Экономиканың нақты секторына несие беру қажет

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
4352

Банктерге жауапкершілік жүктеліп жатыр.

Экономиканың нақты секторына несие беру қажет

2018 жылы министрлер кабинеті банктер экономиканың нақты секторын несиелеу көлемін арттырады деген сенімде. Мұндай ниеті барын банктердің өзі де хабарлаған болатын. Қарашада өткен қаржыгерлер конгресінде Халық банктің басшысы Үміт Шаяхметова "нарықтық деңгейден төмен мөлшерлеме бойынша несие берудің мемлекеттік тәжірибесі" қаржы секторындағы бәсекелестік қатынастардың дамуына кедергі келтіреді және "банктердің жетіліп, дамуға деген ынтасын төмендетеді" деп кеңес берген еді.

Ел үкіметі банктерге "бөгет" жасамай, шетке ығыса тұруға келісіп отыр. Алайда банк секторы қандайда бір ұсыныс жасауға дайын ба деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов abctv.kz-ке экономиканың нақты секторына мемлекеттік көмекті азайтудың мүмкіндіктері туралы пікір білдіре отырып, үкіметтің әу бастағы міндеті "бәсекелестік қатынастардың дамуына кедергі келтірмеу, керісінше экономиканы қолдау" екенін еске салды.   

"Бұл жерде анықтап алатын дүние бар. Үкімет кедергі келтіре ме, әлде көмектесе ме? Әрине, банктер қиын жылдарды бастан кешкені мәлім. Сондықтан олар несиелеуді төмендетуге мәжбүр болды. Бірақ үкімет ауыл шаруашылығы саласы, жаңа секторларды айтпағанның өзінде, нақты секторлар несиеленбейді деп қарап отырмады ғой. Сондықтан үкімет бұл іске араласты, көмектесті. Ұлттық қор мен бюджет мүмкіндіктерге жол ашты", – деді ол.   

Министрдің айтуынша, мемлекеттің экономикаға араласу деңгейі біртіндеп төмендеп келеді. Атап айтқанда, үкімет ұлттық қордан мақсатты трансферттер тартуды шектеді, ал кепілдендірілген трансферт көлемі кезең-кезеңімен төмендемек. Бизнесті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардың қаржыландыру көлемі де біртіндеп азайып келеді.

"2018-2020 жылдарға арналған бюджетке қарайтын болсақ, бізде несиелерді арзандату арқылы қаржы жүйесіне мемлекеттің елеулі қаржысын жұмсау қарастырылмаған. Сондықтан банктерден мемлекетті алмастыруын сұраймыз. Қазір банк жүйесіндегі жағдай жақсарып келеді. Ірі банктердің мәселелері де банк секторын сауықтыру бағдарламасы аясында шешімін тапты. Осының бәрін ескере келе, бюджеттен болмаса ұлттық қордан қаржы құюдың қажеттілігі жоқ", – деді Тимур Сүлейменов.

Банк секторының құрылымындағы жағдай бірқалыпты емес. Әр банктің жағдайы әртүрлі. Сондықтан барлық банктен белсенділік күтудің қажеті жоқ. Оның үстіне қаржы нарығындағы ағымдық мөлшерлеме де банктердің экономиканы несиелеуді ұлғайтуына мүмкіндік бермейді.   

Ұлттық банктің деректеріне сәйкес, 13,9 трлн теңге сомасындағы қарыз қоржыны (негізгі қарыз) банктік активтер құрылымының 51,9%-ын алып отыр. Ол жыл басынан бері 10,4%-ға азайды. 33,4%-ына, 4,3 трлн теңгеге дейін заңды тұлғаларға қарыз берілді. Шағын және орта кәсіпкерлікке берілген қарыз (5,1 трлн теңге) 2,7%-ға әлсіз өсім көрсетті. Халыққа несие беру үдерісі белсенді жүрді. Бұл көрсеткіш 10,6%-ға, 4,1 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Жыл басынан бері тұтынушылық несиелер (2,8 трлн теңге) 13,7%-ға өсті.

"Экономист ретіндегі менің пікірім: банктердің несиелік функциясын дамыту қажет. Олардың кіріс құрылымы несие институтының стандартты кіріс құрылымынан валюта нарығындағы операциялар, төлем операциялары бағытына қарай бұрмаланған. Бұл қосалқы бизнес болып табылады. Атап айтқанда, экономикаға облигацилар шығаратын банкаралық нарықтан орын алды. Сондықтан мұнымен айналысу керек", – деді Тимур Сүлейменов.             
Министрдің айтуынша, төлемдер комиссиясын азайту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Үкімет мұндай комиссиялар мүлдем ұсталмайтын электронды сауданы дамыту жұмыстарын қолға алуда.  

"Комиссия 2%-ға жетеді. Ал біз патент бойынша 3%, ал төлем үшін 2%-бен төлейміз. Әзірше банктер әрбір транзакция үшін 2%-дан ұстайтын болады. Меніңше, ол кез келген қауіпті қарыз беруді, қауіпті бағалауды ынталандырмайды. Сондықтан біз бұл бағытта Ұлттық банкпен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Біз осы мәселеде қандайда бір реттегіш тетіктің пайда болуын талап етеміз", – деді министр.

Болжамға сәйкес, 2018 жылы банктердің экономиканың нақты секторын несиелеуді арттырғанын көру үшін жақсартылған макроэкономикамен және микроэкономикамен қатар, реттегіштік орта да жетілдірілуге тиіс.

Еркебұлан Қыздарбек, Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу