Елімізде төртінші өнеркәсіптік революциясының орталығы ашылды

7675

Орталық жаңа технологияларды дамытуға мүмкіндік береді.

Елімізде төртінші өнеркәсіптік революциясының орталығы ашылды

"Астана" халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) төртінші өнеркәсіптік революциясының аффилденген орталығы ресми түрде ашылды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Astana Finance Days конференциясы аясында төртінші өнеркәсіптік революцияның аффилденген орталығы (4ӨР аффилденген орталығы) іске қосылды. Орталықты АХҚО Дүниежүзілік экономикалық форум (ДЭФ) және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен (ЦДИАӨМ) бірлесіп ашты.

Іс-шараға Қазақстан Президентінің кеңесшісі Сэр Сума Чакрабарти, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасы, АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Дүниежүзілік экономикалық форум президенті Бёрге Бренде, Дүниежүзілік экономикалық форумның 4ӨР орталығының басшысы Джереми Юргенс, Түркиядағы 4ӨР аффилденген орталық басшысы Эфе Эрджәне,  Еуразиялық иоптың корпоративтік ИТ директоры Еркін Шназбаев қатысты.

Нұр-Сұлтандағы 4ӨР орталығы жаңа технологияларды енгізу үшін заңнамалық кедергілерді азайту, жасанды интеллект, заттар интернеті, робототехника, блокчейн салаларындағы және басқа да өзекті бағыттарда инновацияларды реттеу тетіктерін, рәсімдерін және қағидаттарын жетілдіруге мүмкіндік береді.  

Қайрат Келімбетовтің айтуынша, жаңа орталық инновациялық жобаларды іске асыру үшін Орталық Азиядағы мемлекеттік құрылымдар, бизнес пен индустриялық серіктестер арасындағы байланысты нығайтады.

"Халықаралық ынтымақтастықтың арқасында қазақстандық бизнес-қоғамдастық, сондай-ақ АХҚО қатысушылары Дүниежүзілік экономикалық форумның қатысушыларымен іскерлік әріптестік қарым-қатынас орнатып, Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық желісінің бір бөлігі бола алады",– деді Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасы, АХҚО Басқарушысы. 

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин орталықта 3 маңызды құраушы бөлікке назар аудару керегін атап өтті. Оның пікірінше, жетекші шет елдердің тәжірибесін қабылдап, іс жүзінде пайдалана білу керек.

"Біріншіден, байланыстың тиісті инфрақұрылымын өрістету қажет. Заттар интернеті, өндіріске роботтандыру мен жасанды интеллектті енгізу үшін сапалы интернет, 5G керек шығар. Мұнда халықаралық тәжірибені пайдалану маңызды. Екіншіден, біздің міндетіміздің бірі – отандық мамандарды даярлау және қайта даярлау саласындағы халықаралық тәжірибені пайдалану. Мамандарымыз "Индустрия 4.0"-ге көшуге дайын болуы керек. Үшіншіден, мемлекет тарапынан салық жеңілдіктері немесе бірлескен инвестиция, ынталандырудың болуы маңызды. Яғни кәсіпорындарға қолайлы шарттар ұсыну қажет", – деді ведомство басшысы.

Ал Дүниежүзілік экономикалық форумның президенті Бёрге Бренде 4ӨР елімізде жаңа технологияларды дамытуға мүмкіндік беретінін жеткізді.

"Қазақстан төртінші өнеркәсіптік революция орталығының жаһандық желісіне қосыла отырып, әлемге инклюзивті және әділ қағидаттармен реттелетін жаңа технологияларды енгізе алады", деді ДЭФ президенті.

Дәурен Ерболат


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу