Елімізде фермерлер 1 қап картопты 1 шоколадқа бере салуға дайын отыр

1791

Қазақстанда да бұл "түбірдің" тапшылығы туындамай ма? 

Елімізде фермерлер 1 қап картопты 1 шоколадқа бере салуға дайын отыр Фото: гастроном

Көрші Ресейде "екінші нанның" дефициті басқа шауып, төске өрлеп жатыр. Ірі супермаркеттерде және базарларда "жас картоптың" немесе "экстра+ картоптың" (маркетинг қатырады!) 1 келісі 400 рубльден (шамамен 2 600 теңге) сатылуда. Ал, өткен жылғы шірік картоп – орта есеппен 83 рубль (шамамен 540 теңге) тұрады.

Осы ауыр жағдайды көріп, Беларусь пен Қазақстан өзінде өсірілген картопты сыртқа экспорттауға шектеу қойып тастады. Мәскеу амалсыз, бұл өнімді Египеттен және Әзербайжаннан тасуда.  

Дәл осы кезде қазақстандық фермерлер жаңа маусымда өз алушысына картоптың әр келісін 100–150 теңгеден беруге дайын. Бір қабы шамамен 3 мың теңгеден келеді, яғни, бір қап картопты ортанқол бір қорап шоколадтың құнына бере салуға әзір.

Айта кету керек, 2025 жылдың басында Қазақстанның өзінде де осы дәмді түбірдің құны шарықтап кетті, әр келісі 450 теңгеге дейін барды. Алайда ElDala.kz мамандандырылған порталының хабарлауынша, бұл  "картоп күйзелісінен" ұсақ және орта фермерлердің басым көпшілігі үлкен пайда таба алмапты.

Өйткені бөлшек баға шығандағанымен, диқандарға делдалдар ұсынатын көтерме баға сол бойы көп көтерілмеді. Оның үстіне ауыл кәсіпкерлерінің көбі 2024 жылғы астығын сол жылы, жиналғанын жиналғанша бірден егістіктен сатып жіберуге мәжбүр болды.  

Ал, елдің бәрі егін жинайтын күзгі маусымда кез келген көкөністің бағасы ең төменгі межесіне дейін құлдырайды. Ал, біраз күтіп, құны жоғарылағанда сатайын десе, көбінде қыс бойы көкөніс сақтайтын қоймалар жоқ. Сатып үлгермеген астығы қар астында шіріді.

Оларын қыс қарсаңында тегін таратуға мәжбүр болғандары да табылды. Бірақ былтырғы күзгі маусымда картоптың орташа бағасы 120 теңге болды.

Сондықтан сарапшылардың айтуынша, нарықта картоп бағасының шарықтауына фермерлердің өздері теріс қарайды: тұтынушылар, қоғам белсенділері, тіпті шенеуніктер нарықтағы дағдарысқа диқандарды айыптайды, сөгеді, тіпті қарғайды. Екі ортада тек делдалдар және сауда желілері ғана ұланғайыр табысқа кенеледі.

Көкөніс өсірумен айналысатын жетісулық Alim Agro компаниясының басшысы Талап Медеубаев ауыл шаруашылығында 17 жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол кейінгі жылдары күннің қатты ысып бара жатқанына назар аудартты.

Көктем бітпей жатып, қырық градустан жоғары аптап орнады. Бұл шаруаларды егістікті жиірек, жете суаруға итермелейді екен.

"Азын-аулақ жауын жауды, бірақ шыжыған ыстық топырақты шектен тыс кептіріп үлгергендіктен, ол ылғал өнімді болмады. Салдарынан, суаруға қарамастан, сәуірдің ортасында егілген картоп мамырдың ортасында да жер астынан шығып, өскін бермеді. Былтырғы маусымда басқаша болып еді: сәуір, мамыр және маусымда көп жауын жауды. Бірақ ол да пайдалы емес, басыартық ылғал жағдайында фитофтороз сияқты өсімдік дерттері белсенді дами бастайды", – деп шаруашылықтағы қиындықтар жайын баяндады Медеубаев.

Alim Agro биыл әр шектардан 50 тоннадан өнім жинауды мақсат етіп отыр. Оның басшысының айтуынша, егер осы картоптың әр келісін 150 теңгеден сата алса, фермерлер соған қанағаттанады.

Бұл ретте картоптың шығымдылығы неғұрлым жоғары болса, тіпті төмен бағаға қарамастан, фермердің табысы мен рентабельділігі соғұрлым жоғары болады.

Бұған қол жеткізу үшін аграршылар тамшылатып суаруды, жаңа шешімдерді, тұрақты түрде жоғары өнім алуға мүмкіндік беретін агротехнологияларды, аурулармен және зиянкестермен күресетін тиімді препараттар кешенін қолданғаны жөн.

Сала маманы, "Эридон Казахстан" директорының орынбасары Виктор Свериданың айтуынша, препараттар кешені сондай-ақ жас өскіннің жер бетінде барынша тез пайда болуына және жер астында картоптың тамыр-түбір жүйесінің жайқала өсуіне серпін береді. Картоп өнімдерінің бірдей жұмыр, әрі ірі болуына, тартымды тауарлық сипатқа ие болуына да ықпал етеді.

Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрлігі елдегі картоп қоры ішкі қажеттілікті толық қамтамасыз етуге жеткілікті деп отыр.

Жыл басындағы жағдай бойынша сауда желілерінің қоймаларындағы өнімді есепке алмағанда, картоп қоры 850 мың тоннадан асты. Соның ішінде картоп өсірушілер қауымдастығы бойынша 600 мың тонна, тұрақтандыру қорларында – 68 мың тонна, жеке қосалқы және шағын шаруашылықтарының жертөлелерінде – 200 мың тоннадан астам картоп болған.

Сондай-ақ біраз көлемі шетелден әкелінді. АШМ 2024 жылы Қазақстанда жалпы көлемі 2,9 миллион тонна картоп жиналғанын айтады. Бұл – былтырғы ескі өнім. Қазірдің өзінде елдің аузы биылғы жаңа астыққа да жетіп үлгерді.

Ресми дерек бойынша ерте егін жинау науқанына дейін, яғни, қаңтар-сәуір аралығында Қазақстан халқы – 1,5 миллион тонна, оның ішінде қалалықтар – 954 мың тонна картоп жеп қойыпты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу