Келесі аптаның сенбісінде осыны қарастыратын жаңа заң күшіне енеді.
Мәжіліс депутаттары жазған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне байланыс қызметтерін көрсету, мемлекеттік сатып алу, көлік және пошта мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына 10 ақпанда Мемлекет басшысы қол қойды.
Заң жобасын жазған авторлардың бірі, Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Екатерина Смышляева құжатқа сәйкес, енді пошташылар жөнелтілімді бөтен тұлғаларға бере салуы мүмкін екенін растады. Тек ол адамның қолында тиісті QR-код болса жеткілікті.
"Бүгінде пошта саласы трансформациядан өтуде. Алайда қазіргі кезде қағаз хаттарды, мерзімді басылымдарды жеткізу қызметтері азайып келеді. Осы жағдайда пошта байланысының логистикалық инфрақұрылымын жоғалтпау және дамудың оңтайлы жолдарын табу маңызды. Сондықтан заңмен жеткізу тәртібі өзгереді. Ол тиісті пин-код немесе QR-код болған кезде үшінші тұлғалардың поштаны қабылдап алуына мүмкіндік береді. Бұл әсіресе, тауарды маркетплейстерден пошта бөлімшесіне және үйге жеткізуді жеңілдетеді", – деді мәжілісмен Смышляева.
Депутаттың түсіндіруінше, бұған дейін пошташылар хатты, газет-журналдарды, сәлемдемелерді, соның ішінде ішінде құнды заты, тауары бар жөнелтілімді оның иесінің немесе тапсырыс берушінің қолына ұстатуға міндетті болатын. Бұл талаптың орындалған-орындалмағанын тексеру үшін пошта қызметкері немесе апарған пошташы ол адамның қолын қойғызып алуға тиіс еді.
Алайда пошта алушы пошта бөлімшесіне ұзақ уақыт келмеуі мүмкін. Пошташы келгенде, иесі үйінде болмай шығады. Немесе кейде алдын ала хабарласып, келіскенімен жеме-жемге келгенде, аяқ астынан бір жұмысы шығып, ол адам сыртқа шығып кетуі мүмкін. Содан ұзақ күтіп отыра алмайтындықтан пошташыға жөнелтілімді арқалап кері қайтуға тура келеді.
Депутаттар "цифрлық технологияларды пайдаланып", олардың жұмысын жеңілдетіп отыр. Жаңа жағдайда жеткізуші хатты не сәлемдемені басқа бір адамға тастап кете алады. Мәжілістегі әріптестері енгізген бұл жаңашылдыққа сенаторлар әдеттегідей "құп!" дей салды.
"Үшінші тұлғаға тастап кету үшін иесінің, адресаттың келісімін алуы керек. Заңда пин-кодты теру немесе QR-кодты оқу арқылы пошта жөнелтілімін үшінші тұлғаларға тапсыру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл пошта операторларының қызметтері пайдаланушыларға ыңғайлы болуы үшін жасалды", – деп түсіндірді сенатор Әлібек Нәутиев.
Айтқандай, енді пошта жәшіктері бірте-бірте жойылуы мүмкін. Кіреберістегі мұндай жәшіктерің көптеген ұяшығы аузы-мұрнынан шыға толып тұрады. Пәтер иелері оны тазартып тұруға көп мән бере бермейді.
Ал, ондағы дербес деректерді алаяқтар қолға түсіріп, халықты алдау мақсатында пайдалануы мүмкін. Өйткені мәселен, коммуналдық қызметтердің түбіртектерінде баспана қожайынының аты-жөні, жеке абоненттік нөмірлері, отбасы мүшелерінің саны, пәтерінің ауданы және басқа мәліметтері егжей-тегжейлі келтіріледі. Депутаттар оны поштаматпен ауыстыруды ұсынды.
Президент қол қойған жаңа заңда ПИК/КСК және МИБ/ОСИ кеңсесінде сәлемдемелерді қабылдау үшін поштаматтарды орнату және пайдалану тәртібі көзделді. Бұл норма оларды кондоминиум нысандарында орналастыру үшін қажет көрінеді.
"Жыл сайын пошта жәшіктеріне салынатын қарапайым хаттар көлемі азайып барады. Осыған байланысты қолданыстағы заңнамадан пошта жәшіктері бойынша ережелер алынып тасталады. Бұл ретте ғимараттар мен көп пәтерлі тұрғын үйлерде поштаматтарды орналастыру мәселелері заңмен реттелген", – деді Сенат депутаты Нәутиев.
Жалпы, пошташыға оңай болсын деп маңызды хатты не сәлемдемені үшінші тұлғаға бере салуға рұқсат ету Парламенттің қос палатасында қызу пікірталас туғызған жоқ. Дегенмен, Қазақстанда алаяқтық алапат ауқымға жеткен кезеңде мұның дұрыстығына күмән келтірген депутаттар болды.
"Жаңа заңның бұрын-соңды болмаған жаңалықтарының бірі – пошта жөнелтілімдерін алу рәсімін жеңілдету болып отыр. Яғни, осы заңда QR-код немесе SMS-тегі пин-код арқылы пошта жөнелтілімдерін бөгде, үшінші тұлғалардың алып кетуіне жол беретін механизм қарастырылды. Бұл бір жағынан жақсы шығар, бірақ сұрақтар туындайды. Ол енгізілгеннен кейін азаматтардың жеке деректері таралып кетпей ме? Алаяқтар үшін бұл жаңа айла-тәсіл болмай ма? Сондықтан осыған жол бермес үшін алдымен тоспа тетіктері қарастырылуы керек еді", – дейді мәжілісмен Жұлдыз Сүлейменова.
Заңның бір авторы, депутат Екатерина Смышляева мұндай қауіп-қатер барын жоққа шығармады. Өйткені алаяқтықтың жілігін шағып, майын ішкен, әралуан айла-шарғысын жетік меңгерген алаяқтар заңмен бекітілген түрлі талапты өз орайына пайдаланып кете алуы мүмкін.
"Біз бұл қауіп-қатерлерді жұмыс тобының отырыстарында талқыға салдық. Бірақ оған тосқауыл қоятын тетіктер бар. Мысалға, біріншіден, SMS немесе QR-код қосымшаны пайдаланушының "жеке кабинетінде" генерацияланады. Сондықтан бұл тұрғыда тәуекел жоқ. Ал, азаматтардың дербес деректерінің қолды болатынына келсек, сәлемдемені беруші оны жөнелтуші мен алушының тұлғасын сәйкестендірген, тексерген, верификациялаған кезде дербес деректерге қол жеткізеді. Бірақ бұл процесс мемлекеттік сервистер, eGov арқылы жүзеге асырылады", – деді мәжілісмен Смышляева.
Қазіргі кезде мемлекеттік сервистерден де азаматтардың дербес деректерінің сыртқа кетіп қалу фактілері тіркелуде. Қалай болғанда, жаңа заң азаматтардың тағдырын мемсервистерге сеніп тапсырды.
"eGov-та дербес деректерге қол жеткізуді бақылау орнатылған. Азаматтың келісімін алмай, оны құлағдар етпей, мұндай процестер жүргізілмейді. Яғни, ол адам байқамай, білмей қалатын жағдай болмайды. Хат, сәлемдемелерді үшінші тұлғаларға беру тетігінің алаяқтық тудыратынына қатысты айтсам, SMS немесе QR-кодты беру тікелей физикалық контактіде, яғни, бетпе-бет кездескенде жүзеге асырылады. Пошташы не курьер жөнелтілімді кімге бергенін көреді. Ешбір адам ешкімнен SMS-кодты қашықтан жіберуді сұрамайтын болады. Ендеше мұнда да тәуекел төмен", – деп уәде етті депутат Екатерина Смышляева.
Дегенмен ол да бір гәп барын ескертті.
"Азаматтарымызға, жөнелтілімнің түпкі иелеріне ұялы телефонына келіп түскен кодтарды ешкімге қашықтан хабарлауға болмайтынын ескертуіміз қажет. Қазіргі кезде алаяқтар шықты, олар: "Сізге сәлемдеме-посылка келіп тұр, оны алу үшін смартфоныңызға келген кодты айтып жіберіңіз" деп қоңырау шалады. Айтпаңыз! Сәлемдемесін алып келсін, қолыңызға алып, көзінше ашып қараңыз. Содан кейін ғана кодты хабарлаңыз. Егер осы ережелердің бәрі сақталса, біз ешқандай қауіп байқап отырған жоқпыз", – деді Смышляева.
Бірақ әлеуметтік желіде алдану оқиғасын әңгімелеген қазақстандықтар алаяқтардың енді құрбанына шынымен де әлдебір сәлемдемені алып келетінін айтады. Оның ішінде "1000 ұсақ-түйек" форматындағы дүкендерде сатылатын арзанқол бір тауар жатады.
Сарапшылардың айтуынша, мұның бір схемасы келесідей көрінеді: алаяқтар "Қазпоштадан (немесе курьерлік ұйымнан) телефон соғып тұрмыз!" деп хабарласып, құрбанының қашан үйінде болатынын нақтылайды. Бұл ретте дербес деректердің сыртқа ағып кетуі кесірінен алаяқтардың қолында әрбір дерлік қазақстандықтың мекенжайы бар.
Келісілген уақытта құрбанның үйіне әлдебір тауар салынған сәлемдемені көтеріп, курьер келеді. Жөнелтілімді тапсыру үшін ол адамнан ұялы телефонына келген кодты хабарлауды сұрайды. Дәл осы кезде ол байғұстың атына басқа бір алаяқ онлайн кредит рәсімдеп жатады. Кодты ала салысымен, несие алу ісі тәмамдалады. Алданған адам белгісіз "посылкамен" бірге сыртынан рәсімделген кредитке ие болғанын аңғармай қалады.
Олай болса, депутаттар қанша сендіргенімен, алаяқтар сәлемдеме көмегімен кодтарды қашықтан емес, бетпе-бет те біліп алуы мүмкін. Бұл схемаға енді үшінші тұлғалар, яғни, құрбанның туысқандарының, тамыр-таныс, көрші-қолаңдарының да тартылу қаупі туындауы мүмкін.