Ел тұрғындары әлемдегі ең қолжетімді спорт түріне толық ден қоя алмай жүр

Бүгінгі қазақтың сымбатын сипаттайтын семіздік деген жаңа белгі пайда болған. 

Ел тұрғындары әлемдегі ең қолжетімді спорт түріне толық ден қоя алмай жүр Фото: Facebook парақша

Ал жүгіру сол артық салмақпен күрестің қарапайым, бірақ ең қуатты жолы саналады.

Inbusiness.kz сайтының тілшісі осы орайда марафоншы, рекордшы Марғұлан Ермағанбетұлын әңгімеге тартқан еді. Кейіпкеріміз сөйлесу барысында білгенімен бөлісіп, көптеген пайдалы ақпаратты айтты.

Көпшілік жүгіруге еріккен адамның ермегі сияқты қарайды

Оның сөзінше, жүгіру – әлемдегі ең қолжетімді спорт түрі. Солай бола тұра, онымен айналысатындар қатары өте көп болмай отыр.

Жалпы, елімізде жүгіру спорты қанша қолжетімді спорт саналса да, қазақтың дүниетанымында болмай тұр. Көпшілік жүгіруге еріккен адамның ермегі сияқты қарайды. Елде семіздікке әбден батқан адамдар бар, онкология дендеп кетті бізде. Ол – өте үлкен ауру. Ауылдық аймақтарда қан қысымы жоғары адамдар көп. Сол себепті, спортты дүниетанымға енгізу керек.

"Басты байлық – денсаулық" дейміз ғой. Бірақ, көбіне біз пайдасыз тамақтарды көп қолданамыз. Пайдасыз дегеніміз – құнарсыз тамақтар. Энергетикалық сусындар, фаст-фудтар бар. Барлығы – құнар бермейтін тамақтар. Алысқа бармай-ақ, google-дан жазып, олардың құрамын қараса, осының бәрі – бізде химиялық қоспалық тамақтар. Ол ешқандай пайда бермейді,

Мен газды сусынды көп ішпеймін. Энергетикалық сусын ғана емес, жалпы газды сусынға да қарсымын. Қарапайым қара сумен қоректену керек, – дейді ол.

Шынында, жүгіру қолжетімді спорт санатына жатады. Бірақ, ол оңай спорт дегенді білдірмесе керек-ті. Рекордшы Марғұлан Ермағанбетұлынан "Марафонның жай ғана жүгіру емес екенін ел тұрғындары қашан толық түсінеді деп ойлайсыз?" деп сұрадық.

"Енді қазір ең қолжетімді спорт жүгіру болып тұр ғой. Және де осы күні көп облыс, қалаларда, шағын қалаларда, ауылдарда өз марафонын дамытып жатыр. Ол қалай? Қазір министрлік тарапынан құралған спортты көбірек көтеру мақсатында жаңа индикатор қойылды. Жыл ішінде 40%-дан көп тұрғын қатысуы керек. Жергілікті тұрғындардың 40%-ы қатысу керек. Спортқа жұмылдыру дейтін индикатор бар. Бірақ бізде көбіне Наурызда іс-шара өтеді. Асық, арқан тартыс сияқты, сол кезде өтірік жаза салады, "мынадай адам қатысты" деп. Бірақ, біз жыл ішінде тартуымыз керек. Мысалы, күрес, бокс қолжетімсіз ғой. 30-дан асқан, 40, 50-дегілер бармайды. Сол себепті, салыстырмалы түрде жүгіру – қолжетімді спорт. Егер адам марафонға машықтанса, ол арнайы осыны серік етеді" деп жауап берді марафоншы.

Жүгіру үшін 2 нәрсе ғана болса жеткілікті

Жүгірудің адам денсаулығына пайдасын айтып тауыса алмаспыз. Жалпы, жүгіру спортын ең шығынсыз спорт түрі деуге де болатындай...

Жүгіру спортының қолжетімділігі – бірінші инфрақұрылымда. Мысалы, күрес пен боксқа инфрақұрылым керек, татами, ринг, т.б. құрылғылар, заттар керек деген сияқты. Ал жүгіруге жай алаң болса жеткілікті. Мысалы, саябақтар барлық жерде, қалада кездеседі. Астана қаласында тіпті қолжетімді деуге болады. Саябақтардың өзі жеткілікті. Стадиондар да бар. Сол жағынан қолжетімді спорт. Сосын бұл – экономды спорт. Бұған қымбат дүниелер керек емес. Қазір жүгіруге арналған аяқкиімдер де қымбат тұрмайды. Мысалы, Қытайдан мықты деген спорттық аяқкиімдердің өзін 10 мың теңгеге алуға болады, – дейді жүгіру спортының шебері Марғұлан Ермағанбетұлы.

Сөз басынан бері жазғанымыздай, жүгіру – кез келген адам үшін қаржылық жағынан үнемді, айналысуға ыңғайлы, қарапайым, бірақ ең қуатты спорт түрі саналады. Марафоншылар арасында "жүгіру үшін 2 нәрсе ғана болса жеткілікті" деген қағида бар екен.

– "Жүгіру үшін екі нәрсе керек" дейді. Ең бірінші, ниет керек, екінші – спорттық аяқкиім. Осы екеуі болса жеткілікті. Басқа ештеңенің керегі жоқ. Жай ғана футболка мен қысқа шалбар киіп те марафонға қатысуға болады. Сонымен жүгіріп, дайындала беру керек. Яғни, осы жағынан жүгіру – қолжетімді спорт. Дегенмен де жүгіру – спорттың төресі. Қазақша осылай аталады. Бұл – спорттың кәдімгі базасы. Спортшылар мұны жақсы біледі. Кез келген спортшы бірінші жүгіруден бастайды. Сол база ретінде, ыңғайлы спорт ретінде біз насихаттап жатырмыз, – дейді кейіпкеріміз бізбен әңгімесінде.

Семіздік – генетика емес, көбіне әдет

Марафоншы, рекордшы Марғұлан Ермағанбетұлы бүгінгі қазақтың сымбатын сипаттайтын жаңа белгінің пайда болғанын айтып отыр. Ол – семіздік. "Семіздік қазақтың да жаңа "паспорты" боп барады" деп ашынады ол.

Иә, бір кездері атқа мініп, кең даланы кезген қазақтың ұрпағы бүгінде "отырықшы" боп, семіздіктің құшағында өмір сүруде.

Неге бұлай болды? Той – семіздіктің бастауы. Тойға барғанда тек қуаныш емес, артық салмақ та ала келеміз. Ет, бауырсақ, торт, тәтті сусындар… Тілек айту емес, тамаққа тойып қайту. Дастарқан басында ұзақ отыру – жаңа "спорт" түрі. Бір кесе шайдың соңы бірнеше табақ тамақпен аяқталатын дәстүріміз бар. Отырамыз, күлеміз, жейміз. Тағы жейміз. Тағы шай ішеміз. Әңгіме қызса, тағы ішеміз. Қозғалыс аз, қимыл жоқ, бірақ шағым көп. Жүгіру – жаза емес, жаңару. Осыны түсіну керек.

Біз үшін жүгіру "біртүрлі, ұят" нәрсе сияқты. Біреулер үшін еріккеннің ермегі. Ал шын мәнінде, жүгіру – артық салмақпен күрестің қарапайым, бірақ ең қуатты жолы. Ол тек денені емес, жанды да тазартады.

БҰҰ-ның Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы семіздікті "ауру" деп таныды. Бұл жай ғана артық салмақ емес. Бұл – өмір сапасының төмендеуі, еркіндіктің шектелуі, өзіңді-өзің құрметтемей кетудің көрінісі. Семіздік – генетика емес, көбіне әдет. Ал әдет өзгереді. Тек шешім қабылдау керек, – деп сөзін қорытындылады ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу