Соңғы уақытта Халық банк нарықтың ең танымал ньюсмейкерлерінің біріне айналды. Банк акционерінің акциялардың бір бөлігін сату туралы мәлімдемесі елді елең еткізді. Банк басшыларының Лондон мен Нью-Йоркке сапары және мессенджерлер арқылы тараған банктің әлдебір қытайлық инвесторға сатылатыны туралы ақпарат аттанға айқай қосты.
Банкте не болып жатыр, инвесторлармен кездесу не үшін қажет болды – деген сұрақтарға басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова жауап берді.
– Үміт Болатханқызы, мамыр айының үшінші онкүндігінде инвесторлармен кездесу өткіздіңіз. Кездесуді қандай мақсатпен ұйымдастырдыңыз?
– Халық банкі жыл сайын Capital Markets Day шарасына, яғни инвесторлар күніне қатысады. Аталған шарадан кейін әрбір инвестормен жеке-жеке кездесу басталады. Мұны біздің акциялардың иелері, дәлірек айтсақ сарапшылар мен жаһандық қаржы қорларының өкілдері бас қосатын ашық кездесу деп те қарастыруға болады. Мұндай кездесулер біздің ғаламдық депозитарлық қолхаттар саудаланатын Лондон қор биржасының талабына сай тұрақты ұйымдастырылады.
Осыдан екі жыл бұрын біз Қазкомды сатып алу бойынша келіссөз жүргізе бастадық. Алайда біздің инвесторлар бұған күмәнмен қарады. "Күрделі мәмілеге барудың қандай қажеттілігі бар еді?" деп тартыншақтады. Олар бұл жағдай банктің қаржылық көрсеткіштерін құлдыратып, портфельдің сапасына кері әсерін тигізеді және түптің түбінде банктің беделіне нұқсан келтіреді деген ойды алға тартты. Сол себепті Қазкоммен бірігу процесі аяқталған соң инвесторлармен кездесіп, процестің қорытындылары туралы айту керек болды. Сондай-ақ біріккеннен кейінгі тоғыз айдағы банк қызметінің көрсеткіштері мен дамудың жаңа стратегиясын таныстыру қажет болды. Бес сағатқа созылған кездесуге 30 шақты адам шақырылды. Бұдан бөлек 18 адам онлайн-аудиотрансляция арқылы қатысты. Өте ауқымды жиын болды. Біз мұндай кездесулерден бөлек, сарапшылармен тоқсан сайын телефон арқылы конференция өткіземіз. Осылайша оларды банктің қаржылық нәтижелерімен, менеджмент жұмысының қорытындысымен және жалпы нарықтағы жағдаймен таныстырып отырамыз.
– Бұл жолы шетелдік инвесторларды не қызықтырды? Олар қандай сұрақтар қойды?
– Бірден айту керек, Халық банктің қаржылық нәтижелері оларды еріксіз таңқалдырды. Олар банктің қаржылық тұрақтылығына ешқашан күмәнданған емес. Дегенмен активтердің сапасына, жекелеген проблемалық қарыздарға және оларды есептен шығаруға қатысты нақты сұрақтар қойды. Жасыратыны жоқ, елдегі саяси жағдайларға қатысты сұрақтар да болды. Мұндай сұрақтардың қойылуы заңдылық. Өйткені мемлекетті отыз жылға жуық басқарған Тұңғыш Президент орнынан кетті. Алда кезектен тыс Президент сайлауы тұр. Оларды Украина мен Ресейдегі жағдай секілді Қазақстанның да даму стратегиясы, инвестициялық климаты өзгере ме деген сауалдың мазалайтыны анық. Инвесторлар биліктің бейбіт жолмен ауысуын оң бағалап, қазіргі Президенттің құрылымдық реформаларды, экономикалық саясатты, мемлекеттік реттеуді жалғастыруына оптимистік көзқарас танытты.
Кездесу барысында өткір, қитұрқы сұрақтардың қойылғанын да айтпай кетуге болмайды. Десе де инвесторлар Халық банктің алдағы жоспарын түсінді. Оның тұрақты даму жолын жалғастыратынына сенім білдірді. Банктің қаржылық тұрақтылығын рейтингтік агенттіктер де растады. Тіпті кейбірі банктің рейтингі мен болжамын жақсарта түсті.
Жеке басқа қатысты сұрақтар да қойылды. Мәселен, оларды менің және менің командамның банкте ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқаны қызықтырды. Қандай мотивация алға жетелеп отырғанын сұрады. Сондай-ақ банктің акцияларына деген қызығушылығымызды да білуге тырысты.
– Сізде Халық банкінің акциялар пакеті бар ма?
– Жоқ. Инсайд трединг немесе әртүрлі айла-шарғыға жол бермес үшін біз менеджер ретінде банк акционері бола алмаймыз. Сонымен қатар отбасымыздың мүшелеріне Халық банктің акционері атану құқығы берілмеген. Батыста менеджменттің акционерлік капиталға қатысуы – кең таралған құбылыс және қалыпты жағдай. Себебі акционер ретінде менеджмент компания акциялары құнының көтерілуіне мүдделі. Біздің банк басқару мен акцияға ие болуды араластырмайды, себебі қызметкерлер КРІ жүйесі бойынша бағаланады. КРІ барлық қызметкерлерді – басқарма төрағасынан бастап, департамент, басқарма және бөлімше директорларын қамтиды. Бұл мәселеде бізде ашықтық сақталған. Естеріңізге салайын, Халық банк әлемдегі 2000 ірі жариялы компанияның тізіміне енген жалғыз қазақстандық банк. Биыл біз мұндағы көрсеткішімізді жақсарттық. Бұл бізге ақпараттың ашықтығына қатысты ерекше жауапкершілік жүктейді.
– Инвесторларда елдегі экономикалық немесе саяси жағдайға байланысты алаңдаушылық бар ма?
– Әлемдік экономика тұрғысынан бағаласақ, әрине, оларды Америка мен Қытайдың қақтығысы, тараптар арасындағы сауда соғысының Қазақстанға және біздің мұнай, металл, газ сияқты экспортымыздың құнына қалай әсер ететіні алаңдатады. Сондай-ақ аймақтық мәселе де маңыздылығын жойған жоқ. Қазақстан қиын аймақта – бір жағында санкцияда отырған Ресей, екінші жағында – АҚШ-пен сауда соғысын жүргізіп жатқан Қытай орналасқан. Бұған қоса ішіміздегі саяси жүйе мен мемлекеттік басқаруда тектоникалық өзгеріс болып жатыр. Әрине шетелдік инвесторлар үшін елдегі тұрақтылық аса маңызды. Инвесторлардың пікірінше, Халық банк нарықтағы 35% үлесімен, барлық сегментімен, оның ішінде ұлттық компаниялармен, корпоративті клиенттермен, ШОБ, кәсіпкерлермен, халықпен жұмыс істеп, отандық экономиканың бет-бейнесін көрсетіп отыр. Олар үшін Халық банк – экономика мен тұтас банк секторының барометрі. Экономиканың жағдайы нашарласа, Халық банктің де жағдайы нашарлайды. Кері жағдайда да осылай болады.
Жалпы инвесторлар Қазақстанға оң көзқарас танытуда. Олардың ойынша, ел ашық, аймақ бойынша жан басына шаққанда тікелей инвестицияның ең жоғары көрсеткішін тартып отыр.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан оң инвестклимат қалыптастыру үшін үлкен жолдан өтті. Елде саяси тұрақтылық сақталған, түсінікті ақша-несие саясаты, қалыпты валюталық жүйе және салық саясаты бар. Ең бастысы азаматтық соғыс жоқ.
Инвесторлар Қазақстанды инвестициялауды әрі қарай да жалғастыруға дайын. Олар Халық банкі мен жалпы елдің тәуекелін өздеріне алуға әзір. Негізінде олар елге ақшамен дауыс береді. Бұл жерде миллиондар емес, жүздеген миллион долларлар сөз болып отыр. Сонымен қатар инвесторлар жекешелендіру бағдарламасын бақылап, оған оң баға беріп отыр. Мысалы өткен жылы шығарылған "Қазатомпром" қағаздары үлкен сұранысқа ие болды және инвесторлар инвестициялық мол табысқа кенелді.
Сондай-ақ инвесторлар Өзбекстанның дамуына оң көзқарас танытып отыр. Өйткені Халық банктің 6 мемлекетте еншілес ұйымдары бар. Оларды біздің шетелдердегі жұмыс тәжірибеміз бен аталған нарықтарда қызмет көрсетуіміз қызықтырды. Біз шын мәнінде өзімізді сарапшы ретінде сезінеміз. Себебі бізге заңнамалық базаларды, ақша-несие саясатын салыстыру қиындық тудырмайды. Сонымен қатар аталған өңірлер инвесторларға қаншалықты достық пейіл танытатынын бағалай аламыз. Менің Қазақстандағы үдерістер мен шешімдерді жиі сынайтынымды жақсы білесіздер. Алайда инвесторлармен жүздесу Қазақстанға олардың көзімен қарау мүмкіндігін береді. Бұл жағдайда елде жүргенде байқала бермейтін оң құбылыстар көзге шалынады.
– Бәлкім, сіз нарықтағы және банктегі жағдай туралы айтқаннан кейін, Қазақстанда "Халық банк қытайлық стратегиялық инвесторға сатылады" деген қауесет тараған шығар...
– Мен мұны әділетсіз бәсекелестіктің бір элементі деп білемін. Мұндай жағдайлар Қазақстанда бұрын да орын алған. Бірақ бұл сенің мықты екеніңнің, ал бұл жағдай әлдекімдердің шамына тиетінінің тағы бір дәлелі. Бірден айтайын, стратегиялық инвесторға қатысты ақпарат шындыққа жанаспайды. Халық банкі қытайлық, ресейлік немесе басқа бір шетелдік, тіпті қазақстандық стратегиялық инвесторға сатылмайды.
Әзірше біздің акционер – "Алмэкс" компаниясының ұстанымын ғана қайталап айта аламын. Егер шешім қабылданатын болса, акциялар пакеті Лондон және Қазақстан қор биржалары арқылы шығарылады. "Алмэкс" компаниясы акциялардың негізгі пакетін сақтайтынын ескертті. Яғни, оның үлесі 51 пайыздан жоғары болады. Бірақ қандай пакеттің шығарылатыны және акциялардың қашан орналастырылатыны әлі белгісіз.
– "Алмэкс"-тің банк акциясының бір бөлігін сатуды жоспарлап отырғаны турлы хабарды инвесторлар қалай қабылдады?
– Әрине, дұрыс қабылдады. Өйткені инвесторлардың өзі осыған мүдделі еді. Олар "Халық банкінің акциялары қор биржасында неліктен аз сатылады?", "Нарықтағы бағалы қағаздар үлесін арттыруды қашан қолға аласыздар?" деп жиі сұрай беретін. Бүгінде Халық акциясының 17 пайызы еркін айналымда жүр. Егер көрсеткіш тағы 10-15 пайызға көбейетін болса, бұл жағдай банктің капиталдандыру өсіміне айтарлықтай оң әсер береді. Бұған акциялардың өтімділігі мен сауда-саттық көлемінің ұлғаятындығын қосыңыз. Инвестициялық компаниялардың біздің бағалы қағаздар туралы есебін қарайтын болсаңыз, олар акцияларды сатып алуға кеңес береді және Халықтың акцияларының құны 22 долларға дейін өсуі мүмкін деген болжам жасаған. Бұл қазір 11,5-11,75 доллар көлеміндегі акциялардың екі есе өсетіндігін көрсетеді. Жағдай осындай сценариймен жалғасатын болса, банктің капиталы 3-4 млрд доллардан 6 млрд долларға дейін өсуі ықтимал.
– Үміт Болатханқызы, инвесторларда банк нарығындағы ахуалға және алдағы стресс-тестілеу нәтижелеріне байланысты қандай да бір алаңдаушылық бар ма?
– Жалпы алғанда инвесторлар банктік сектордың сауықтырылуын оң бағалады. Десе де, олар "Алдағы уақытта банктерге қатысты тағы да проблемалар туындамай ма?" деген сауалды алға тартып отыр. Иә, олар алдағы AQR жайлы хабардар және стресс-тестілеуге Халықтың қалай дайындалып жатқаны қызықтырады. Әрине, біз стресс-тестілеуді ойдағыдай еңсереміз. Осыған дейін айтқанымдай, басқа банктерге қатысты күмәнім бар. Мен реттеушінің активтердің сапасын бағалаудан кейін қандай да бір жаңа мәліметтерді көретініне сенбеймін. Реттеуші әр ойыншының жағдайын жақсы біліп отыр.
– Айтпақшы Ұлттық банк жуырда тендердің жеңімпазын жариялады. Ол бұған дейін Еуропада стресс-тестілеу жүргізген екен. Испаниядағы стресс-тестілеудің қорытындысы бойынша банктерге шамамен 60 млн евро мемлекеттік көмек қажет болған екен. Сіздіңше, қазақстандық банктерге қанша қаржы керек болады?
– Бұл жерде Ұлттық банктің позициясы маңызды. Ол AQR-ды не үшін өткізіп жатыр? Одан кейін не істейді? Меніңше, мұның екі варианты бар. Біріншісі – стресс-тестілеу банктерді одан әрі қолдауды негіздеу үшін жүзеге асырылады, екіншісі – нарықтан ойыншыларды ығыстыру. Реттеуші осылайша үшінші жақты тартуы мүмкін немесе AQR-ды дайын сценарийдің құралы ретінде пайдалануы әбден ықтимал.
– Инвесторлар мұндай жауаптарды қалай қабылдады?
– Олар проблемалық банктердің жағдайы қалай болатынын сұрады. Шынтуайтында мұны Ұлттық банк қана біледі. Біз реттеушінің шешімі қандай болатынына болжам жасай алмаймыз. Барлығы реттеуішінің қандай шешім қабылдайтынына байланысты.
– Біздің сізбен кездескенімізге көп уақыт өте қойған жоқ. Дегенмен осы уақыт аралығында Ұлттық банкте өзгеріс болды: реттеушінің құрылымы ауысты, қоныс аударуы туралы да сөз қозғалып жатыр. Б жоспары бұрыннан болған сияқты...
– Жоспар болды деп ойламаймын. Дегенмен біз үшін кейбір әрекеттер түсініксіз. Мысалы, қазіргі жағдайда Ұлттық банкті астанаға көшіру туралы мәселені қайта көтеру қисынға келмейді. Қазір реттеушінің алдында бақылау органын, AQR құру міндеті тұр. Кейбір проблемалық банктердің мәселесі күні бүгінге дейін шешімін таппағанына қарамастан, күн тәртібіне қоныс аудару мәселесі қойылып жатыр. Бұл ең қолайсыз әрі сәтсіз уақыт деп санаймын және ол банкирлерге қосымша мәселе туғызады деп ойлаймын.
Бұл шешімнен тиімді нәтиже байқалмайды және оны түсіндіру қиын.
Елбасы кезінде мұндай қадамға тосқауыл қойып, Ұлттық банкті еліміздің шынайы қаржы орталығы саналатын Алматы қаласында қалдырған.
– Үміт Болатханқызы, кездесуден қандай ой түйіп, қандай қорытынды жасадыңыз?
– Мұндай кездесулерден кейін өзіңді қайта бағалау қажеттілігі туады, ал өзекті мәселелер өзгеріске себепші болады. Мені инвесторлардың Халық банкпен бірге басқа елдің нарығына шығу, мысалы Өзбекстанмен серіктес болу туралы ұсынысы таңқалдырды. Менің ойымша, бұл банкке, акционерлерге, менеджментке білдірілген үлкен сенім. Түсінуімше, олар біздің бай тәжірибеміз бен білімімізді көріп, біліп отыр. Бұл бастама мені шетелдегі еншілестерімізді дамытып, неге IPO-ға шығармасқа деген ойға жетеледі. Болашақта мұндай мүмкіндікті қарастырамыз деп ойлаймын.
– Инвесторларға банктің жаңа стратегиясын қалай таныстырдыңыз? Халық банк қалай өзгереді?
– Біз цифрландыру бағытында жаңғырып жатырмыз. Әлеуметтік желілердегі сын-ескертпелерден қорытынды шығарып, диджитализация мен клиентке бағдарлануға басымдық бере бастадық. Интеграцияны аяқтап, Халық банктің технологиялық дамуына күш жұмсауға көштік. Бұл бағытта арнайы команда ізденіп жатыр. Біз қызмет көрсету жүйесінің сапасын арттыруға инвестиция құямыз. Таяу болашақта онлайн-несиелендіру жүйесін іске қосамыз. Бүгін банктің Түркістан қаласындағы бөлімшесін пайдалануға бердік. Өткен аптада Өзбекстанда еншілес банк ашуға рұқсат алдық. Жалпы, біздің команданың алдында күрделі әрі маңызды мәселелерді шешу міндеті тұр.
– Сұхбатыңызға рахмет!