Экономикасы теңселіп тұрса да Ердоған неліктен сайлаудың мықты фавориті?

1789

Инфляция шарықтаған шақта Түркия лидері екінші турда да озып, елін 2028 жылға дейін басқарудан үмітті.

Экономикасы теңселіп тұрса да Ердоған неліктен сайлаудың мықты фавориті? Фото: google.com

Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған 20 жыл бойы саяси дағдарыстарды қайта-қайта жеңу арқылы билікте қалды. Олардың қатарында жаппай наразылықтар, сыбайлас жемқорлыққа қатысты айыптаулар, әскери төңкеріс әрекеті және Сириядағы азаматтық соғыстан қашқан миллиондаған босқындар легі бар.

Қазір түрік халқы мен экономикасы шарықтаған инфляцияға душар болып отыр және де талайлар ақпандағы жойқын жер сілкінісінен әлі ес жиып болған жоқ. Үкімет болса, сол күндері шабан қимылдағаны үшін үлкен сынға ұшырады.

Әйтсе де, авторитарлық инстинкті күшейген Ердоған сайлаудың бірінші турында жеңіске жетуге шақ қалып,  екінші раундқа, оппозиция лидері Кемал Кылычдароғлымен салыстырғанда, күшті фаворит ретінде қатысайын деп отыр. Осынша проблемаларға қарамастан, оның саясаттағы өміршеңдігі мен көпке жұғымдылығын қалай түсінуге болады?

69 жастағы Ердоған ғасырға жуық өзін зайырлы деп сипаттаған Түркияда ислам құндылықтарын ұшпаққа шығару арқылы консерваторлар мен діншіл қауымды өзіне қарата білді.

Ол саяси мақсаттарға үкімет ресурстарын жұмсай отырып, билігін күшейтті, сайлаушылардың көңілінен шығу үшін инфрақұрылымға қыруар қаражат шығындады және сынды өшіру үшін БАҚ-ты қатаң бақылауға алды.

Сонымен қатар, Ердоған әлемдік аренадағы әрекеттерімен көптеген түріктерді өз жағына тарта білді: Шығыспен, Батыспен қатынастарда елінің тәуелсіз екенін және әскери күшін қолдана алатынын көрсетті.

Экономикалық дағдарыс кезінде Ердоғанның бәрібір беделді болып қалуы оның жігерлілігімен де байланысты деген пікір бар. Сайлаушылармен, сарапшылармен жүргізілген сұхбаттарға қарағанда, көптеген адамдар өзгерісті емес, тұрақтылықты қалайтын сияқты.

"Осындай ұлттық дағдарыс кезінде адамдар әдетте лидердің айналасына топтасады. Сайлаушылар оппозицияның жағдайды түзейтініне аса сенбейді", - дейді  Вашингтондағы Таяу Шығыс институтының сарапшысы Гонул Тол АР агенттігіне берген сұхбатында.

Қазірдің өзінде Түркияның ең ұзақ билік еткен жетекшісі Ердоған екінші турда көпшілік дауысқа ие болған жағдайда, президенттік өкілеттігін үшінші онжылдыққа ұластырып, 2028 жылға дейін ұзартады.

Ол бірінші турда 49,5% дауыс жинап, 2010 жылдан бері елдің негізгі оппозициялық партиясын басқарып келе жатқан социал-демократ Кылычдароғлыдан төрт пайызға басым түсті. Ал дүйсенбіде Ердоғанның жағына үшінші орын алған әсіре оңшыл кандидат шықты.

Экономист, бұрынғы парламент депутаты Кылычдароғлы - 6-партиялық коалициялық альянстың ортақ кандидаты. Ол Ердоғанның инфляцияны аспандатқан экономикалық саясаты мен барған сайын күшейіп келе жатқан авторитаризмді тоқтатып, сөз бостандығына қысым көрсетуді доғаруға уәде беріп отыр.

"Соңғы 20 жылда еліміз қандай жетістікке жеткенін қараңыз. Оппозиция бізді 50-60 жыл шегіндірер еді. Әлемде Ердоғанға тең келер басшы жоқ". - дейді Ердоғанға дауыс берген анкаралық күзетші Бекир Өзчелик.

Өзчелик пен биліктің басқа да жақтастары үшін Ердоған – Түркияның геосаясатта басты ойыншы бола алатынын дәлелдеп берген президент.

Түркия – Еуропа мен Азияның тоғысқан жерінде стратегиялық орналасуына байланысты НАТО-ның маңызды мүшесі және осы альянстың екінші үлкен армиясын ұстап отыр. Ердоғаның билігі тұсында Түркия НАТО-ның таптырмас және кейде қиыншылық тудыратын одақтасы екенін де көрсетті.

Ол Швецияның НАТО-ға кіруіне вето қойды және ресейлік зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін сатып алып, Америка Құрама Штаттарының наразылығына тап болып, Түркияны Американың жойғыш ұшақ жобасынан шығуға итермеледі. Дегенмен, Түркия БҰҰ-мен бірге Қара теңіз порттарынан әлемнің аштықпен күресіп жатқан бөліктеріне Украина астығын тасымалдауға мүмкіндік беретін маңызды келісімге қол жеткізді.

2011 жылы Сирияда азаматтық соғыс басталғаннан кейін, Ердоған президент Башар Асадты биліктен тайдырғысы келген оппозициялық көтерілісшілерді қолдап, Түркияны көрші елдегі әскери жанжалға киліктірді. Бұл соғыс сириялық босқындардың көбеюіне түрткі болды. Ал Ердоған оларды Еуропа елдеріне қарсы шоқпар ретінде пайдаланып, Түркия шекараларын ашып жіберіп, "Қарт құрлыққа" мигранттарды қаптатып жіберемін деп cес көрсетті. Түркия қазір Сирияның солтүстігінде өзі үшін қауіпті саналатын күрд содырларына тойтарыс беріп, үлкен аумақты бақылап отыр.

Ердоған үгіт-насихат науқанында Түркияның әскери-өнеркәсіптік секторы үшін мақтана отырып, жергілікті мамандар жасаған дрондарды, ұшақтарды және әлемдегі алғашқы "дрон тасымалдағыш" әскери кемені ерекше атап өтті. Сарапшылардың ойынша, бұл месседж 14 мамыр қарсаңында сайлаушылар арасында резонанс тудырған.

Ішкі майданда Ердоған зайырлы мемлекеттік тамыры әлсірей бастаған елде исламның беделін биік деңгейге көтерді.

Сонымен қатар, ол бір кездердегі айбарлы да зайырлы армияның өкілеттіктерін шектеп, консерватор әйелдердің мектептер мен мемлекеттік мекемелерде орамал тағуына тыйым салатын ережелерді жойды. Ердоған өзінің консервативтік жақтастарын маңына көптеп жинау үшін Кылычдароғлы мен оппозицияны ЛГБТ-ны қолдаушы деп айыптады.

Қазіргі уақытта Ердоғанның алдында тұрған ең үлкен қауіп – экономика. Ол отбасылардың сатып алу қабілетін көтеремін деп, мемлекеттік шығындарды арттырып, пайыздық мөлшерлемелерді төмендетіп, инфляцияны тіпті нашарлатып жіберді.

Ердоған бюджеттік саланың жалақысы мен зейнетақыны өсірді, миллиондаған адамға ерте зейнетке шығуға мүмкіндік берді. Ол, сондай-ақ, электр қуаты мен газға субсидия енгізіп, үй шаруашылықтарының біраз қарызын кешірді.

Бұған қоса, ол жер сілкінісінен жермен-жексен болған аудандарды қалпына келтіру үшін мол қаражат жұмсауға уәде берді. Өзі қатысқан әрбір іргетас қалау рәсімінде Ердоған 50 мыңнан астам адамның өмірін қиған апаттан кейінгі өмірді тек оның үкіметі ғана қалпына келтіре алатынын насихаттап келеді.

Ердоғанның партиясы зілзаладан зардап шеккен аймақтағы 11 провинцияның 10-ында жеңіске жеткен. Оның жақтаушыларының сөзінше, Түркия пандемиядан бері инфляциямен күресіп жатқан жалғыз ел емес.

"Инфляциядан өмір қиындады. Бірақ, бұл Ердоғанның кінәсі емес. Мен оған ешқашан қарсы дауыс бермеймін. Исламды қоғамның алдыңғы қатарына шығарғаны үшін Ердоғанның алдында өзімді  қарыздар санаймын", - дейді  Ердоғанның анкаралық қолдаушысы Мұстафа Өзтүрік.

Ердоғанның тағы бір күші - оның бұқаралық ақпарат құралдарында. Түркияның радио және телевидениені бақылау ұйымының мүшесі Илхан Ташчидің айтуынша, мемлекеттік TRT Haber телеарнасы 1 сәуірден бастап Ердоғанға 48 сағаттан астам уақыт бөлсе, Кылычдароғлыға 32 минут қана берген.

Кылычдароғлының экономиканы жөндеуге және әйелдердің мектептерде исламдық орамал тағу құқықтарын қорғауға уәдесі елдің консервативтік орталығында резонанс тудырмады.

Тағы бір айта кететін жайт - Түркияның күрдшіл партиясы Кылычдароғлыны қолдағаннан кейін, Ердоған оппозицияны "террористері" жақтады деп айыптады. Ал оппозицияның мұны жоққа шығарған мәлімдемелері негізгі БАҚ –та сирек жарияланған.

"Ердоған мемлекеттік институттарға сүйену, ақпаратты бақылау және оппозицияны лаңкес деп сипаттау арқылы жеңіске жету жолын мұқият ойластырды",- дейді Вашингтон институтының Түркия бойынша сарапшысы және Ердоған туралы көптеген кітаптың авторы Сонер Джағаптай АР агенттігіне берген түсініктемесінде.

14 мамырда Түркияда парламент сайлауы да өтіп, онда Ердоғанның ұлтшыл және исламшыл партиялар альянсы 600 орындық парламенттегі көпшілік орынға ие болды.

 "Парламент бізбен бірге. Тұрақты әкімшілік құрылса, елде тыныштық пен береке де болады", - деді Ердоған өткен аптада CNN-Turk арнасына берген сұхбатында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу