Ебін тапсаң, жолдан ақша да табасың

Алина Альбекова Алина Альбекова
21620

Жол бойында орналасқан 2,5 мың нысанның 80%-ы ұлттық стандарт талаптарына сай келмейді.

Ебін тапсаң, жолдан ақша да табасың

"Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық көлік дәлізінің Қазақстан бөлігіндегі құрылысы аяқталуға жақын, сондықтан болар – жол бойындағы қызмет көрсету саласына да көңіл бөліне бастады.

Негізінен, елді мекендерге жақын жердегі жол бойында орналасқан 2,5 мың нысанның 80%-ы ұлттық стандарт талаптарына сай келмейді. Таяудағы үкімет отырысында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек осылай деп мәлімдеді.

Бұл жерде әңгіме "Қазақстан жолдары ғылыми зерттеу институты" компаниясы әзірлеп 2014 жылы бекітілген, бірақ кейіннен ұмытылып кеткен стандарттар жайында болса керек. Қазақстанда жол бойындағы бизнестің аяқ астынан әрі бей-берекет дамығанын ескерсек, елде кәсіпкерлер тұрмақ, жол бойындағы бизнеске рұқсат бергендер де стандартты ескермеген.

Бірақ, құжатта былай деп анық жазылған: "Автокөлік жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператор егер жол бойында қызмет көрсету нысаны Қазақстан заңдарының және қолданыстағы нормативтік-техникалық құжаттардың талаптарына сай болмаса, онда оны орналастыруға келісім бермеуге құқылы. Бұл ретте Автокөлік жолдарын басқару жөніндегі ұлттық оператор 15 жұмыс күні ішінде қызмет көрсету субъектісіне жіберілген заң бұзушылық туралы жазбаша түрде хабарлауға және оларды жою жөнінде ұсыныс беруге міндетті".

Отандық туризмнің дамуына қатысты ма, аталған саланың экономикалық келешегіне байланысты ма, жоқ, әлде шетелдік турист алдында қызмет көрсету сапасының төмендігінен ұялғаны ма, әйтеуір мемлекет осы салаға мойын бұра бастады. Осылайша инвестициялар және даму министрі әкімдіктермен бірлесіп, Қазақстандағы жол бойында жұмыс істеп тұрған барлық қызмет көрсету нысанын 2016 жылдың аяғына дейін тексеріп, түгендемекші.

"Жарамсыз" ғимараттар не болады, ол жағы әлі белгісіз. Қайткенмен де Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Жеңіс Қасымбекке және әкімдіктерге ештеңені қиратпай, тартып алмай, көшірмей, мәселені дау-дамайсыз шешуді тапсырды. Бақытжан Сағынтаев бұл жекеменшік нысандар көптеген отбасының негізгі табыс көзі екенін ескертті. Өз кезегінде министр жол бойындағы нысандарды тиісті қалыпқа келтіру үшін жеңілдетілген несие беру мүмкіндігі туралы үкіметке ұсыныс енгізуге және әкімдіктермен бірлесіп, аталған нысандарға инженерлік коммуникация желісін тарту мәселесін шешуге уәде берді.

 

Ұлттық стандарттың талабы қандай?

Бұл құжатқа сәйкес, жол бойындағы қызмет көрсету нысандары 4 санатқа бөлінеді: "А", "В", "С" және "D". Әрбір 40-50 шақырым сайын автожол бойында жанармай құю стансасы (ЖҚС), жайлы сауда орындары мен әжетханалары бар "D" санатындағы нысандар орналастыру қажет.

Әрбір 20-60 шақырым сайын автотұрақтар, тамақтану және сауда орындарын, сондай-ақ әжетханалары бар "C" санатты нысандарды орналастыру керек.

Әрбір 80-120 шақырым сайын жол бойында ЖҚС, қонақ үй, әжетхана, жуыну кабиналары, сауда және тамақтану орындары, ТҚС, көлік жуу, автотұрақ, медициналық бекеттер, сонымен қатар табиғат аясында демалуға арналған орындар орналасуы қажет. Жол бойындағы мұндай қызмет түрлері "В" санатына жатады.

"А" санаты осының барлығын қамтиды, тек сауда және ойын-сауық алаңдарын да қажет етеді және бір-бірінен 150-240 шақырымда орналасады. Солай бола тұра, "А" санатындағы қонақ үйлердің кем дегенде 25 бөлмесі, ал "В" санатындағы қонақ үйлердің кем дегенде 10 бөлмесі болуға тиіс.

"А" және "В" санатындағы қоғамдық тамақтандыру орындары кем дегенде 40 орынға, "С" санатындағылар кем дегенде 15 орынға лайықты жасалуы тиіс.

"А" санатындағы нысандар жол қызметін пайдаланушыларға көрсетілетін қызметтің түр-түрін қамтитын көпсалалы кешен болып табылады. Жол қызметінің кең ауқымын көрсететін "В" санатындағы нысандар ұзақ уақыттық демалысқа ыңғайлы етіп жасалған. "С" және "D" санатындағы нысандар жол қызметін пайдаланушылардың қысқа мерзімді үзілісі мен өз қажеттерін қанағаттандыруға арналған", – делінген ұлттық стандарт мәтінінде.

Солай бола тұра "А", "В" және "С" санатындағы жол қызметі нысандарының қожайыны болған бастамашыл кәсіпкерлерге кәдесый сататын базарларын, демалыс алаңдарын, тіркемесі бар жеңіл автокөліктерге арналған тұрақ немесе жылыту пункттерін, балаларға арналған ойын алаңдарын, валюта айырбастау орындары мен банкомат, медициналық бекеттер немесе жол бойындағы дәрігерлік-құтқару бекеттерін ашуға тыйым салынбайды.

"А" санатындағы жол қызметін көрсетуге ұсынылатын алаң көлемі 7 га-дан астам, "В" санатына – 5-7 га-ға дейін, "С" санатына – 3 га-ға дейін, ал "D" санатына – 2 га-ға дейін бекітілген. Талап етілетін көптеген тиісті жағдайдың қатарына жататындар: аумақты және нысанға жету жолдарын жарықтандыру, нысан атауының қараңғы кезде де көрініп тұруы және ақпараттық жазуы бар қызмет көрсету белгілерін қолдану, нысан аумағында жүру, тоқтау және шығу сызбаларын орнату, әжетхананың тазалығын қамтамасыз ету, ал су тапшы аумақтарда биоәжетханалар орнату.

Құжатта санитарлық-гигиеналық жағдайлар да көрсетілген: "Жол бойында орналасқан барлық нысанда еденді күніне кем дегенде 2 рет немесе ластануына қарай дымқылдап жуу ұсынылады. Жол қызметін көрсету орындарының күтімі қоғамдық орындарға қойылатын санитарлық-гигиеналық талаптарға сәйкес болуға тиіс".

Бұдан бөлек, стандартқа сәйкес жол бойындағы нысандарда мүмкіндігі шектеулі (мүгедек) адамның басқаруындағы автокөлікке арналған арнайы белгі қойылған тұрақтың, сондай-ақ оның ғимаратқа кіруіне және ғимарат ішінде кедергісіз қозғалуына қажетті жабдықтың болуы тиіс.

 

Жол бойындағы қызмет үшін кім жауапты?

"ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жол-көлік инфрақұрылымын, көліктік логистиканы және әуе тасымалын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР-сының 2015 жылғы 27 қазандағы № 363-V заңына сәйкес http://adilet.zan.kz/kaz/docs/P1500000689, республикалық маңызы бар автожолдар бойындағы жол қызметін көрсетуді дамыту жөніндегі өкілеттілік "ҚазАвтоЖол" компаниясына жүктелген.

Сонымен қатар, заңда көрсетілгендей, ұлттық оператор бұдан былай жалпы пайдаланылатын халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдарды салу, қалпына келтіру, жөндеу және күтіп ұстау мақсатындағы ғана емес, сондай-ақ олар бойынша ақылы жол ұйымдастыруға, сонымен бірге жол қызметін көрсету нысандарын дамытуға ҚР заңдарында шектеу қойылмаған кез келген қаржыландыру көздерін тартуға, пайдалануға құқылы.

Компанияның дерегі бойынша, бүгінгі таңда қызмет көрсету нысандарының оңтайлы орналасуының сызбалары, сондай-ақ жол қызметін дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы әзірленіп, жергілікті атқару органдарымен келісуден өткен. Сонымен қатар желілік ЖҚС-тармен, тамақтану орындарымен, жергілікті және шетелдік инвесторлармен және басқа да жол бойындағы қызмет көрсететін операторлармен келіссөз жүргізу үстінде.

"Қызмет көрсету нысандарын салу және дамыту үшін құрамына облыстық әкімшіліктер, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры және "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ сияқты барлық мүдделі тарапты біріктірген желілік келісім-шарт әзірленді.

Ағымдағы жылы Қоғам "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" халықаралық дәлізі өтетін бес облыс бойынша мүдделі кәсіпкерлермен желілік келісімшартқа қол қоюды жоспарлап отыр. Бұл халықаралық дәліздің транзиттік әлеуетін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өңірлердегі іскерлік белсенділікті көтеруге, қызмет көрсету нысандарын дамыту бағытында кәсіпкерлікке жан-жақты көмек көрсетуге мүмкіндік бермек. Сондай-ақ жалпы автожол саласының дамуына мультипликативтік әсер етеді", – делінген "ҚазАвтоЖол" сайтында.

 

"Жол бизнесі" қанша тұрады?

"Даму" қоры 2010 жылдың өзінде жол бойында қызмет көрсету құрылысының бизнес-жоспарын жасаған болатын, онда 4 бір орындық, 6 екі орындық бөлмелерден және жуыну кабинасы мен әжетханасы бар 3 екі орындық люкс-бөлмелерден тұратын қонақ үй, сондай-ақ дәмхана, дүкен, автотұрақ және дөңгелек жөндеу шеберханасы болуы көзделген.

Стандартты бөлмелерде санитарлық торап бизнес-жоспарда көзделмеген соң, қонақ үй қонақтары ғана емес, жолаушылар да пайдалана алатын ақылы жуыну кабиналары мен кір жуатын орын болуы тиіс. Сондай-ақ, жоба бойынша күзетілетін автотұрақ болуы шарт, ол 12 жүк көлігі мен 15 жеңіл көлік қоюға арналып, қоршаумен және бейнебақылаумен жабдықталуы тиіс. Жол бойында қызмет көрсету бекеттеріне бөлінген жер телімі 2 мың шаршы метр көлемінде бекітілген.

Ол кезде мұндай жол бойында қызмет көрсету бекеттерін құру, жабдықтау мен бейімдеуге кететін жалпы шығын көлемі 33 млн теңгеден асатын. Оның ішінде қонақ үй мен дәмхана, дөңгелек жөндеу орны мен автотұрақ құрылысы, оларды жабдықтау, коммуникациялық инфрақұрылым, тіпті болжанбаған шығын да бар болатын.

Бұл жерде 2010 жылдан бері елде теңгенің 2 рет құнсыздануы болғанын, яғни жол бойындағы бизнесті ашу үшін жұмсалатын шығынның да екі есе, тіпті үш есе өскенін ескеру қажет.

Алина Әлбекова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу