ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылуына үш айдан аз уақыт қалды

Кенже Жомарт Кенже Жомарт
4229

Соңғы павильондардың құрылысы сәуірде аяқталады.

ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылуына үш айдан аз уақыт қалды

Көрмеге қатысатынын растаған 115 елдің 103-не павильондары табысталған, қалған 12 ел наурыздың соңы, сәуірдің басы "Астана Экспо-2017" компаниясы салып берген павильондарына жайғасады.

Көрме бүгін павильоны тапсырылмаған  соңғы 15 елдің екеуіне павильондарын тапсырып, БАҚ өкілдеріне экскурсия өткізді. Қытай мен Аустрия бүгін кірген павильондарының контентін мамыр айына дейін толтырып бітеміз деген жоспарларын айтты.

"Қазақстанның үкіметі бізге жағдай жасап, компания павильонның негізгі құрылысын аяқтап берді. Енді контент толтыру жұмыстарына өзіміз білек сыбана кірісеміз. Мамыр айына дейін көрмедегі аумағы ең үлкен (1053 шаршы метр - агенттік) павильондардың бірі – Қытай халқының ұлттық павильонын мазмұнды контентпен толтыруымыз керек. Біздің тақырып – жасыл энергия мен Жібек жолының тарихы. Контентті толтыратын тараптың бәрі дәстүрлі энергия ресурстарын трансформациялаудағы тың жаңалықтарын көрсетуі керек. Қытайдың 25 ірі қаласындағы кәсіпкерлерді ЭКСПО көрмесіне қатыссын деп шақырдық. Контент толтыруға келгенде, қазір уағдаластық орнатқан 10 кәсіпкер бар. Олардың барлығы жасыл энергия саласында тәжірибесі бар компаниялар", – дейді журналистерге павильонының аумағын көрсеткен Қытайдың халықаралық сауда жөніндегі палата директоры Дже Джие.

Дже Джиенің айтуынша, Шанхайда өткен ЭКСПО көрмесі кезінде Қытай павильоны ең үлкен аумаққа орналасқан екен. Сол арқылы мол тәжірибе жинаған ел енді Қазақстандағы 1053 шаршы метр  аумақты алып жатқан елдің ұлттық павильонын өте қанық әрі мазмұнды етіп толтырамыз дейді. "Жаңа технологияларымызды көрсетіп, туристерді де, қазақстандықтарды да таң қалдырғымыз келеді.  Сондай-ақ, басқа елдерден келетін әріптестерімізбен тәжірибе алмасып, павильонымыздың контентін үздіктер қатарына қосқымыз келеді", – дейді Дже Джие.

Ал Аустрия елшісі Астанада өтетін ЭКСПО көрмесінің тұжырымдамасы "ақыл, жан мен күш" тақырыбын таңдаған аустриялықтарды бірден қызықтырды дейді.

"Павильонымызда интерактивті алаң болады. Еліміз энергияның 37 пайызын судан, 10 пайызын желден алып отыр, сондықтан, баламалы энергияның көзін тауып отырған Аустрия Экспо-2017 көрмесін пайдалана отырып, өз елін таныстыра алады. Аустрия павильонының контентін толтыруға 5 млн еуро жұмсайды. Сондықтан, тақырыптық контенттен басқа, мәдени шараларды да ұмытып отырған жоқпыз. Жалпы, біздің тақырыпты ашудан басқа тағы бір мақсатымыз – Қазақстан халқы Аустрия туралы көп мәлімет алса екен деймін. Биыл Қазақстан мен Аустрия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толып отыр. Аустрияға Қазақстаннан баратын туристердің саны айтарлықтай көп, ал біздің мақсатымыз – ЭКСПО көрмесі арқылы керісінше, Қазақстандағы Аустрия туристерінің санын көбейту", – дейді Қазақстандағы Аустрия елшісі Герхард Сайллер.

Осылайша, бүгін құр павильондарын қабылдаған Қытай Халық Республикасы мен Аустрия мемлекеті қазақстандық журналистерге бір-екі айда павильондар қандай жобалармен, қандай қызық деректермен толтырылатынын айтып, жеткізуге тырысты.

Ал "Астана ЭКСПО-2017" Ұлттық компаниясы" АҚ-ның халықаралық қатысушылармен жұмыс жүргізетін департамент директоры Илья Оразақов наурыз айының соңына дейін қалған 12 елдің павильонының контентін толтыруға кіріседі деді.

"Көрмеге қатысатынын растаған 115 елдің 103-і павильондарын алып үлгерген. 12 елдің павильоны наурыздың соңына дейін бір-бірден тапсырылып отырады. Егер де қатысатын елдердің павильонға қатысты қандай да бір қосымша тілек-ниеті болса, оны ескереміз, орнын толтырып беруге тырысамыз. Алайда ұйымдастырушы ретінде де қолымыздан келмейтін жұмыстар бар. Мысалы, кейбір елдер өз павильондары үшін жоспарланғаннан көп электр қуатын тартқысы келеді. Техникалық жоспардың параметрлері әуел баста келісілген, әрбір павильонның келісімшартында қандай көлемде электр қуаты тартылатынына дейін жазылған. Бірақ павильонның ішінде қоятын экспозицияларын аяқтаған кезде қандай да бір ел жоспарланған қуаттан көп электр қуаты керегін түсінеді. Егер қолымыздан келсе, мұндай тілектердің кейбіреуін ішінара орындауға болады. Қатысушы елдер павильонына өте ауыр металл конструкциялар қойғысы келеді. Бұған тыйым саламыз. Біздің архитектурамызға түсетін салмақ пен қауіпсіздік тұрғысынан ауыр конструкцияларды кіргізе алмаймыз. Бұл – жұмыс барысындағы мәселелер, ешқандай трагедия емес", – дейді Илья Оразақов.

Айта кетейік, қараша айында ЭКСПО-2017 көрмесіндегі көпір конструкциялардың бірі алғашқы аязға шыдамай, опырылып түскен болатын. Тәуелсіз комиссия бұл болжамды растап, конструкция салынған металл Қытайдан тасымалданған сапасыз, яғни аязға шыдамсыз металл екенін растады.

Кенже Жомарт

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу