Экспортқа жауап беретін жалғыз орган болуы тиіс – Нұржан Әлтаев

7061

"Атамекен" палатасы осындай орталықтың үйлестірушісі ретінде қызмет етуге дайын.

Экспортқа жауап беретін жалғыз орган болуы тиіс – Нұржан Әлтаев Фото: palata.kz

"Ұлттық экспорт орталығы" АҚ құру және отандық нарықты дамытуда мемлекеттік органдармен тығыз қарым-қатынас жасау жақын арада елімізге 1,4 млрд долларға дейін табыс әкелуі мүмкін. Мұндай есепті Кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасы (КҰП) басқармасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев Қазақстан премьер-министрінің қатысуымен өткен отырыста келтірді.

"Экспортқа бейімделген шағын және орта бизнес – негізгі көмекші құрал. Қазір тамақ өндірісіндегі кәсіпкерлердің өз тауарларын өткізу нарығы кеңейіп жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан, мемлекеттік органдармен байланыс орнататын және Қазақстанның елшілік инфрақұрылымын шетелде тиімді қолдануды қамтамасыз ететін ұлттық экспорт орталығын құруды ұсынамыз", – дейді спикер.

Сондай-ақ, Әлтаев мырза қазір экспортты дамытумен "ҚазЭкспортГарант", Kaznex Invest, "Даму" КДҚ және ұлттық экономика министрлігінің сауда өкілдіктері айналысатынын айтты. Бұл құрылымдардың жұмысында "үйлеспеушілік" байқалатынын қадап айтты КҰП төрағасының орынбасары.

"Белгілі бір мемлекеттік орган: ұлттық экономика министрлігі, не сыртқы істер министрлігі экспортқа жауап беретін жалғыз орган болуы тиіс. Түрлі мемлекеттік органда түрлі қызмет. КҰП осындай орталықтың үйлестірушісі ретінде қызмет етуге дайын. Біз орталық құрып, оны КҰП-қа сенімді басқаруға беруді ұсынамыз. Экспорт бойынша жауапты болып анықталған мемлекеттік органмен бірлесіп жұмыс істеп, үлкен жетістікке жететінімізге сенімдіміз", – деп бастамасын білдірді Нұржан Әлтаев.

КҰП өткізген сыртқы нарық талдауы экспортты Ресей, Қытай және Парсы шығанағы елдеріне 330 млн, 680 млн және 370 млн көлемінде арттыруға мүмкіндік бар екенін көрсетеді. КҰП мамандары бұл көрсеткішке "таяу арада" жетуге болады дейді. Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын Нұрсұлтан Назарбаев "Индустриаландыру картасы" жобаларының тұсаукесері аясында Сыртқы істер министрлігін Сыртқы істер және сауда министрлігіне өзгерту идеясымен бөліскен болатын.

"Үкімет сауда қайда болады, инвестиция қайда болады соны шешу керек. Мүмкін сыртқы істер министрлігі көптеген елдегідей сыртқы істер және сауда министрлігі болуы керек шығар? Ал индустрия министрлігі индустриямен айналысуы керек", – деген болатын ол.

Статистика жөніндегі комитеттің мәліметтеріне сүйенсек, 2016 жылдың 11 айының қорытындысында еліміздің сыртқы сауда айналымы 70,6 млрд долларға жетті, бұл былтырғы жылғы көрсеткіштен 36,8%-ға кем. Оның ішінде еліміздің экспортқа шығару үлесі 42,75 млрд доллар болды. Еліміздің сыртқы сауда-саттық саласындағы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің үлесі желтоқсанның басында 27,7%-ға, яғни, 14,6 млрд долларға түсті. Импорттың негізгі бөлігін (9,5 млрд доллар) Ресей алып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу