Келесі аптадан бастап, "Қазпошта" АҚ өз қызметтерінің өрісін күрт кеңейтіп, көпфункционалды сервиске көшуге бет қояды. Мемлекет басшысы "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне байланыс қызметтерін көрсету, мемлекеттік сатып алу, көлік және пошта мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына 2025 жылғы 10 ақпанда қол қойған болатын. Ол келесі аптада, 20 ақпаннан кейін күшіне енеді.
Бұл заңға сәйкес, "Қазпошта" акционерлік қоғамына денсаулық сақтау саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкес дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды тасымалдау және сақтау құқығы беріледі. Дәл осындай функцияға мысалы, "СҚ-Фармация" бірыңғай дистрибьюторы және дәріханалар ие.
Қазіргі кезде Қазпоштаның республика бойынга 2 834 пошта бөлімшесі жұмыс істейді. Оның ішінде 2 054-і – ауылдық жерлерде орналасқан. Мәжіліс депутаты Таңсауле Серіков пошта туралы жаңа заң жобасының бастапқы нұсқасында бұл өзгеріс қарастырылмағанын әңгімеледі.
Жобаны талқылау барысында депутаттар арасында дәрілік препараттарды Қазақстанның шалғай аудандарына жеткізуде пошталық оператордың кең желісін пайдалану идеясы туындаған.
"Бұл мысалы, қияндағы ауылдарда тұратын, диспансерлік есепке қойылған, немесе созылмалы ауруы бар сырқаттарға тегін дәрі-дәрмекті есігіне дейін жеткізіп беруге жол ашады. Мұндай қызметке ауыр науқастар, мүгедектігі бар жандар да төтенше мұқтаж. Ал, қиырдағы елді мекендерде дәріхана атымен жоқ. Бұл ретте пошташылардың мемлекет беретін медикаменттерді нақты иесінің қолына ұстатуы, персоналды жеткізуі және табыстау кезінде алушыны аутентификациялауы халықты тегін препараттармен қамтамасыз ету процесін барынша мөлдір етеді", – деп түсіндірді мәжілісмен.
Өйткені, оның айтуынша, зәру жандарға тегін таратылуға тиіс дәрі-дәрмектің артынша дәріханалар арқылы саудадан бір-ақ шығу деректері аз кездеспейді. Мына жағдайда дәрінің діттеген жеріне, күткен адамына жеткізілуіне пошташы дербес жауап береді.
Дегенмен, талқылау барысында медикаменттерді тасымалдаудың барлық стандартын қарапайым жеңіл және жүк көліктерін қолданатын Қазпоштаның сақтай алатынына шәк келтірген депутаттар болды.
Себебі, көбіне аурулардың ауыр түрлеріне арналған препараттар жеткізу кезінде ерекше жағдайда сақтауды, мысалы, дәрі тасуға арналған тоңазытқыштарды, арнайы контейнерлерді, термосөмкелерді талап етеді. Жазғы аптапта пошташы оны дорбасына сала салса, дәрі бұзылып, уға айналуы, науқастың түбіне жетуі мүмкін. Сондықтан "Қазпошта" АҚ-ына енді осы бағытқа инвестиция салып, шығын шығаруға тура келеді.
"Денсаулық сақтау министрлігі бұл бастаманы толығымен және қызу қолдады. Бірақ біз дәрілік құралдарды да, медициналық бұйымдарды да тасымалдауда талап етілетін ерекше жағдайлардың қатаң сақталуы керектігін атап өттік", – деп қысқаша қайырды Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов. Яғни, бұдан былай мұның жауапкершілігі пошта қызметінің мойнында болады.
"Қазпошта" АҚ-ының басқарма төрайымы Әсел Жанасова Қазпоштаның Қазақстан нарығындағы ірі логистикалық ұйым екенін қаперге салды. Мысалы, осы ұйымның логистикалық-таратушы орталықтарына барған мәжілісмендер оның негізінен бос тұратынын, кейбірі тіпті он-жиырма пайызға да толмайтынын сынаған болатын. Мына өзгеріс пошта қоймаларын медикаменттер қораптарымен жүктеуге мүмкіндік береді.
"Қазпоштаның Қазақстанның 3 ірі өңірінде – Астанада, Алматыда және елдің батысында, Ақтөбеде 3 ірі логистикалық хабы бар. Бұдан бөлек, 16 өңірлік қоймалық хабтарға иеміз. Оның бәрі дәрілік препараттарды сұрыптап, сақтай алады. Бұған қоса, біздің еліміздің ұшы-қиырын аралайтын 2 мыңнан астам автокөлігіміз бар. Олар күн сайын 2 мыңдай бағытқа рейс жасайды. Біздің мамандар кез келген жүкті сақтау және тасымалдау процесін ұйымдастыра алады", – деді Әсел Жұбанышқызы.
Яғни, медициналық бұйымдарды сақтайтын инфрақұрылымы бар көрінеді. Еліміздің бас пошташысының айтуынша, бүгінде мемлекеттік акционерлік қоғамының ұжымы 20 мыңдай адамды құрайды. Оның ішінде пошташыларының жалпы саны 7 мыңдай.
"Осы пошташыларымыз дәрілерді емханаға ғана емес, тіпті әрбір сырқаттың үйіне дейін апарып бере алады. Себебі, біз жұмыс орындарын жапқымыз келмейді, оларды сақтап қалуымыз керек. Ал, пошташылар таситын газеттер, хаттар көлемі азайып кетті. Олардың жалақысы таситын поштасының көлемімен байланысты. Сондықтан олар газет пен хатты ғана емес, дәрі-дәрмектерді де тұра алмайтын, жүре алмайтын адамдарға үйге апарып беретін жағдай жасауымыз керек", – деді Әсел Жанасова.
Оның айтуынша, "Қазпошта" АҚ-ы биылғы жылы бірінші кезеңде дәрілерді емес, медициналық бұйымдарды тасудан бастайды. Себебі, оларға 15-тен 25 градусқа дейінгі қарапайым температуралық режим жарайды. Қазпоштаның қазіргі инфрақұрылымы соның талабына қазірден сай.
Содан кейін, бірақ биылдан кешіктірмей дәрі-дәрмектерге көшуге ниетті. Осы арқылы ұлттық пошта қызметінің "СҚ-Фармация" ЖШС-нің шығындарын азайтуға да көмегі тиеді.
Қазпошта басшысы өз акционерінің – "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорының жеке инвестициялық жобаны мақұлдағанын жеткізді. Оның аясында Қазпошта арнайы температуралық режимді ұстап тұратын жабдықтар сатып ала алады.
Жанасова "дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдардың барлық қауіпсіздік талаптарын, стандарттарын және сапасын сақтауға дайын" екендерін мәлімдеді.
Өз кезегінде "СҚ-Фармация" өкілдері Қазпошта өкілдерімен бірге отырып, дәрілік құралдарды жырақтағы елді мекендердегі сырқаттарға, ақ халаттыларға дейін жеткізу үшін пошташылардың қызметін тұтыну туралы келісімге келгендерін, жай-жапсарын талқыға салғандарын мәлім етті.
Осылайша, тараптар жаңа заңмен "Қазпошта" АҚ-ына тиісті өкілеттіктер беріліп отырғанын, "барлық тетіктері пысықталғанын және қауіп-қатерлер жоқтығын" растады.
Депутаттар жаңа өзгеріс ауыл-аймақты, әсіресе, шығандағы елді мекендер тұрғындарын дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтамасыз етуге үлес қосады және ұлттық пошта операторы бұл жүкті абыроймен еңсере алады деп үміттенеді.