Энергетикалық сусындарды "құрықтауда" Қырғызстан Қазақстанды басып озды

2700

Қазіргі заманда жастардың, әсіресе оқушылардың агрессивті болып бара жатқанына да осы сусындар үлес қосуы мүмкін.

Энергетикалық сусындарды "құрықтауда" Қырғызстан Қазақстанды басып озды Фото: agroinvestor.ru

Елімізде "қуат береді", тіпті "қанаттандырады" деп жарнамаланатын сусындардың саудасы қызып тұр. Оны тұтыну көлемі нақты белгісіз. Бірақ Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елімізде минералды және газдалған суларды қоспағанда, алкоголсіз сусындарды ішу көлемі 2018 жылғы 1 млрд 329 млн литрден 2022 жыл қорытындысында 2 миллиард 387 миллион литрге дейін күрт өскен. Соның ішінде энергетикалық сусындардың үлесі жоғары.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда энергетикалық сусындарды тұтынудың ауқымы жыл сайын артып келеді. Оған жас ұрпақтың құмартуы да алаңдаушылық туғызады.

"Атап айтқанда, 11–15 жас аралығындағы қазақстандық жасөспірімдердің шамамен 45%-ы энергетикалық сусындарды татып көрген. Кейіннен бұл олардың көпшілігінде тәуелділікке соқтырды. Қазіргі кезде оқушылардың 17,5%-ы күн сайын не аптасына бірнеше рет "энергетик" ішпесе тұра алмайды. Оның үстіне мұндай оқушылар саны жыл сайын өсіп барады. Күн сайын балалардың 3%-ы ішеді. Энергетикалық сусындарды күніне қыздарға қарағанда (2,6%) ұлдар (3,3%) көп тұтынады. Аптасына 5–6 рет ішетіндер де қыздарға қарағанда (15,8%) ұлдар (19,1%) арасында көбірек", – деп хабарлады министрлік.  

Медицина мен халық денсаулығына жауапты министрліктің түсіндіруінше, өндірушілер бұл сусынның құрамына әдейі кофеинді көп қосады: литріне 150 миллиграмнан астам. Бұған қоса, құрамында қант, психостимуляторлық заттар қоспалары, нақтылағанда, матеин, гуарана, женьшень, шөп сығындылары, цикламат, сахарин, сукралоза болады. Осы жан шошырлық қоспа адамдарда, әсіресе, балалар мен жастарда жан төзбес тәуелділік тудырады. 

Денсаумині "энергетиктер" адамның орталық жүйке жүйесіне стимулятор ретінде әрекет ететіндіктен, психикалық және физикалық денсаулығына теріс әсер ететінін ескертіп отыр.

Сондықтан Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев энергетикалық сусындарды жасөспірімдерге сатуға толық тыйым салып тастау туралы тапсырма берді. Бұл президенттік міндет оның Атырау облысына жұмыс сапары барысында берілген тапсырмалары бойынша жоспардың 21-тармағы ретінде 2022 жылғы 22 қарашада бекітілген. Содан бері бір жылға жуықтады. Үкімет осы өнімдерді шетелден импорттаушылардың шылауынан шыға алар емес. Президенттік тапсырма сол бойы орындалмады. 

Денсаулық сақтау министрлігі 21 жасқа дейінгілерге энергетикалық сусындар сатуға толық тыйым салу үшін Денсаулық сақтау кодексіне өзгеріс енгізетін заң жобасын пысықтап жатыр.

Негізі, бұл идеяны Денсаулық сақтау министрі болған тұста Алексей Цой ілгерілеткен еді. Бүгінде ол Президенттің іс басқармасы Медициналық орталығының басшысы. Бірақ энергетикалық сусындарға қарсы табанды ұстанымында қалыпты. 

"Газдалған тәтті сусындардың, энергетикалық сусындардың адамға түк пайдасы жоқ. Керісінше, оларды шектен тыс көп тұтыну онкологиялық аурулардың дамуы қаупін төндіреді. Сонымен қатар адамдарда артық салмақтың өсуіне соқтырады. Бұл зиянды сусындар жүрек-қан тамыр жүйесіне және жүйке жүйесіне кері әсер етеді. Қазақстанда адамдардың үлкен бөлігі дәл сол дерттер кесірінен ерте дүние салады. Ата-аналар балаларының энергетикалық сусындарға еліккенін көрсе, оны ақырындап тиюға, оны су, табиғи шырындар және қоспалары мен қанты барынша аз басқа сусындар сияқты баламаларына ауыстыруға күш салғаны жөн", – деді А.Цой.

Мамандар энергетикалық сусындар бас ауруына, бас сақинасының (мигрень) ұстауына, мазасыздықтың өрістеуіне, ұйқысыздыққа тап болуға, ұйқының бұзылуына (қорқынышты түстер), аллергияның туындауына, жүрек-қантамыр жүйесі ауруларына, қандағы қанттың шамадан тыс жоғарылауына, қан қысымының жоғарылауына, құсуға, диареяға соқтыратынын айтады. Бұл – ғылыми дәлелденген. 

Елордалық педагог Гүлжауһар Қойгелдіқызы Үкіметтің тезірек осы тыйымды енгізуін қолдайды. 

"Педагогтер қауымдастығы бұл проблеманы бұрыннан көтеріп келеді. Оқушылар энергетиктерді шектен тыс көп ішіп алады да, өздерін мас адам сияқты ұстайды. Сабақ үстінде бостан босқа жырқ-жырқ күледі, назарын сабаққа шоғырландыра алмайды. Шыңғырып жылаған қыздар болды. Бірде бір оқушы орнында байыз тауып отыра алмай, атып тұрып, партадан партаға секіре жөнелді. Құлап, саусағын сындырды. Үлкен жанжал болып, полицияға дейін шақыртылды. Оны есірткіге тексерді. Сөйтсе, түннен бері бірнеше банкі энергетик ішіпті. "Жүрегім тулады, орнымда отыра берсем, өліп қалатындай сезіндім" дейді директорға түсініктемесінде. Тек жоғарғы сыныптар ғана емес, орта сыныптардағы балалардың агрессивті болып кетуінің бір сыры да осы сусында жатқаны байқалады", – деді мұғалім. 

Айтпақшы, көрші Қырғызстан бұл салада Қазақстанды көп артта қалдырып, озып кетті. Енді көршіміз энергетикалық сусындарды импорттауға, өндіруге және сатуға түбегейлі тыйым салуға тырысып жатыр. Бұдан біраз бұрын Қырғызстан энергетикалық сусындарды кәмелетке толмағандарға сатуға тыйым енгізді. Ал Қазақстанның билігі болса, тіпті Президенттің тапсырмасы мен ерік-жігері бола тұра, бірнеше жылдан бері лоббистердің қарсылығын еңсере алар емес.

"Қырғызстанда энергетиктерді кәмелет жасына жетпегендерге өткізуге тыйым салынған. Осының арқасында бұл улы сусындар өскелең ұрпағымызға қолжетімсіз болып қалды. Алайда бұл сусынсымақтарды ересек тұрғындар тым көп тұтынады, ол проблема сақталды. Сауалнамалар көрсеткендей, олардың көбі энергетикалық сусындардың денсаулыққа залалы көп екенін білмейтін болып шықты", – дейді қырғыз сарапшылары. 

Биыл Жоғорку Кеңештің (Парламент) депутаттары "Жарнама туралы" заңына өзгерістерді қабылдап, оған 2023 жылғы 3 шілдеде Қырғыз республикасының Президенті Садыр Жапаров қол қойды. Бұл заңға сәйкес, Қырғызстанда энергетикалық сусындарды жарнамалауға толығымен тыйым салынды.

Алатаудың арғы баурайындағы ағайындар мұнымен тоқтап қалмауы мүмкін. Жоғорку Кеңештің  депутаты Ұлан Бақасов алда энергетикалық сусындарды ересектерге сатуға да тыйым салуды, сөйтіп, олардың елдегі айналымын доғаруды ұсынды.  Осы мақсатта ол былтыр тиісті заң жобасын әзірлеп, Жоғорку Кеңешке енгізген. Бастамашының айтуынша, құжат ұлттың, азаматтардың денсаулығын қорғауға, энергетикалық сусындар кесірінен өршитін аурулар санын азайтуға бағытталған. 

"Бұл өзі өте қауіпті сусынсымақ. Ондағы түрлі қоспалардың алапат дозалары адамдардың жүрегін құртып тынады. Адам оны сезбей де қалады. Оның құрамындағы кофеин көмірқышқыл газымен және қантпен қосылып, асқазанға, бауырға қауіп төндіреді. Тіпті энергетиктерді сирек ішетін адамдардың өзінде бірден аритмия және басқа кеселдер басталады", – деді қырғыз депутаты.

Ал біздің жаңа Парламенттің депутаттары ұлт қамына бас қатырғысы келмейтінге ұқсайды. Жұмсақ креслоларында тым-тырыс отыр.

Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі эксперттердің қорытындысына сүйеніп, энергетикалық сусындар мен тониктер ұрық үшін қауіпті деп отыр. 

"Энергетикалық сусындарды тұтынудың ұрық үшін қауіптері бар. Құрамында кофеин және басқа белсенді заттар көп болғандықтан, жаңа туған нәрестелерде салмақ жетіспеушілігі дамуы мүмкін. Сонымен қатар ұрықтың дұрыс дамуына теріс әсер етуі мүмкін", – деп түсіндірді ведомство. Яғни, ұлтымыздың болашақ ұрпағына да қатер туындапты.  

Бірақ соның өзінде тіпті Президент пен ұлт денсаулығына жауапты министрлік бұл залалды сусындарды тек балалар арасында тыйым салғызу туралы ғана сөз қозғап отыр. 

"Қазақстанда тұтынушылардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін энергетикалық сусындарды барлық азаматтарға, соның ішінде 21 жасқа толмаған балаларға кеңінен сату жүзеге асырылуда. Энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтынудың денсаулыққа, соның ішінде жүрек, жүйке жүйесіне және дененің басқа аспектілеріне теріс ықпалы орасан. Сондықтан көптеген елдер энергетикалық сусындардың жарнамасы мен сатылымын шектеп жатыр. Себебі, 1997 жылы нарыққа шыққалы бері алкогольді және алкогольсіз энергетикалық сусындар өте танымал болды. Әлемдік нарықта олардың 500-ден астам түрі бар", – деп анықтама берді министрлік. 

Қазақстанда сол бойы заң үстемдік құрмағанын ескерсек, тіпті осы заң қабылданғанның өзінде оның лайықты орындалатынына, яғни оқушылардың энергетиктер мен тониктерді ары қарай сатып алмасына сенім жоқ. Себебі, республикада арақ-шарапты, темекіні 21 жасқа толмағандарға сатуға қатаң тыйым салынған. Соған қарамастан, темекіні будақтататын шәкірттер саны көбеймесе, азаймады. Әлеуметтік желідегі видеолардан жасөскіндердің түрлі думан-кештерінде ішімдіктер сарқырай құйылатынын байқауға болады. Демек, олар сатып алудың жолын тапқан. 

Мұндай қарқынмен аймақтағы ең қоры, сорлысы, ұлты мен ұрпағы деградацияға ұшырағаны Қазақстан болып кетпесе, жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу