Экологиялық төлемдердің 5 пайызы ғана қоршаған ортаны қорғауға жұмсалады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4730

Экологтар бұл көрсеткіштің 70 пайызға дейін ұлғайғанын қалайды.

Экологиялық төлемдердің 5 пайызы ғана қоршаған ортаны қорғауға жұмсалады

Елімізде жаңа экологиялық кодекс әзірленіп жатқанын жақсы білеміз. Бүгінде аталған құжат экологтар арасында қызу талқылануда. Бұл ретте, жаңа экологиялық кодекске енуі мүмкін бастамалардың бірі – экологиялық төлемдердің 70 пайызын табиғатты қорғау шараларына жұмсау.

ҚР энергетика министрлігі экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зұлфыһар Жолдасовтың сөзінше, құжатқа сәйкес, жергілікті атқарушы органдар экологиялық төлемдердің 70 пайызын табиғатты қорғау шараларына жұмсауға міндеттелмек.  

"Қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемдер мен бюджет қаражатын мақсатты пайдалану өте маңызды. Жаңа экологиялық кодекске сәйкес, бірінші санаттағы кәсіпорындарға ластаушы заттар эмиссиясы үшін мөлшерлемелер мен төлемдерді айтарлықтай арттыру көзделіп отыр. Ал жаңа технологияларды енгізген кәсіпорындар үшін нөлдік мөлшерлеме қолдану жоспарлануда", – деді Зұлфыһар Жолдасов жаңа экологиялық кодексті талқылауға арналған жиында.

Белгілі болғандай, бүгінде экологиялық төлемдердің тек 5 пайызы ғана табиғатты қорғау шараларына жұмсалады екен.

"Бүгінде жергілікті атқарушы органдардың экологиялық төлемдерді табиғатты қорғау шараларына жұмсамауы немесе бұл мақсатқа болар-болмас пайызын ғана жаратуға қатысты сын көп. Біз бұл мәселені заңда қарастырмақпыз. Яғни, бұл шараларға кететін шығындар экологиялық төлемдердің кемінде 70 пайызын құрауға тиіс", – деп нақтылады Зұлфыһар Жолдасов.

Бұл ұсынысты белгілі экономист, "Талап" қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рақым Ошақбаев та қолдап отыр.

"Энергетика министрлігінің табиғатты қорғау шараларына жұмсалатын қаржы 70 пайызға дейін жеткізу туралы ұсынысын қолдаймыз. Осы орайда,  соманы ұлғайтып қана қоймай тиімділігін де арттыру керек. Жалпы, экологиялық төлемдер мен қоршаған ортаны қорғауға жұмсалатын шығындар арасында айырмашылық көп. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында экологиялық төлемдерге 2 млрд теңгеден астам қаражат түскенімен, соның небәрі 1,5 млн теңгесі ғана табиғатты қорғау шараларына жұмсалады. Қоршаған ортаны ластаушы кәсіпорындары көп. Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында да төлем мен шығын арасындағы алшақтыққа жол беруге болмайды. Павлодар облысында да 11 млрд теңге төлем түскенімен, соның 936 млн теңгесі ғана табиғатты қорғау шараларына жұмсалған", – деді Рақым Ошақбаев.

Экологиялық төлемдерді тиімді пайдалану құжатқа енгізілетін өзгерістердің бірі ғана. Бұдан бөлек, тағы бірнеше ұсыныс енгізілмек. Атап айтқанда, кәсіпорындардағы өндірістік экологиялық мониторинг автоматтандырылмақ.

"Тағы бір прогрессивті тетік автоматтандырылған мониторинг жүйесі болмақ. Біз бірінші санаттағы нысандар үшін өндірістік экологиялық мониторингті міндетті түрде автоматтандыратын боламыз. Мұндай жаңашылдық барлық ірі кәсіпорындарда енгізіледі. Бұл орайда кәсіпорындарға өтпелі кезең беріледі. Содан кейін бұл ақпараттарды өздерінде шоғырландыруды және одан ары қалай әрекет ету жөніндегі қорытынды шығаруды талап етеміз. Қазірдің өзінде бірқатар кәсіпорын, оның ішінде "Арселор Миттал" ілкі жоба ретінде белгілі бір табиғи көздерді автоматтандыруға көшіріп жатыр", – деді Зұлфыһар Жолдасов.

Сондай-ақ бұдан былай коммуналдық қалдықтарды шығарумен айналысатын компаниялар қызметі бақылауға алынуы мүмкін. Өйткені мұндай кәсіпорындардың қызметі лицензияланбайды. Сондықтан қалдықтарды жою, тасымалдау және қайта өңдеуге жұмылдырылған кәсіпорындарды реттеудің белгілі бір тетіктері ұсынылмақ.

"Қазіргі уақытта үлкен компаниялардың өз қалдықтарын белгісіз компанияларға беретіндігі, бұл ретте оларға ешқандай жауапкершілік жүктелмейтіндігіне қатысты көптеген фактілер бар. Содан кейін ол компанияларды қалдықты қайта өңдеуге не рұқсаты, не мүмкіншілігі жоқ екенін анықтап жатамыз. Бұл тізбекті қадағалап отыру – өте күрделі процесс. Мұндай жайт қазіргі уақытта коммуналдық қалдықтарға да байланысты болып отыр. Қалдықтарды орталық полигоннан бөлек белгісіз бағытқа таситын жүздеген кәсіпорындар бар. Біз бұл бағытта бақылауды, жауапкершілікті күшейту қажет деп санаймыз", – дейді экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары.

Бас прокурордың аға көмекшісі Ербол Кувашевтың дерегінше, 2009 жылдан бері экологиялық қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 5,5 есе ұлғайған. Ал экологияға қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар саны 60 мыңнан 83 мыңға дейін артқан. Бұл ретте, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша келтірілген зиян көлемі 351 есе өскен.  

"Жыл басынан бері прокурорлар қоршаған ортаға 9,4 млрд теңге сомасындағы қалдықтардың заңсыз шығарылғанын анықтады. Оның басым бөлігі Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары мен еліміздің батысындағы өңірлерге тиесілі", – дейді Ербол Кувашев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу