Шам шаһарында жеңіске жеткен көтерілісшілер қолдарына қандай олжа-трофей түскенін мақтана паш етуде. Ғаламтор тиісті видеоға толы. Мысалы, Сириядағы ресейлік әскери топ жабық ангарларда бірнеше бүтін "Миг-23" әскери ұшақтарын, Ми-8 және басқа да құтқарушы-шабуылдаушы әскери тікұшақтарды тастай қашқан.
Ресейлік телеграм-каналдар бұрын Ресей мен Сирия үкіметтік әскерінің қолында болған Алепподағы Квейрес авиабазасында көтерілісшілерге астатөк ресейлік қарудың қалғанын паш ететін бейнежазбаларды қынжыла жариялауда.
Осы бір ғана әскери базада оппозициялық күштердің қарулы бөлімшелері автоматтар, оқ-дәрілер сыртында ресейлік "С-200" әуе қорғанысы (ПВО) жүйелерін, Ми-8 тікұшақтарын, кеңестік Л-39 оқу-ұрыс салу ұшағын, "ЗСУ-23-4 "Шилка" зениттік қондырғысын, заманауи "Панцирь-С1" зениттік зымыран кешенін, ирандық "Абабиль-3" әскери дрондарын басып алғаны бейнеленген.
Соның нәтижесінде, көтерілісшілер төл әскери әуе күштерін және әуе қорғанысы жүйелерін жасақтап, Башар Асадтың билігін бір апта ішінде төңкеріп тастады.
Сондай-ақ жанар-жағармайы бітіп қалғандықтан билік әскері Т-72А танктерін, БМП-1-лерді, БТР-80 бронды транспортерлерін, 130 миллиметрлік М-46 зеңбіректерін жауға бүтін тастап кеткен.
Көтерілісшілер Сирияда ресейлік өзге де "озық", құнды қаруларға қол жеткізді. Олардың бәрі дерлік бұзылмай, жарып жіберілмей, жұмысқа қабілетті жағдайда қалдырылған. Осының өзі Асад әскерінің асығыс-үсігіс қашқанын көрсетсе керек.
Defense Express Сириядағы ресейлік әскери группировка қатты шығын шеккенін айтады. CNN дерегінше, Мәскеу Асад режимін демеу үшін 7,5 мыңнан астам әскериді ұстап тұрған. Бұл санды сарапшылар басқа тәсілмен де нақтылады. 2024 жылғы 15-17 наурызда өткен Ресей Президентінің сайлауында Сирия территориясында 7,5 мыңдай ресейлік сайлаушы дауыс беріпті.
Defense Express сарапшылары көтерілісшілердің қолына Сириядағы мол арсенал – ұшақтар, тікұшақтар, танктер, бронетранспортерлар, гаубицалар, авиабомбалар мен ұшантеңіз оқ-дәрі түскенін мәлім етті.
Сондай-ақ әуе қорғанысына арналған "Панцирь-С1" зениттік зымыран кешені (ол РФ-та Путиннің резиденцияларын да күзетеді екен), БМ-27 "Ураган" дүркін атыс реактивті жүйесі, "Стрела-10" зениттік зымыран кешені көтерілісшілердің иелігіне көшті.
Қазіргі кезде ел астанасын азат еткен оппозиция Хмеймимдегі Ресейдің басты әскери базасына таяп келеді. Кеше олар Латакия провинциясын басып алып, теңізге шықты. Ал, Ресейдің Хмеймим және Тартус әскери базалары дәл осы Латакияда орналасқан. Олар қоршауда қалды.
Ұшақтар ұшып бара алмайды, оппозиция ПВО кешендері арқылы атып түсіре алады. Сонда тек теңізбен эвакуациялау ғана қалады. Бірақ РФ-тің бұл мүмкіндігі қатты шектелген. Халықаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, ресейліктер өз әскери базасына ұзақ жыл тасыған, бірақ тез арада әкету мүмкін болмайтын құпия, құнды жабдықтарды жанталаса өртеп, жара бастады.
Сарапшылар бүгін-ертең көтерілісшілер ресейлік авиабазаларға басып кірсе, РФ жағының адам шығыны артуы мүмкін екенін болжады. Өйткені ресейлік тарап мыңдаған әскерін ұшақтармен жылдам әкетіп үлгермейді.
Осы орайда Би-Би-Си сарапшылары Сирияда бұған дейін қанша ресейлік әскери қаза тапқанын анықтады.
"ВВС 2015 жылдан бастап, 2024 жылды қоса алғандағы кезеңде, Сириядағы операциялар барысында қаза тапқан 543 ресейлік әскеридің және "Вагнер" жеке әскери компаниясы қызметкерлерінің аты-жөндерін анықтай алды. Олардың арасында арнайы операциялар қызметінің арнайы мақсаттағы жасақтары, Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) арнайы мақсаттағы жасағы, Бас барлау басқармасының барлаушылары, білікті әскери ұшқыштар сияқты қуатты бөлімшелердің тәжірибелі мамандары бар", – деп жазды Би-Би-Си.
Оның сапаршылары Ресейдің барлық кадрлық әскерилерінің аты-жөндерін ашық дереккөздерден – ақпарат құралдарындағы мақалалар, телесюжеттер мен сұхбаттардан, әлеуметтік желідегі деректерінен, сондай-ақ зираттардағы құлпытастардан және әскери мемориалдардағы ресми жазбалардан анықтаған екен.
Сонымен бірге ВВС Сирияда ресейлік тараптың шынайы шығыны бұдан әлдеқайда көп екеніне назар аудартады. Себебі, көбісінің жеке деректері құпияландырылған және оны ашық дереккөздерден табу мүмкін емес. Қазанама-некрологтарда ресейлік жауынгерлердің Сирияда өлгені жазыла бермейді.
Ресейдің өзі ресми түрде Сирияда 116 әскери қызметшісінің жан тапсырғанын мойындады. Бірақ бұған қатысты соңғы мәлімдемені РФ Қорғаныс министрлігі соңғы рет 2019 жылғы көктемде ғана жасады. Содан бері үнсіз.
Көтерілісшілер майдан даласынан, авиабазалардан түсіріп, таратып жатқан видеоларда ресейлік әскери формадағы адамдардың жерде "шашылып" жатқаны байқалады. Тірі-өлі екені белгісіз.
Ресейдің сириялық тобының әлемге белгілі болған соңғы шығыны 2024 жылғы қазанда тіркелді. Степан Алекторский және Николай Михайленко теңіз жаяу әскерлері бөлімшелерінің офицерлері болған еді. Олардың "бірінші ранг капитаны" атағы құрлық әскерлерінің полковник атағына барабар.
Олар "Даеш-Игил" содырлары Дэйр эз-Зор провинциясындағы шөл далада сириялық генералдарды торуылдап, тұтқиылдан тап бергенде өлген. Сонда жергілікті дереккөздер екі сириялық генералмен бірге екі ресейлік офицердің мерт болғанын хабарлады.
Ашық дереккөздер сондай-ақ Сирияда Ресей қарулы күштерінің ең элиталы бөлімшесі – арнайы операциялар күштерінің (ОАК) 15 солдаты және офицері қаза тапқанын жеткізді.
АОК-тің тағы екі аға офицері Игорь Мельянцев пен Александр Попов ресми дерек бойынша Сирияда жүректен кеткен.
Бұдан бөлек, Би-Би-Си жазуынша, Ресей Сирияда Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФҚҚ) кем дегенде 7 офицерінен айрылып қалды. Дүниежүзіндегі қуатты антитеррорлық бөлімшелердің бірі саналатын "Альфа" тобының майталман мамандары да оққа ұшыпты. Олардың арасында майор Сергей Чернышов бар. Ол ФСБ-да он жыл қызмет еткен, оның еңбек және өмір жолы Сирияда аяқталды.
"Жоғарғы оқу орнын бітіре салысымен, Сергей Солтүстік Кавказға, РФ ФҚҚ шекаралық басқармасының арнайы мақсаттағы бөлімшесінде әскери қызметін өткеруге кетті. Алты жыл өткенде, 2012 жылы ол РФ ФҚҚ-ның "А" басқармасына алынды. Снайперге айналды. Жауынгерлік даярлықта үлкен жетістіктерге жетті. Сондай-ақ Сергей альпинизм бойынша нұсқаушы болды. Құтқарушылық біліктілікті иеленді. Парашютпен өте көп секірді", – деп жазды марқұм туралы "Альфа" бөлімшесінің ардагері Алексей Филатов.
Сергей Чернышовтың мысалы Ресейдің ондаған, бәлкім жүздеген элиталық мамандарды даярлауға қыруар қаржы, күш пен уақыт жұмсағанын, ал, олар Сирияда өліп қалғанын көрсетеді.
Бұдан бөлек, ресейлік журналист Ольга Ившина ашық дереккөздерден Сирияда РФ әуе-десанттық әскерилердің арнайы мақсаттағы 45-ші бригадасының барлаушылары, Бас барлау басқармасы бөлімшелерінің сардарлары, сарбаздары қырылғаны анықталғанын айтады.
Сондай-ақ әскери ұшқыштардың кем дегенде 20-сы өлген. РФ Қорғаныс министрлігінің дерегінше, тек 1 әскери ұшқышты даярлауға Ресейде 3-тен 14 миллион долларға дейін шығын шығарылады.
Жалпы алғанда, Сирияда қаза тапқаны ашық дереккөздерден анықталған ресейлік қолбасшылардың арасында 1 генерал-майор, 10 полковник, 15 подполковник, 31 майор, лейтенанттан капитанға дейінгі тағы 61 офицер тіркелген.
Бұл жерде тіпті тиісті біліктілігі бар лейтенантты даярлауға ең кемі 4 жыл кетеді. Соғыс даласында жарайтын, арнайы операциялар өткізуде қажет болатын тәжірибе мен білік-дағдыға қол жеткізу үшін лейтенантқа тағы шамамен 4 жыл керек болады. Мамандар бір лейтенантты дайындауға мемлекет осылайша 8 жыл бойы инвестиция салуға мәжбүр екенін түсіндірді.