"Ең төменгі жалақы 500 доллар болсын"

3774

Елде ең төменгіден де төмен жалақы алатындар жетерлік. 

"Ең төменгі жалақы 500 доллар болсын"

Қазақстан ЕТЖ жөнінен ТМД елдерінен артта қалды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Үкіметтің бүгінгі отырысында президенттік тапсырмаларды қалай орындайтынын мәлімдеді.

"Жолдауға байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мынадай шараларды іске асырады: "Кәсіптік біліктіліктер туралы" заң жобасын әзірлейді. Көші-қон саясатының тұжырымдамасын жасайды. Халықтың еңбек ұтқырлығы мәселелерінде жаңа тәсілдерді дайындайды. Ең төменгі жалақыны (ЕТЖ) қазіргі 42 500-ден алда 60 мың теңгеге дейін арттырамыз және азаматтық қызметшілердің кейбір санатының жалақысы өсіріледі", – деп хабарлады ведомство басшысы.

Оның айтуынша, Президент Қ.Тоқаев жариялаған бастамаларға сәйкес еңбекақы төлеуді арттыру бойынша шаралар іске асырылады.

"2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕТЖ мөлшері 60 мың теңгені құрайды. Бұл шара 1 миллион 650 мың жалдамалы қызметкердің ақшалай табыстарының өсуіне алып келеді. Бұл сондай-ақ разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, басқа да қызметкерлердің кірістерін арттыруға мүмкіндік береді. Екіншіден, 4 жыл ішінде азаматтық қызметшілердің жекелеген 588 мың санатының, яғни мұрағатшылардың, кітапханашылардың, музейтанушылардың, орманшылардың, техникалық персоналдың және басқасының жалақысын кезең-кезеңімен арттыру үшін Үкімет қаулысының жобасы әзірленеді. Нәтижесінде, 2022 жылдан бастап олардың жалақысы жыл сайын 20%-ға артып, 2025 жылға қарай екі есеге көбейеді. Ең төменгі жалақысы 49 мыңнан 60 мың теңгеге дейін немесе 22%-ға өседі", – деді министр.

Айта кету керек, Қазақстанда ең төменгі жалақы – аса маңызды макроиндикатор. Мысалы, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) салықты есептеуде қолданылса, ЕТЖ – түрлі салықтық шегерімдер жасап, жеңілдік беруде, жалақы мөлшерін есептеуде қолданылады, яғни азаматтар табысының артуына ықпал етеді. 

Үкімет АЕК-ті 2018 жылғы 2 405 теңгеден 2021 жылы 2 917 теңгеге дейін көтерді, ЕТЖ-ні бұрынғы 42 500 теңге көлемінде қалдырды. Осылайша, елімізде ең төменгі жалақы мөлшері 2019 жылдан бері өскен жоқ. Салдарынан, қазақстандықтар төлейтін барлық салық пен айыппұлдар түрі тегіс шарықтап өсті, онсыз да пандемия мен дағдарыстан қалжыраған елдің еңсесін езді. Ал жалақы өспей қалды.

"Елді қымбатшылық жайлауда, жалақыны көтеру ешкімнің ойында жоқ" деген пікір қоғамда, әлеуметтік желіде күнде айтылатын сөзге айналды.

Мемлекеттің бұл ағаттығын билік мойындағандай. Мемлекет басшысының айтуынша, коронадағдарыс тұрғындардың табысына кері әсер етті, оның үстіне Қазақстан ең төменгі жалақы деңгейі бойынша ТМД елдерінен артта қалып қойды.

Мысалға, биыл осы көрсеткіш Украинада – 6500 гривнаға (102 765 теңгедей), Ресейде – еңбекақының ең төменгі мөлшері (МРОТ) 12 792 рубльге (74 194 теңгедей), Беларусте – 400 белорустік рубльге (68 000 теңгедей) тең.

Дегенмен, қазақстандықтарға биыл да ескі төмен жалақымен амалдай тұруға тура келмек: Президент тек келесі 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ЕТЖ-ні көтеру туралы шешім қабылдады.

Жалақы артса, ІЖӨ өседі

Қазақстандықтар 60 мыңды да азсынады. Мысалы, елорда тұрғыны Әмір Сағындықов https://dialog.egov.kz/blogs/all-questions/693871Еңбек министрлігінен 1 жұмыс күні үшін еңбекақыны шамамен 10 мың теңге мөлшерінде бекітуді ұсынды.

"Мен Қазақстан азаматы ретінде Үкімет пен Парламенттен ең төменгі жалақыны сағатына 3 доллар (1,3 мың теңге), 8 сағаттық толық жұмыс күні үшін 24 доллар (шамамен 10 мың теңге), ал бір ай үшін – 500 доллар көлемінде белгілеуді талап етемін. Ата заңның 3-бабына сәйкес, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Ендеше халықтың бір өкілі ретінде бұл нұсқауымды орындауды талап етемін! Біз ешқандай ымыраға барғымыз келмейді. Бізге жалақыны 20-50-100% мөлшерінде өсіру секілді садақалар керек емес. Бізге 500 доллар көлемінде ең төменгі жалақы және 2500 доллар орташа жалақы қажет. Ол тек доллармен белгіленсін, әйтпесе, теңгені қанша көтерсе де инфляция мен девальвация жеп қояды", – дейді ол.

Азамат мұны ашынғаннан айтты, ол бағалар барлық салада қымбаттап жатқанын, бұқара бала асырауға қаражат таппай жатқанын жеткізді.

Оған еңбек министрі Серік Шапкенов жауап қатты.

"Министрлік мүдделі меморгандармен бірлесіп, ЕТЖ-ні көтеру мәселесін қарастыру жөніндегі Жол картасын әзірледі. Оған сәйкес, ЕТЖ-ні белгілеу және оның ел экономикасының дамуына ықпалы бойынша халықаралық тәжірибені зерттеу жүргізілуде. Соның қорытындысында ЕТЖ-ні белгілеу әдістемесі әзірленеді", – деді министр.

ЕТЖ өссе, мұның елге тек пайдасы тиеді. Ең төменгі жалақы мөлшерін көбейту ішкі тұтынуды ұлғайтып, экономикаға оң әсер ететінін Президенттің өзі айтты. Сарапшылардың бағалауынша, бұл ІЖӨ-ні 1,5 пайызға арттырады.  Сонымен бірге, көлемі жалпы жалақының 30-40%-ына дейін жететін "көлеңкелі" еңбекақы қорын азайтады.

Бекітілген ЕТЖ күресу үшін керек

Жалпы, ең төменгі жалақыны бекіту одан төмен жалақы төленуіне тыйым салынады дегенді білдіруі керек еді. Алайда олай болмай тұр.

"Біздің елімізде 42,5 мың түгіл, 15 мың теңге жалақы алатындар бар көрінеді. Мысалы, Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданындағы Көгершін кентінің пошташысы осынша ғана жалақы алады. Мен осыны айтып, мәселе көтергенмін. Оған Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясының басқармасы жауап берді. Бірақ жауабында Еңбек кодексінің баптарын көшіріп, жібере салыпты. Адамдарға осынша төмен жалақы төленуі масқара ғой", – дейді қоғам белсендісі Назифа Жүніс.

Қостанай тұрғыны, үш баланың анасы Айымгүл С. 2019 жылдан бері "5 Граней" компаниясында оператор болып жұмыс істеген.

"Бастапқы кезде директорымыз бізге 60 мың жалақы төледі. Кейін салықты аз төлеу үшін жалақымызды қағаз жүзінде ЕТЖ деңгейіне дейін түсірді, бірақ қолымызға 60 мыңнан беріп отырды. Бертінде елде пандемия басталғанда жалақыны ЕТЖ-ға дейін нақты төмендетті. Жұмыс жеңіл емес, нормаланбаған, кейде түнгі 2, 4-ке дейін істейміз. Мереке күндері де жұмысқа шығамыз. Бертінде мені есепші қызметіне ауыстырды, бірақ жалақысы ең төменгі деңгейде қалды", – дейді ол.

42 500 теңгеден әртүрлі жарналар мен аударымдар ұсталғанда, жұмысшы қолына тиын-тебен ғана тиеді екен. Осыған шыдамай, маман компаниядан кетуге мәжбүр болған.

Экономист, зерттеуші Данияр Молдақанов кез келген адамның адал еңбегі лайықты төленуге тиістігін айтады.

"Адам өз жалақысына сапалы өмір сүре алуы керек. Елдің өркениеттілігін, дамығанын осы анықтайды. Бірақ Қазақстанда компания кейде жұмысшыларымен еңбек шартын бекіткенде, онда ЕТЖ-ны көрсетеді, алайда іс жүзінде жұмысшылар шартта көрсетілгеннен де аз алады. Әйткенмен, мемлекеттің ЕТЖ-ні заң жүзінде бекітуі жұмыскерлерге соны пайдалана отырып, өз құқығы үшін күресуге мүмкіндік береді", – деді сарапшы.

Қалай болғанда, кейбір компаниялардың ЕТЖ-дан да аз төлеуінің мысалдары жетіп артылады. Егер "Қазпошта" секілді квазимемлекеттік секторда да, жеке секторда да ЕТЖ сақталмайтын болса, оны шамалы көтеру ел тұрмысын жоғарылатады дегенге сену қиын.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу