"Енді жағдай ушыға түседі": Трамп саясаты талай елді әбігерге салды

2861

Қазір бүкіл әлемнің назары Вашингтонға ауды. 

"Енді жағдай ушыға түседі": Трамп саясаты талай елді әбігерге салды Фото: BBC

Себебі АҚШ-тың 47-інші президенті Дональд Трамптың тарифтік саясаты жаһандық экономикада белгісіздіктің пайда болуына әкелді. Бір жағынан Қытай, екінші жақтан Еуропа елдері сияқты жалпы 185 мемлекетке баж салығы енгізілді.

Сарапшылар Вашингтон осылайша сауда соғысын бастап кетті деп отыр. Трамптың тарифтік саясатының негізгі мақсаты қандай? Оның ішінде Қазақстанға әсері бар ма? АҚШ әкімшілігі сауда соғысын не себепті бастады? Нені ескерген дұрыс? Осы тақырып төңірегінде inbusiness.kz редакциясының тілшісі сарапшылардың пікірін білді.

Қаржы сарапшысы Айбар Олжай Дональд Трамптың тарифтік саясатының негізгі мақсаты сыртқы сауда балансын Америка жаққа қарай бұру деп отыр.

"Себебі АҚШ дайын тауарларды көп импорттайтын болған. Ал экспорты баяғыдай емес. Кезінде жұмыс күші арзан елдерге АҚШ өз зауыттарын қойып тастаған болатын. Трамп барлық өндірістің, зауыттардың Америка аумағында болғанын қалайды. Сол арқылы ол индустриалды тәуелсіздікке қол жеткізбек. Былай қарағанда, өзіміздің елімізде болсын, өз жұмысшыларымызға жұмыс болсын деген ниетте. Бұл – баяғы 60-70 жылдардағы АҚШ-тың моделі. Сол уақытта барлық зауыт, негізгі компаниялар Америкада болатын. Сол арқылы бүкіл әлемге Америкадан экспортталатын. Ол сол моделге қайтып оралмақ. Кезінде АҚШ Қытайдың өндірісіне инвестиция салды, енді Қытайдың өндірісі өздеріне үлкен бәсекелес болып отыр. Олар қателік жіберіп алғанын түсінді", - деді сарапшы.

Сөзінше, Қытайдың зауыттары негізінен ішкі нарыққа емес, сыртқы нарыққа жұмыс істейді. Баж салығы артса, қытайлық тауарлардың бағасы көтеріледі де, ол сыртқы нарықта бәсекеге қабілеттігін жоғалта бастайды, деді ол.

"Бұл жерде Қытайдың алдында екі жол тұр. Біріншісі – тауарлардың санын қысқарту, екіншісі – ішкі тауарларының өзіндік құнын арзандату. Яғни, айлықты азайтуға, белгілі бір инвестицияларды қысқартуға тура келеді. Бұл ұзақ мерзімге созылмайды, себебі сапасыз тауарлар шыға бастайды. Сондықтан Қытай үшін қазір осындай екі дилемма тұр. Тауар сапасын сақтап қалып, санын қысқартамыз ба, әлде сапасын нашарлатып, санын сол қалпы қалдырамыз ба дегендей. АҚШ-тың баж салығын арттыруына байланысты Қытай экономикасының өсуі сәл де болсын төмендейтін болады. 3-4 пайызға бәсеңдеуі мүмкін", - деді Айбар Олжай.

Сала маманы бұл жағдай әлемдік мұнай мен газ нарығына тікелей әсер етеді деген пікірде.

Қаржы сарапшысы Трамптың тарифтік саясатының ұзақ мерзімді экономикалық салдары аса жағымды болмайды деп отыр.

"Әлемнің өз үйреніп қалған қарқыны, ашық нарық кеңістігі – қазір бәрі жойылып жатыр. Әр ел өзінің ішкі саясатын, экономикалық өндірісін қорғайды. Ал бұл ірі әлемдік тауарлар тізбектерінің жоғалуына әкеледі де, көптеген процесті кері трансформацияға ұшыратады. Бұл ретте әлемді үлкен кризистер күтіп тұр. Жұмыссыздық, көптеген зауыт пен өндіріс ошақтары жабылуы мүмкін. Кейбір мамандықтың керек болмай қалуы, сонымен қатар әлем арасындағы байланыстардың үзілуі, қаржылық, экономикалық дағдарыс, қор биржасының дағдарысы, фьючерстерде шикізат тауарларының құлауы және алтынның негізсіз өсіп кетуі сияқты жағымсыз оқиғалар орын алуы мүмкін.

Трамптың тарифтік саясаты Қазақстанға тікелей бір әсер бермесе де, осы әлемдік процестер арқылы ықпалы бар. Мұнай бағасы не болып жатқанын көріп отырсыздар. Барреліне 62 долларға түсті. Бұл біз үшін өте жаман. Біздің Ұлттық қор 2025 жылы өзінің баяғыдағы алып жүрген кірісін ала алмайтын сияқты. Демек, бізге онда теңгені құлдыратуға тура келеді. Өйткені бізге келетін доллар аз, ал бірақ Үкіметке өзінің әлеуметтік жүктемелерін орындау керек", - деп есептейді Айбар Олжай.

Енді жағдай ушыға түседі – сарапшы

Ақ үй басшысының тарифтік саясатының негізгі мақсаты – АҚШ-тың сауда тапшылығын азайту, америкалық өндірушілерді қолдау және өндіріс тізбектерін АҚШ-қа қайтару (America First). Экономист Расул Рысмамбетов осындай пікірде.

"Трамп болат, алюминий, қытайлық тауарлар мен басқа да санаттағы импортқа тарифтер енгізді. Осы арқылы ішкі өнеркәсіпті арзан шетелдік импорттан қорғауға тырысты. АҚШ экономикасына әсері қандай дегенге келсек, қысқа мерзімде металлургия сияқты кейбір салаларда өнеркәсіптік өндіріс өседі. Ал ұзақ мерзімді әсерін алып қарасақ, Қытайдың қарымта санкцияларына байланысты америкалық тұтынушылар мен өндірушілер үшін бағаның өсуі, әлемдік жеткізу тізбегіндегі қиындықтар, АҚШ-тың ауыл шаруашылығына теріс әсері, экспорттың азаюы", - деді сарапшы.

Расул Рысмамбетов АҚШ президентінің саясаты нәтижесінде Вашингтонның Бейжіңмен қарым-қатынасы күрт шиеленісе түскенін жеткізді.

"АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы басталды. Қос тарап жүздеген миллиард долларға өзара баж салығын енгізді. Салдарынан екіжақты алыс-беріс көлемі төмендеді, қытайлықтар АҚШ-қа тәуелділігін азайтты, америкалық компаниялар тарифтерді айналып өту үшін өндірісті үшінші елдерге (мәселен, Вьетнам, Мексика) көшіре бастады. Енді жағдай ушыға түседі", - деді ол.

АҚШ тарифтері одақтастарға, соның ішінде Еуроодақ елдеріне және Канадаға да қарсы енгізілді.

Сарапшы Трамптың тарифтік саясатының әлемдік экономикаға ұзақ мерзімді салдары қандай болуы мүмкін деген сұраққа да жауап берді. Айтуынша, бұл көпқырлы сауда жүйесінің әлсіреуінен, басқа елдерде протекционизмнің өсуінен, инвесторлар мен компаниялар үшін белгісіздіктің артуынан көрінуі мүмкін.

"АҚШ әкімшілігінің о бастағы мақсаты сауда тапшылығын азайту болды. Олар АҚШ-тың "ұмытылған жұмысшы табын" қорғап, елдегі жұмыс орындарын қайтарғысы келді", - деп атап өтті сала маманы.

Расул Рысмамбетов Қазақстан тарифтік саясаттың тікелей объектісі болмағанын, бірақ оның жанама әсері айқын білінгенін айтады.

"Әлемдік саудадағы тұрақсыздық экспорттық болжамдарға әсер етті. Қытай мен Еуропада өсім азайды. Шикізатқа, соның ішінде мұнай мен металдарға сұраныс әлсіреді. Біз одан қалай қорғана аламыз? Экономика мен экспорттық нарықтарды әртараптандырып, қайта өңдеу мен жергілікті өндірісті дамыту қажет. Сонымен қатар, логистика, екіжақты сауда келісімдерін жасасу, серіктестермен байланысты нығайту мәселелері де бар", - деді экономист.

Вашингтон өз райынан қайтып, сауда соғысын тоқтата ма, жоқ па – ол жағы әзір белгісіз. Қазірдің өзінде Трамп шешімінің салқыны әлемдік экономикаға тиіп жатыр. Мұны қор нарығының құлдырауынан-ақ бағамдай беріңіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу