға Қазақстан резиденті болмаса, өзге ел аумағында орналасса, онда оның акциялары міндетті түрде осы қаулының қосымшасында көрсетілген халықаралық қор биржаларында еркін айналыста болуы шарт.

Өйткені құнды қағаздары биржада ашық сатылмайтын компаниялардың, зауыт-фабрикалардың сырт көзден жасыратын сырлары болады, көбі көлеңкелі экономикамен байланыста. Ал биржаға шықса, олардан барлық есептері мен құжаттарын, айналымы және басқа да ақпаратын жариялау талап етіледі.

Айта кету керек, аталған құжатқа қоса берілген "Халықаралық қор биржаларының тізіміне"  Америка (American Stock Exchange), Нью-Йорк (New York Stock Exchange), Ыстамбул (Istanbul Stock Exchange), Бомбей (The Bombay Stock Exchange Limited), Бразилия (Bovespa), Гонконг (Hong Kong Exchanges and Clearing), Париж (Euronext Paris); Италия (Borsa Italiana SPA), Лондон (London Stock Exchange), Малайзия (Bursa Malaysia), Мексика (Bolsa Mexicana de Valores), Германия (Deutsche bourse AG), Стокгольм (Stockholm Exchange), Токио (Tokyo Stock Exchange), Ресей (ОАО "ММВБ-РТС") секілді барлығы 46 биржа кіріп отыр. Осыларға еліміздің қаржылық реттеушісі сенім артады.  

Салыстыру үшін айтсақ, әлемде жалпы саны 190-нан астам қор нарығы жұмыс жасайды.

Бұдан бөлек, отандық банктер мен олардың құрылымдарына "акциялары қор биржасының тізіміне енгізілген", "акциялары қор биржасы индексінің өкілдік тізімінде тұрған" қазақстандық заңды тұлғалар мен резиденттерді иеленуге рұқсат етілмек.

Сонымен қатар, акциялары "Астана" халықаралық қаржы орталығының қор биржасының ресми тізіміне енгізілген немесе соның аумағында жұмыс істейтін қор биржасындағы сауда-саттыққа жіберілген отандық заңды тұлғаларды қанжығалауларына жол ашық.

Яғни коммерциялық банктер не сатып алса да, оның акциялары міндетті түрде биржада айналымда болуға тиіс.

Ал қожайындары биржа атаулыға анадайдан шошына қарайтын кәсіпорындар банк құрамына енуден үміттенбесе де болатындай.

"Бұдан басқа банктің немесе банк холдингінің еншілес ұйымдары: депозитарлық қызметті немесе бағалы қағаздар нарығында сауда-саттықты ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалардың акцияларын; қор биржасына немесе АХҚО аумағында жұмыс істейтін қор биржасына сауда-саттыққа жіберілген ресми тізімінің "Негізгі" алаңының "акциялар" секторының "Стандарт" санатына және "Баламалы" алаңының "акциялар" секторына енгізілген, банктің және банк холдингінің еншілес ұйымы маркет-мейкер функцияларын жүзеге асыратын Қазақстанның резиденті-заңды тұлғалардың акцияларын сатып ала алады", – делінген құжатта.

Мұның сыртында ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев осы қаулы арқылы 2012 жылғы 24 ақпанда Григорий Марченко қабылдап кеткен қаулысының күшін жойып отыр:

"Ұлттық банк басқармасының "Банктер, банктің немесе банк холдингінің еншілес ұйымдары сатып алатын заңды тұлғалардың акцияларына (жарғылық капиталға қатысу үлестеріне) қойылатын талаптарды, сондай-ақ банктің заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлестерінің не акцияларының жиынтық құнын белгілеу туралы" 2012 жылғы 24 ақпандағы №84 қаулысының күші жойылды деп танылсын", – деп жазылған құжатта.

Ол кезде Қазақстанда "Астана" халықаралық биржасы болмаған еді.

Оның үстіне Г.Марченко бекіткен қаулыға қоса берілген "Халықаралық қор биржаларының тізімі" әлдеқайда қысқа болатын және небәрі 29 биржадан тұратын.

Яғни Е.Досаевтың "өзектілендірген" тізіміне жаңадан 17 биржа, атап айтқанда, АХҚО, Варшава (Warsaw Stock Exchange), Ирландия (Irish Stock Exchange), Үндістан (National Stock Exchange of India Limited), Испания (ВМЕ Spanish Exchanges), Филиппин (Philippine Stock Exchange), Афина (Athens Exchange), Джакарта (Jakarta Stock Exchange), оңтүстікафрикалық Йоханнесбург (JSE Securities Exchange South Africa), Копенгаген (Copenhagen Stock Exchange), Люксембург (Bourse de Luxembourg), Мальта (Malta Stock Exchange), Жаңа Зеландия (New Zealand Exchange), Осака (Osaka Securities Exchange), Осло (Oslo bourse), АҚШ ұлттық қор биржасы (NASDAQ), Шэньчжень (Shenchzhen Stock Exchange) қытайлық қор биржасы енді.

Демек бір қарағанда, қаржылық реттеушінің талабымен банктердің сатып алатын активтері шектелгенімен, басқа жағынан алғанда, биржалар тізімінің күрт арттырылуы арқасында шынында, банктердің өрісі анағұрлым кеңейтіліп отыр.  

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу