Екінші тоқсанда оқушылар мектепке орала ма?

9785

Көптің көкейіндегі көп сұрақтың бірі – осы. Себебі, күн санап коронавирустық инфекциямен ауырған науқастар көбейіп жатыр.  

Екінші тоқсанда оқушылар мектепке орала ма?

Ресми дерекке сүйенсек, балалар арасында да қауіпті індетті жұқтырғандар бар. Орташа есеппен алғанда екі айда тіркелген науқастар саны 500-ге жуықтайды. Жамбыл облысында да инфекцияға шалдыққан балғындар бар. Аймақтағы салалық басқарманың басшысы да, әлеуметтік желіде тікелей эфирде байланысқа шыққан облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері Азат Сәтжанов те емдеу мекемесінде ПТР тесті арқылы COVID-19 вирусы анықталған 15 науқастың және коронавирустық инфекция белгілері бар пневмониямен ауырғандардың ем алып жатқанын айтты. Бір ескеретіні – дертті болғандардың барлығы мектепте кезекші сыныптарда оқып жүргендер емес. Қашықтан білім алып жатқандар да бар.

Үкімет басшысы оқушылар екінші тоқсанда мектепке барып оқитынын хабарлағалы бері ата-аналар расында алаңдап қалды. Көкейде "осылай болса екен" деген тілек көлденең тұрғанымен, көпшілігі оқудың дәл бұрынғыдай жалғаспайтынын іші сезеді. Оның үстіне білім алушылар саны 300-ге дейінгі мектептерде 1-5 сынып аралығында дәстүрлі форматта, ал халықаралық білім ұйымдарында 7 класқа дейін кезекші сыныптарда ғана оқуға рұқсат беріліп отыр.

Бұл туралы Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ел аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның селекторлық отырысында айтылған. Рұқсат берілген мектептерде санитарлық-дезинфекциялық және маска тағу режимі, шахмат алаңындағыдай әлеуметтік қашықтық сақталуы қажет.

Бірінші тоқсанда Қазақстанда 3,4 миллион оқушының 2,4 миллионы қашықтан, 953 мыңы дәстүрлі форматта оқыды. Оның 647 мыңы  кезекші сыныптарға (1-4 сынып) барған балалар. Шағын жинақты 3047 мектепке 306 мың жас жеткіншек білім алды. Республика бойынша 3,4 миллион оқушының 2,2 миллионы екінші тоқсанда да қашықтан оқуды жалғастыратын болды. Ал 1,2 миллионы дәстүрлі форматта, оның ішінде 800 мыңнан астамы кезекші сыныптарда (1-5 сынып) оқиды. Шағын жинақты 4010 мектепте 434 мың, ал 13 халықаралық мектепте 3 мыңға жуық бала (1-7 сынып) кезекші сыныпта білім алмақ.

Жалпы, бұл – болжалды сан ғана. Бәрі эпидемиологиялық жағдайға байланысты өзгеретіні анық. Мәселен, Жамбыл облыстық білім басқармасының мамандары білім алатын оқушылардың саны 300-ге жетпесе де, кейбір аудандардағы мектептердің жай-күйі дәстүрлі форматта оқытудың талаптарына сай келмейтінін айтады.

"Мәселен, Жуалы ауданында оқушы саны аз білім ошағы бар. Бірақ оқу бөлмелері тар. Бір сыныпқа 15 оқушыны ғана отырғызса да, әлеуметтік арақашықтық сақталмайды. Мұндай жағдай басқа аудандарда да кездеседі. Сондықтан қазір әр аудан өз ұсыныстарын әзірлеп, дәстүрлі оқуға көшуге мүмкіндігі бар мектептерді нақтылап жатыр", - дейді басқарманың бөлім басшысы Айдын Досыбаева.

Дәстүрлі форматта оқытуға көшу үшін мектептің жай-күйі соған сай келуі аса маңызды. Әсіресе, дәліздердің, оқу бөлмелерінің тарлығы назардан тыс қалмауы тиіс. Сондай-ақ сабақ кестесі екі ауысымға бөлінсе, оның бір ауысымында келетін балалардың саны асып кетпеуін де қадағалау керек. Мысалы, шалғайдағы Мойынқұм ауданында оқушылар саны 300 және одан сәл ғана асатын 5 білім ошағы бар. Екі ауысымда оқитындардың бір ауысымында ең көбі 180 оқушы білім алады. Ол – Биназар ауылындағы О.Жандосов атындағы мектеп. Көрші Шу ауданында да осыған ұқсас жағдай. Білім алушылар саны 300-дің ар жақ, бер жағындағы 25 мектеп бар. Қазір солардың қайсысын дәстүрлі форматта оқытуға көшіруге болатыны нақтылануда.

Осындай жағдайларды ескере келе білім басқармасы эпидемиологиялық жағдайға байланысты екінші тоқсанда дәстүрлі оқу форматына көшетін, оқушылар саны 300-ден аспайтын мектептердің санын қайта зерделеп жатыр. Сонымен қатар, екінші тоқсанда 5- сыныптың "кезекші сынып" жұмысын ұйымдастыру мақсатында, ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуді де бастап кетіпті.

Айта кетейік, бірінші тоқсанда елді мекендерде орналасқан 213 білім ошағы штаттық режимде білім берді. Ал қашықтан оқитын мектептердегі бастауыш сыныптарда 4425 "кезекші сынып" ашылған болатын.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу