Ескі тұрмыстық техниканы қалдықтың қатарына қоспау керек

6078

"Қазақстан 2050" жалпы ұлттық қозғалысы қолданыстан шығып қалған тұрмыстық техниканы қоғамдық шеберханаларда қайта қалыпқа келтіруді ұсынып отыр.

Ескі тұрмыстық техниканы қалдықтың қатарына қоспау керек

Шілде айының басында өткен қалдықтарды қайта өңдеу және жаңартылатын энергия жөніндегі екінші еуразиялық бизнес-форумда "Қазақстан 2050" жалпы ұлттық қозғалысы кеңесінің мүшесі Медет Құрманов елімізде  қолданыстан шығып қалған тұрмыстық техниканы қайта қалыпқа келтіру және қауіпсіз утилизациямен айналысатын "қоғамдық шеберханаларды" құру идеясын ұсынған еді. Оның айтуынша, ұсынылып отырған бұл жоба мәселені әлеуметтік және экологиялық тұрғыдан шешуге мүмкіндік береді.

"Бүгінгі күні сарапшылардың бағалауынша, жыл сайын жер бетінде 1 млрд тонна қатты тұрмыстық қалдық пайда болуда. Жер бетіндегі адамдар саны өскен сайын бұл сан өспесе, азаймайтыны анық, – дейді Медет Құрманов. – Тұрмыстық қоқыстың негізгі бөлігі, яғни 80 %-ы органикалық қалдықтар, тамақ қалдықтары, қағаз және картон материалдары. Ал 15 %-ы металл, пластик және шыны қалдықтары,  қалған 5 %-ы ескіріп, қолданыстан шығып қалған тұрмыстық техника.  Бұл жабдықтар ешқандай бақылаусыз шашылып жатыр. Ал олардан шығатын зиянды, ауыр металдар жерге сіңіп, су мен топыраққа қауіп төндіруде", – деді ол.  

Еліміздің қалдықтарының бес пайызын құрап отырған осы қалдықтарға қазіргі таңда ешкім аса көңіл бөліп отырған жоқ, ал шындығына келетін болсақ, бұларан келетін зиян аз емес. "Қазақстан 2050" жалпы ұлттық қозғалысы бұл мәселені шешу үшін "қоғамдық шеберханалар" құрып, сол жерде жарамсыз болып қалған тұрмыстық техниканы жөндеп,  аз қамтылған отбасыларға беруді ұсынып отыр. "Бастапқы кезде қоғамдық шеберханалар құрылады, сол жерге келіп түскен тұрмыстық техникаларды  шеберлер қарап, іске жарамдысын іріктеп алады. Сөйтіп оларды жөндеп, аз қамтылған отбасыларға таратып береді", – деді жалпы ұлттық қозғалыс өкілі.

"Ал мүлдем іске жарамайтын техниканың керек жабдықтары қосалқы бөлшекке алынады да, қалған бөлігі арнайы кәсіпорындарға утилизацияға жіберіледі. Бұл қоқыста шашылып, қоршаған ортаға зиян келтіруден сақтайды", – деп түсіндірді ол.

Медет Құрмановтың айтуынша, қоғамдық шеберханалар "халықтың тұрмыстық қалдықтарды іске жарату мәдениетін дамытуға жасалған  алғашқы қадам" болуы мүмкін.  "Еліміздің азаматтары кез келген тұрмыстық техниканы қоқысқа тастайды. Оның ішінде сынған телефон, принтер немесе басқа заттар болуы мүмкін. Біздің ұсынып отырған идеямыз тұрмыстық техника қалдықтарын пластиктен айыруға үйретеді", – деді ол. Сарапшылардың айтуынша, еліміздің әлемдік құралдарды өндірудегі үлесі шамамен бір пайызды құрайды. Осылайша жыл сайын жарты миллион электронды тұрмыстық техника еліміздің қоқысына кетеді. Сондықтан да экологиялық тұрғыдан алып қарайтын болсақ, бұл жоба өте тиімді.

Жоба тұрмыстық техниканы жөндеп аз қамтылған отбасыларына беруді ғана емес, қоғамдық шеберханаларды құру арқылы халықты жұмыспен қамту мәселесін де шешеді дейді қозғалыс мүшелері. Қоғамдық шеберханаларды құру идеясы жаңалық емес, Финляндияда мұндай шеберханалар әлеуметтік девиацияға бейім жұмыссыздарды әлеуметтік оңалту  құралы ретінде 2001 жылдан бастап жұмыс істейді.

 Мұндай ұйымдар тек Финляндияда ғана емес, сонымен бірге Франция, Италия, Аустрия, Германияда да бар. Ол жерге бірінші мүгедектер мен жұмыссыздар тұрғызылады. Ресейде де осындай ұйымдар пайда болды. Ал Қазақстанда бұл ұйымдар алғашқы кезде мемлекет тарапынан қамқорлыққа алынуы мүмкін. Медет Құрманов бұл жобаға жеке бизнесмендердің келуі мүмкін екенін айтады. "Шеберханалар еліміздің кез келген өңірі мен қаласында ашылуы мүмкін. Өзіміздің жобамызға мемлекеттік органдар, қоғамдық және коммерциялық ұйымдарды шақырамыз. Еліміздің кез келген азаматы бұл жобаға қатыса алады", – дейді ол. Бұл шеберханалардың қанат қақты жоба осы жылдың соңына дейін іске қосылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу