Экономист: Қымбатшылық дейсіз бе? Нағыз проблема күзде басталады

13145

Қымбатшылық екі бүйірден тағы қысып барады. Баспана, тауар, азық-түлік, қызмет – бәрі-бәрінің бағасы күннен күнге қосылып, мұның соңы тағы да наразы халықтың қарасын көбейтетін түрі бар. 

Экономист: Қымбатшылық дейсіз бе? Нағыз проблема күзде басталады

Билік осының бәріне сыртқы факторлар себеп болып отырғанын аргумент қылумен әлек. Шынымен солай ма? Қымбатшылық синдромынан Қазақстан экономикасы қашан құтылады? Үкімет пен Ұлттық банктің қолға алып жатқан шаралары көңіл көншіте ме? Осы және өзге де сұрақтар легін Іnbusiness.kz порталының тілшісі белгілі экономист Айдархан Құсайыновқа қойып көрді.

– Айдархан мырза, өзіңіз білетіндей, өткен айда доллардың теңгеге шаққандағы құны 520-ға жетіп, ел іші едәуір дүрлігіп, жұртшылық шетел валютасын сатып ала бастады. Ал қазір 450 теңгеге дейін арзандады сол доллар. Доллардың қымбаттауымен тауарлардың, азық-түліктің бағасы бірге қымбаттады да, "көк қағаз" арзандап еді, тауар бағасы тоқтайтын емес. Бизнес қулыққа барып отырған жоқ па? Кейбіреулер мұны кәсіпкерлердің ашкөздігіне теңейді. Әлде бұл экономиканың қалыпты үрдісі ме?

– Бұл үрдістің кәсіпкерлердің ашкөздігіне еш қатысы жоқ. Өзіңіз көріп отырғандай, қазір қымбатшылық жылдам жылжиды да, арзандау үдерісі мүлде байқалмайды. Неге десеңіз, қоғамдық психологияның өзі осындай. Бұл бұрыннан белгілі экономикалық белгі. Ашкөздікпен шатастырмаңыз. Сол себепті инфляциялық спиральдің қарқын алып кетуіне қашан да тосқауыл қойып отыру керек.

– Демек сіз қымбатшылыққа ең біріншіден, дүрбелең себеп болып отыр деген пікірдесіз бе?

– Иә, солай. Әдетте белгілі бір тауардың немесе азық-түлік түрлерінің бағасы өскен кезде адамдар алдағы уақытта қымбатшылық тіптен қысады деп ойлайды. Осылайша, қарапайым халық сол тауарды көтерілген бағасында сатып ала бастайды. Міне, сондықтан баға өсе береді.

– Нарықтағы орынсыз ала шапқын үрдіс дейсіз ғой?

– Иә. Баға өскеннен кейін сол тауарды сатып алушы келеді де, сатып алады. Ертеңгі қымбатшылықтан қорқады. Бұның артынша сол тауардың түрі таусылады да, дефицит салдарынан баға тағы өседі. Ал сол дефициттен туындаған қымбатшылыққа қарамастан адамдар сол тауарды "итпен" іздей бастайды. Міне, сондықтан баға қымбатттауға келгенде шұғыл сипатқа ие, ал арзандауға келгенде тасбақаша жатып алады.

Инфляциямен ұдайы күрес жүргізу керек. Нақтырақ айтқанда, инфляция қызған шағында емес, енді бастала бергенде күресті бастау керек болған. Биік тас секілді төменнен құлдилап келе жатқан. Ол тасты әу баста тоқтатқанда бұлай болмас еді. Инфляция табиғи жылдамдығына түсіп алған кезде оны тоқтату өте қиын.

– Сонда сіздіңше қазір билік тарапынан қандай да бір шара қабылдау кеш дегеніңіз бе?

– Жоқ, әрине. Біздің елде инфляция проблемасы сонау 2000-2001 жылдары басталған. Оны сол кезде тоқтату керек болған. Сол кезден бастап базалық мөлшерлемені инфляция құбылмалылығына қарай уақытылы көтеріп отырған кезде баға өсімін тоқтата алар едік. Сондықтан сыртқы салдарды тізіп, ақталуды қоюымыз керек. Баяғыда таудан құлдилаған тастың жылдамдығы артып келе жатыр.

Осы көзқарас тұрғысынан бұрын да, бүгін де базалық мөлшерлемені көтеру керектігін қақсап айтып келемін.

– Яғни, Ұлттық банк белгілеген 13,5 пайыз деңгейіндегі базалық мөлшерлеме сіздіңше тым төмен бе?

– Егер инфляциямен күрескіңіз келсе, әрине базалық мөлшерлемені көтеру керек.

– Сонда қандай мөлшерге дейін көтеру керек?

– Меніңше, 20, тіпті 20 пайыздан жоғары.

– Ресейдегідей?

– Иә. Айтпақшы, сол Ресейде не болғанын байқап қараңыз. Олар базалық мөлшерлемені бірден 20 пайызға көтерді де, қазір ақырындап түсіріп келеді. Аз десеңіз, мен былтыр да инфляцияны тоқтату үшін базалық мөлшерлемені 12-15 пайызға дейін көтеру керектігін айтқанмын. 2021 жылы базалық мөлшерлемені сол деңгейде көтерген кезде бізде Қаңтар оқиғасы болмас еді.

– Тіпті сондай да пікірдесіз бе?

– 2021 жылы сол шараны қолға алғанда инфляцияны тұншықтырып тастауға болатын еді. Иә, 3-4 ай көлемінде біз жоғары базалық мөлшерлемен өмір сүруімізге тура келетін. Алайда қазір инфляция анағұрлым төмен болар еді. Қазір базалық мөлшерлемені көтеруден қорқа бергеннен кейін инфляцияны тоқтату қиынға соғады. Инфляция осындай тұрақсыз сипат алған кезде оған кез келген фактор кері әсер етеді. Боран болсын, соғыс болсын, девальвация дейсіз бе, бәрі-бәрі... Халық бағаның шексіз өсе беретініне көзі жеткен кезде кез келген ақпарат инфляцияны жеделдете береді. Сондықтан баға бағамға бола емес, дүрбелеңге байланысты өсіп жатыр.

– Үй салушыларды байқасақ, өткен айдан бері шаршы метрін 20 мыңнан бастап 40 мың теңгеге қымбаттатып жіберді. Тұрмыстық техникалардың бағасы да өсіп барады. 2020 жылы автосалонда 4,5 млн теңгеге сатылған отандық автокөліктердің бағасы 7 млн теңгеден асып кетті. Бұл не қылған тенденция? Бағаның осыншама қымбаттауына қандай факторлар әсер етеді? Сіз айтқандай жалғыз дүрбелең емес шығар?

– Тағы да айтамын. Қымбатшылыққа халықтың өзінің еті үйреніп кеткен. Тұрғын үйдің бағасы қымбаттағанын көрсе, "сен осыншама қымбататындай есің ауысты ма?" деп құрылысшылардың сұраудың орнына біздің азаматтар "күні ертең тіпті қымбаттайды, одан да қазір сатып ала қояйын" деп ойлайды. Түсінесіз бе? Осыдан кейін әлгі сатып алушы үйді ептеп-септеп сатып алғаннан кейін сатушы бағаны тағы көтере қояды. Тағы да айтамын, инфляциялық спираль деген осы!

– Жалпы халықтың психологиясынан көріп отыра береміз бе?

– Базалық мөлшерлемені көтеру керек! Болды! Егер базалық мөлшерлемені көтерсек, сіз автокөлікті сатып ала алмайсыз. Өйткені оның тым қымбатқа шығатынын ішіңіз сезе қояды. Ал мұндайда автосалон иесі бағаны көтеруге тағы тәуекел ете алмайды. Базалық мөлшерлеме не үшін көтеріледі? Иә, бұлай істесек, бір жағынан несие алу қымбаттап кетеді. Егер мен тауар иесі болсам, оның тезірек өтуіне мүдделі боламын. Сол үшін бағаны көтере алмаймын. Ал егер базалық мөлшерлеме төмен болып, жеңілдетілген несиелер көп берілсе, мен тауар иесі ретінде "жә, ендеше, тауарымды қымбаттата қояйын, бәрібір сатып алады" деп ойлаймын. Сондықтан базалық мөлшерлеме ылғи да инфляцияны жеңу үшін көтеріліп отырады.

Екінші жағынан базалық мөлшерлеме көтерілсе, автосалонда отырған клиент "ойбай, мынауыңның пайызы көп екен, ала алмаймын" дейді де қояды.

Сондықтан инфляция өршіп бара жатқаны байқалды ма – бірден базалық мөлшерлемені көтеріп отыру керек. Сол кезде ғана бағаны ауыздықтай аламыз. Базалық мөлшерлемені сіз жіберген кезде инфляцияның төмендігіне үйреніп қалған халық қымбатшылықпен бетпе-бет келеді. Бір тауардың бағасы бүгін 500 теңге болса, ертең 550 болатынын, одан әрі 600 теңгеге қымбаттайтынын біледі ол. Осы әдетті тоқтатсаңыз, сатушы сізге 550 теңге деген кезде "мұныңды алмаймын, инфляция төмен емес пе?" деп оған да түсіндіре кетуің керек.

Бізде базалық мөлшерлемені көтеру туралы әңгіме болған кезде бизнес "Біз ертең қалай күн көреміз? Ойбай, жабыламыз" деп ұлардай шулайды. Өкінішке қарай, осы шудан кейін ешкімнің базалық мөлшерлемені көтеруге батылы бара бермейді.

– Естуімше, сіз ғана емес, базалық мөлшерлемені көтеру керек деп жүрген экономистер көп. Ал базалық мөлшерлемені белгілейтін Ұлттық банк өз ұстанымын қандай аргументтермен қорғайды?

– Ерболат Досаев естеріңізде болса Ұлттық банк төрағасы болып бара қалған кезде бірден "арзан несиелердің санын көбейтемін" деп жарияға жар салған. Сол несие беріле бастады. Досаев базалық мөлшерлемені көтермек түгілі арзан несиені оңды-солды тарата бастады. Яғни ол өз саясатымен осы инфляцияның тасын өзі домалатты. Естеріңізде болса, құрылысшылар не үшін үйді қымбаттататынын бұған дейін де айттым. Құрылысшы үйдің бағасын удай қылып қойса, оны ешкім сатып алмайды. Клиент болса, тағы үш ай күте тұрамын деуі мүмкін. Бұл уақытта сатушының өзі 6 пайызбен несие алып жатады. Екі айдан кейін әлгі құрылысшының үйді арзандатпайтынын көрген соң "еее, жарайды" деп қымбат үйді сатып ала бастайды. Ал егер Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеріп, жеңілдетілген несиені бермеген кезде құрылысшы ақшаның жоқтығынан бағаны көтере алмас еді.

Проблеманың бәрі 2019-2021 жылғы Ұлттық банктің саясатының салдарынан келіп отыр. Ал жаңадан келген Пірматов туралы ештеңе дей алмаймын. Ал Ұлттық банктегі ескі команда инфляцияны өзі жеделдетумен болды.

– Жыл соңына дейін не күтуге болады? Баға өсе бере ме? Үкімет пен Ұлттық банктің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шараларына қалай баға бересіз?

– Егер Ұлттық банк базалық мөлшерлемені тағы көтермесе, инфляция әрі қарай өсе береді. Инфляция деңгейі 12-15 пайыз деңгейіне барады. Ал мұның арты теңге бағамына қысымды күшейтеді. Қазір Ұлттық қордан алынатын трансферттің де 4 трлн теңгеге өскенін естідіңіз. Демек, әкімдер бұрынғыша базар аралап, бизнеске шүйлігіп, бағаны тұрақтандыруға барын салады. Бірақ базалық мөлшерлемені көтермесе, инфляция жеделдей береді. Коммуналдық төлемдердің бағасын қазір билік әкімшілік тетіктермен қолдан ұстап тұрғанын білетін боларсыз?

– Жалғыз коммуналдық төлемді ғана емес-ау...

– Иә. Егер экономикалық саясат түбірімен өзгермесе, осы кеткен – кеткен. 2-3 айдан кейін мұнай бағасы не болатыны тағы белгісіз. Ондай сценарий жағдайында инфляцияға тағы қосымша проблемалар қосылуы мүмкін.

– Ұлттық банктің алатын ақшаны арттырғалы жатқаны туралы жаңалықты өзіңіз қалай қабылдадыңыз?

– Қуанған жоқпыз, әрине. Дұрыс емес. Қазіргі экономикалық жүйе өзінің өміршеңдігін дәлелдей алмай әлек.

– БАҚ немесе басқа да арналар арқылы өз ұсыныстарыңызды ел билігіне, Үкіметке немесе Ұлттық банкке жеткізуге тырыстыңыз ба?

– Мен кітап та жазғанмын. Өз ойым мен пайымымның бәрі сонда жазылған.

– Ұлттық банк экономистердің кейбірінен кеңес сұрайтынын естіп едік. Сізге олар жүгінген жоқ па?

– Данияр Ақышевтың тұсында кеңесші болғанмын. Сол тұста инфляция ең төмен деңгейде болды. Базалық мөлшермелені көтердік те, инфляцияны тұншықтырып отырдық. Содан кейін басталды бәрі. Бағамға қысым түсті де, екі рет девальвация болды. Бір жолы 390 теңгеге дейін, екіншіде 500 теңгеден асып қымбаттады доллар. Үшінші девальвация меніңше, бәрібір доллар 500 теңгеден асады.

– Демек, сіз доллар тағы қымбаттайтынын болжап отырсыз ғой?

– Ол қазірдің өзінде солай болуы керек болған. Егер доллар бағамын қазіргідей күшпен ұстап отыра берсек, жалпы ішкі өнім бойынша межелеген көрсеткіштерге жете алмай қаламыз. Нағыз проблемалар күзде басталады. Қазіргіңіз проблема емес.

– Ұлттық банк қымбатшылық туралы ақпарат таратқанда ылғи сыртқы факторларды келтіреді. Ресейдің де инфляциясы бізге ықпал ететінін атап өтеді...

– Геосаясатқа байланысты емес көп проблема...

– Бірақ біз өндіргеннен бұрын көп тауарды сырттан импорттаймыз ғой?

– Менің айтып отырғаным – біздің Қазақстанның экономикалық тұрғыдағы өзінің терең проблемасы. Қазақстанның ішкі экономикалық проблемалары сыртқы факторлардан да көп. Біздің Үкімет пен Ұлттық банк проблеманың бәрін сыртқы фактормен байланыстырғысы келеді. Бұл шынтуайтында, біздің өзіндік экономикалық саясаттың "жемісі"!

– Сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет!

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу