Елімізде 35 млрд теңгеге 156 ғылыми жоба жүзеге асырылуда

Бұл бастамалар экономикалық жағынан тиімді ме?  

Елімізде 35 млрд теңгеге 156 ғылыми жоба жүзеге асырылуда

Осы сұраққа жауап бере алмаған вице-министрді Мәжіліс төрағасының орынбасары сынға алды. 

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы талқыланды. Жиында сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты Серік Сейдуманов елімізде 35 млрд теңге бюджет қаражаты есебінен 156 жоба жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Бұл ретте ол Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленовтен "аталған жобалардың экономикалық тиімділігі дәлелденген бе?" деп сұрады. 

"Жобалардың барлығы коммерциялық деңгейге енді жетті. Нәтижесінде 1200 жұмыс орны құрылды. Жобалардан түскен кіріс 6,6 млрд теңгеге өсті. Авторларға төлейтін қаржы 200 млн теңгеге артты. Олардан түсетін салық 2,3 есеге өсті, яғни, 2,3 млрд теңге. Расында мемлекет жобаларды коммерцияландыруға көп қаржы жұмсайды. Соған сәйкес экономикалық жағынан тиімді болуын қалайды. Алайда жоба өзін тек 3 жылдан кейін ақтап, экономикалық тиімділік те 3 жылдан соң ғана анықталады", – деді вице-министр. 

Мирас Дәуленовтың "жобаның тиімділігі 3 жылдан кейін белгілі болады" деген жауабына Мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Истайбекқызының көңілі толмады. Ол кез келген бастамаға қаржы бөлмес бұрын оның тиімділігіне болжам жасалуы керек екенін айтып, вице-министрге сауалға жазбаша жауап беруді тапсырды. 

"Жобаны жүзеге асырмас бұрын одан қандай экономикалық пайда бар деген болжамдар жасалуы керек. 35 мрлд теңге аз сома емес. Ертең ол бізге қанша ақша болып қайтады? Нақты осы сұраққа әріптестеріңізбен ақылдаса отырып, жазбаша түрде бүгіннен қалдырмай жауапты беріңіз", – деді Мәжіліс төрағасының орынбасары. 

Бұл ретте Мирас Дәуленов ғылыми жобаларға сараптама жүргізу үшін тартылатын мамандар туралы сөз қозғады. Оның сөзінше, Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы базасында 7540 шетелдік және 2500 қазақстандық сарапшы бар. 

"Ал дәл осы қаржылық сараптаманы 202 маман жүргізеді. Коммерциялық жобаларды сараптау үшін орталық ACC, CIMA халықаралық сертификаттау мен қаржыгерлерді, маркетологтарды, аудиторларды және басқа тұлғаларды тартады", – деді вице министр. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу