Елді сазға отырғызған "Ceragem" орнын Қытайдың массаж-жамылғыcы басты

3153

Ресейлік мигранттар жалған "емдік қасиеті бар" қытайлық затты удай қымбатқа сатып, халықты алдап, аяусыз шығынға батыруда.

Елді сазға отырғызған "Ceragem" орнын Қытайдың массаж-жамылғыcы басты

2000 жылдардың басында Қазақстанды "Серагем" жаулап алды. Сарапшылар оны "зейнеткерлерге арналған секта" деп атады. Оңтүстіккореялық Seragem фирмасы шығарған массаж керуерттер маманның қатысуынсыз массаж жасауға арналған өнім ғана еді. Оны желілік маркетологтар алдау құралына айналдырып алды.

Қазақстанның әрбір қаласында тегін Серагем кабинеттері ашылды, олардың алдында әсіресе, қариялардан тұратын ұзынсонар кезек түзілді. Себебі бұл кушеткалар адамдар құтылуға асығатын ең басты кеселден – ауырсыну сезімінен құтқарады деп жарияланды. Оған жатқан адам бас ауруынан, иық, арқа, бел, жамбас, жүрек тұсындағы ауырсынулардан, сондай-ақ зәр шығару, жыныс және басқа жүйелердегі дерттерден арылады деп жарияланды. Аурудан арылуға асыққан адам кез келген уәдеге сенгіш келеді, алаяқтар соны пайдаланды. Тегін кабинеттерде ұзақ кезек күтуден шаршаған, бірақ емделуді жалғастырғысы келген адамдарға Серагем массаж керуерттерін сатып алу ұсынылды. Мұндай бір құрылғысымақ құны 1,5 миллион теңгеге дейін жетті. Ал Оңтүстік Кореяда бұл өнім небары 550 000 воннан, яғни 500 доллардан саудаланған.

Содан жұрт оны жапатармағай сатып ала бастады. Бірі үйінде "емделуді" қаласа, тағы бірі ақылы кабинет ашып, бизнес жасауға талаптанды. Алайда ғалымдар пиары мықты, насихаты өктем бұл керуерттерде ешқандай емдік қасиет жоғын әшкереледі: ондағы атақты ультрақызыл ұзын толқынды сәулелер адам денесін қыздырғанымен, пайдасы күн нұрынан да нашар болып шықты. Әрине, наным-сенім, өзін өзі сендіру, плацебо әсерімен жағдайы жақсарғандар болуы мүмкін. Бірақ дәрігерлер анықтағандай, өкінішке қарай, аталған керуерттердегі сеанстардан кейін адамдардың үлкен бөлігінің жағдайы қатты нашарлағаны сонша, оларға дәрігерге жүгінуге, тіпті кейбіріне хирургиялық операция жасауға тура келген. Сондықтан 2005 жылғы қыркүйектен бері Серагемге АҚШ-та тыйым салынды.

Ал Қазақстанда әлі күнге саудаланады. Бұған қоса бертінде оған егіз тамшыдай ұқсас Нуга Бест массаж керуерттері тарады. Олардың құны 2 миллион теңгеден асып кетті. Яғни, қаншама қазақстандық медициналық пайдасы шамалы тауарды бастапқы құнынан ондаған есе қымбатқа өткізген алаяқтардың торына түсті.

Енді міне, олардың орнына массаж-жамылғылар (массажные накидки) басып отыр. Алғашқы болып, Батыс Қазақстан облысының Тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті дабыл қақты.

Жалпы бұл өнімді өткізу схемасы Серагемге қатты ұқсайды. Біріншіден, ол үшін тұтас залдар жалға алынады. Екіншіден, халықаралық маркетплейсте арзан тұратын тауарды бірнеше есе қымбатқа сатады. Үшіншіден, "ғажайып өнімнің" тұсаукесері салтанатты түрде өткізіледі, келгендерге сыйлықтар үлестіріледі, әлдебір даңқы мен атағы бар сарапшылар сөз алып, мақтауын асырады. Мысалы, Орал қаласында массаж жамылғысының презентациясын өткізу үшін ұйымдастырушылар "Атамекен" Мәдениет үйінің банкет залын бірнеше күнге жалға алыпты.

"БҚО Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне 2022 жылдың басынан бері алданған азаматтар шағыммен көп жүгінуде. Олар ақшасын қайтаруға көмектесуді сұрады. Алматыдан келген гастролерлар Жапонияда өндірілген тауар деп, Қытайда жасалған массаж жамылғыларын батысқазақстандықтарға шынайы құнынан 10 есе қымбатқа сатқан. Департамент "Akdeer" ЖШС, "Vip Events" ЖШС, "AiSap" ЖШС және басқа да компаниялардан 70-тен аса арыз иесіне ақшаларын сот арқылы өндіріп алуына жәрдемдесті. Қайтарылған қаражаттың жалпы сомасы 53 млн 130 мың теңгені құрады", – деді Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің баспасөз хатшысы Мадина Ахметова.

Аталған департамент өкілдері ақпарат құралдары, әлеуметтік желі арқылы жұртшылыққа қайрылып, ол өнімді алудан сақтандырғанымен, алданған азаматтардан арыздар ары қарай тасқындап жатқан көрінеді.

М.Ахметованың мәліметінше, биылғы 31 қазанда тұтынушыларды қорғау ведомствосына Ж. есімді азаматтан шағым түскен, ол қоса тапсырған келісімшартта басқа компания – "Aj-store" көрсетілген. Яғни қытайлық массаж жамылғысын сататын алаяқ фирмалар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен көрінеді. Департамент қызметкерлері келісімшарттағы тауар құнын көргенде шалқасынан түсе жаздапты. Ешқандай күрделі технологиясы жоқ қарапайым ғана өнім 1 млн 414 мың 300 теңге тұратыны жазылған. Оны компания шағым иесіне "ғаламат" 35% жеңілдікпен, 890 000 теңгеге өткізіпті.

Назар аударатын жайт, осы алматылық компанияларды мигранттар, атап айтқанда ресейліктер құрып жатқан көрінеді. Яғни келімсектер қазақстандықтарды алдау арқылы тонауды жүзеге асырып жатқандай. Бұған құқық қорғау органдарынан еш шара болмағандықтан, қоғам белсенділері тосқауыл қоюға қал-қадари күш салуда. Мысалы, 3 қарашада оралдық заңгер, қоғам қайраткері Аслан Өтепов пен "Уральская неделя" басылымының тілшісі Талғат Омаров құны көк тиын тауарды аса қымбатқа өткізіп жібермек болған тағы бір фирмасымақтың – "Silk-A"-ның тұсаукесер өткізуіне кедергі жасап, қараңғы жұрттың қаражатын қалтасына басу талабына тоспа құрды. Қоғам белсенділері полицияны шақыртты. Компания қызметкерлері ішкі істер органдары қызметкерлеріне жеке құжаттарын көрсеткенде, компанияның тек бір өкілі ғана Қазақстан азаматы екені анықталды. Арайлым есімді жергілікті қызды келімсектер жолбастаушы, жөн көрсетуші ретінде алса керек. Қалғанының бәрі – Ресей федерациясының азаматтары болып шықты. Бәрі де мобилизация жасындағы аяқ-қолы балғадай еркектер.

Бұл фирма "Атамекен" сарайының банкеттік залын 2 күнге жалдап, 90 мың теңге төлепті. Егер тұсаукесері талапай болмағанда, жұртты алдау арқылы ондаған миллион табыс табатын еді. Себебі Қытайда жасалған арзанқол массаж жамылғыны 1 миллион 414 мың теңгеден сатып алуды ұсынған. Жыл басынан бері бір Орал қаласында тұрғындар 53 миллион теңгеге соны сатып алғанын (бұл тек департаментке шағымданғандары ғана) ескерсек, маркетологтардың арбауына, жадылауына көбісі көнетінін байқауға болады.

Оның үстіне бұл іске жергілікті биліктің септесіп отырғаны тіпті сорақы. Осы орайда журналистер БҚО әкімдігінің Мәдениет басқармасының басшысы Сайран Дүйсеновтен мәдениет ошағының және мемлекеттік мекеменің не себепті алаяқ фирмаға жалға берілгенін сұрады. С.Дүйсенов мұнда тұрған қорқынышты ештеңе жоқ дегенге келтірген. Ол Мәдениет сарайы коммуналдық қызметтерінің шығынын өзі төлейтінін, сондықтан залдарын түрлі фирмаға жалға беретінін алға тарта келе, мәселенің мән-жайын анықтауға уәде берумен жалтарды.

Журналист Талғат Омаровтың айтуынша, презентацияға шақыру туралы хабар оның телефонына бірнеше күн бұрын келіпті. Онда көрсетілген күні оқиға орнына жеткен Талғатты кіреберісте компания қызметкері қарсы алып, тұсаукесердің 4,5 сағатқа созылатынын, келген барлық адамға сыйлық (құлаққап-наушник және басқасы) берілетінін, ал егер соңын күтпей кетіп қалса, сыйлықтан қағылатынын ескертіпті. Бірақ оның журналист екенін білген соң, құлаққапты тықпалап, қатыспай кетіп қалуын қолқалай өтінген.

Департаменттің хабарлауынша, тұсаукесер тоқтатылғанға дейін осы жерге 35-тен ересек 15 адам келген. Арасында зейнеткерлер жетерлік.

"Мұндай презентациялар көп өткізіледі. Оларға қанша адам барғаны белгісіз. Бұл компаниялардың қызметі кең құлашты екенін аңғаруға болады. Компаниялардың тәбеті де, саны да өсуде. Олардың осы тауарын алған тұтынушыларының қатары да көбейіп барады. Біздің департамент тағы да БАҚ-та, әлеуметтік желіде азаматтарға ескертпе ақпарат орналастырып, әлгі тауар үшін ақшасын қайтарғысы келетін азаматтарға мемлекеттік органға жүгінуді сұрады. Батыс Қазақстан облысының және жалпы, еліміздің тұрғындарын аталған тұсаукесерлерге бармауға шақырамыз", – деді Мәдина Орынбасарқызы.

БҚО бойынша Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматованың түсіндіруінше, алдау схемасы қарапайым: қалаға Жапонияда жасалған әлдебір бірегей медициналық құрылғының саудасымен шұғылданатын компанияның өкілдеі келеді де, хабарлама жіберу немесе телефон шалу арқылы жұртты тегін тұсаукесерге шақырады. Онда массаж креслолары, жамылғылар және басқа да көр-шөр жарнамаланады. Әдетте мұндай презентациялар салтанатты орындарда, қымбат конференц-залдарда өткізіледі. Сонда қарапайым бұқара ол фирманы салмақты, байсалды деп таниды.

Департаменттен көмек сұрап жүгінгендердің бәрі бір жайтқа назар аудартады. Кіреберісте келушілерден смартфондарын сөндіріп қоюды талап етеді, бет-жүздерін түсіруге, не айтқандарын жазуға мүмкіндік бермейді. Мұны теңдессіз бірегей тауар туралы бәсекелестер біліп қоймау үшін қажет деп түсіндіреді екен. 

Кездесуде адамдарға ғажайып массаждық креслолар мен жамылғылардың аурулардың көп түрінен құтқаратыны туралы майын тамыза әңгімелейді. Келушілерге лотереяға қатысуды ұсынады, ұтқандарды дереу сахнаға шақырып, баламасы жоқ тауарды 30-35% үлкен жеңілдікпен сатып алуға үндейді. Екінші рет ондай мүмкіндік болмайтынын айтып, делебесін қоздырады. Жұрт ортасында отырған, көрермен терісін жамылған қызметкерлері оны толық құнына алуға да дайын екендерін айтып, жар салады, дәріптейді. Ал жеңілдікпен алынған тауарды кез келген уақытта әлдеқайда қымбатқа қайта сатуға болатынын айтып, қызықтырады.

Қазір барлық дерлік адамның смартфоны банктегі депозитімен байланысқан. Тіпті салымы жоқ болса, ұйымдастырушылар тез арада тұтынушылық кредит рәсімдете қояде екен. 

Эльмира Қиматова "барлық дерттен емдейтін" сиқырлы жамылғы-креслоларға қосымша сыйлық беріп, ынтықтыратынын ескертті. Көрпе, жастық, қол массажерін, қол шаңсорғышын тарту етеді. Ал шынында оның бәрі тиын-тебен тұратын тауарлар. Себебі оның бәрі қытайлық маркетплейстерде су тегінге сатылады, сапасы аса нашар.

Қазіргі кезде қытайлық массаж жамылғыларын сатып алып, сан соққандар миллиондарын қайтарып алу үшін соттасуын жалғастыруда.

Таяуда Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің қатысуымен, Орал қаласының №2 соты "Akdeer" ЖШС-іне қарсы ұжымдық талап арыз бойынша үкім шығарды. Бұл осындай үшінші шешім болып отыр. Компания 8 тұтынушысына 4,9 млн теңгені қайтаруға міндетті.

Алайда ресейліктер құрған жалған фирмалар бүгін бар, ертең жоқ. Олардың клиенттерге қаражатын кері оралтатынына сену қиын. Сауда сақал сипағанша қағидатымен, қалтасына миллиондар түскен соң, басқасын құрады. Қазақстанда фирма тіркеу жылдам әрі тегін екенін олар түсіне қойды.

Жалпы релоканттар, мобилизациядан қашқандар, РФ тұрғындары Қазақстанға өздерімен бірге капиталды, зияткерлік ақыл-ойды, тың идея-бастамаларды әкеледі де, ел экономикасын көтереді, халықты байытады деп қуанғандар Үкіметтегі биік лауазымды тұлғалар арасында да болды. Мына жағдай мүлдем керісінше көрініс қалыптасып жатқанын аңғартқандай.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу