Еуропалық Одақтың кеңею процесі басталды

2234

Батыстың экономикалық альянсы әскери блогының соңынан ерді.

Еуропалық Одақтың кеңею процесі басталды Фото: Dailynews.com

Istituto Affari Internazionali директоры, ғылыми қызметкер, Еуропалық университет институтының (European University Institute) профессоры Натали Точчидің (Nathalie Tocci) байламынша, Мәскеудің Украинаға шапқыншылығы тек НАТО-ны ғана емес, сонымен қатар Еуропалық Одақты да кеңейту идеясына тың серпін берді. 

"Ресейдің Украинадағы соғысына қарсы халықаралық ынтымақтастық НАТО-ның ғана емес, сондай-ақ ЕО-ның да кеңею процесінде маңызды рөл ойнап отыр. Еуропада, тіпті Еуразияда ЕО-ға мүше болғысы келетін елдер жетерлік. Олардың бірқатары кейінгі онжылдықтар бойы соған ұмтылып келеді. Бірақ "бітеу қабырғаға" соғылумен болды. Төл Еуразиялық одағын құрып алған Мәскеудің көңіліне тимеу үшін Еуроодақ өзінің кеңеюін доғарған болатын. Енді былтыр соғыстың басталуы бұл мәселені қайтадан саяси күн тәртібіне шығарды. Себебі, Мәскеудің көңілін аулау, сол үшін төл мүдделерін аяқасты ету түк пайдасыз іс болғанын Еуропа түсінді. Сөйтіп, саясатын өзгертуде", – деді профессор.

Еуроодақтың шекарасы қайда кеңеюі мүмкін?

ЕО күн тәртібінде Түркияны, Батыс Балқан елдерін, Украинаны және Молдованы мүшелікке қабылдау мәселесі тұр. 

Соның ішінде Түркия еуроинтеграцияға талаптанудың ең ұзақ тарихына ие. Анкараның бұл ұйымға кіруге ұмтылысы елді жиырма жылдан артық басқарып отырған Ердоғаннан көп бұрын басталыпты.

1963 жылғы 12 қыркүйекте Түркия осы одақпен қауымдасу (ассоциация) туралы шарт бекітті. Түркі әлемінің көшбасшысы 1987 жылғы 14 сәуірде Еуроодаққа мүше болуға өтініш берді. Өздеріне қойылған барлық алғышартты орындаған соң, Анкара 1999 жылғы 12 желтоқсанда кандидат статусына ие болды. 

Алайда 2000 жылы Кремль басына В.Путин бастаған империяшыл күштер келді. Бертінде Франция, Германия бастаған еуропалық державалардың ықпалымен Еуроодақ Мәскеуге жалтақтап, әрнені сылтау етіп, меселін қайтара берген соң, Түркия басшылығы бұл ниетінен тіпті айни бастады. 

Содан бүгінде ЕО мен Түркия арасындағы келіссөздер бұғатталған (қатырылған) күйде. Оның үстіне әлемдік геосаясат сахнасындағы орнын бекемдеп, күш алған Р.Ердоғанның өзі Еуропалық Одаққа төл шарттарын қоя бастады. Сол себепті Батыс сарапшылары Түркияның мүшелігіне қатысты келіссөздер биыл бітпейтінін, тағы ұзақ жылға созылатынын тұспалдап отыр. 

Батыс Балқан елдерінің ахуалы өзгеше. Ол аймақта азаматтық соғыстар жүрді. Еуроодақ қанды қырғын тоқтамай, оларды қатарына алудан сескенді. Бірінші болып, Балқан түбегінде Солтүстік Македония 2001 жылғы 9 сәуірде ЕО-мен ассоциация туралы шарт бекітті. Содан соң ұқсас келісімге 2006 жылғы маусымда Албания, 2007 жылғы қазанда Черногория қол жеткізді. 2008 жылғы сәуірде Сербия, сол жылғы маусымда Босния мен Герцеговина солардың ізін қайталады. Өңірде соңғы болып, Косово республикасы 2016 жылғы 24 наурызда Еуроодақпен қауымдасты. 

Бұл мемлекеттер арасында да алғашқы болып, Солтүстік Македония 2005 жылғы желтоқсанда кандидат мәртебесін иеленді. Ізінше, 2010 жылғы желтоқсанда – Черногорияға, 2012 жылғы наурызда – Сербияға, 2014 жылғы маусымда – Албанияға кандидат мәртебесі тағайындалды. 

Алайда содан бері олар да осы мәртебе тұйығынан шыға алмады, түрлі сылтаумен мүшелікке қабылданбады. Масқарасы сол, Босния мен Герцеговинаға кандидат статусы тек соғыс басталып, Мәскеудің Еуропаны бүре ұстаған тырнағы босағаннан кейін, 2022 жылғы 15 желтоқсанда ғана берілді. Косовоға бұл атақ та "бұйырмай" тұр. 

Әрине, Еуропалық Одақтың алдағы ықтимал "кеңею аймағы" тек Түркиямен және Балқан түбегінің 6 елімен ғана шектелмейді.  

Былтырғы 2022 жылдың 23 маусымында Украина және Молдова одаққа мүшелікке кандидат атанды. 

Олармен бірге 2022 жылғы 3 наурызда Грузия да ЕО мүшелігіне өтінішін ұсынған болатын. Мұны еуроинтеграцияны қалаған, түрлі шерулерде Грузия байрағымен бірге Еуроодақтың туын қатар желбіреткен жергілікті жұртшылық талап етті. Алайда Мәскеудің ықпалымен, ресми Тбилиси кандидаттығын белсенді ілгерілетпеді. Керісінше, үміткерге лайықсыз істерін жалғастырды, мысалы, оппозицияның белді өкілдерін қудалады, тәуелсіз ақпарат құралдарына қырғидай тиді. Себайлас жемқорлықты өрістетті. 

Осылайша, бүгінде Еуропалық одаққа кіруге өтініш берген 10 елдің сегізінің тілегі құпталып, кандидат мәртебесі ұсынылды.

Қазіргі уақытта Еуропалық Одаққа 27 мемлекет кіреді. Алда оның қатары тағы он шақты елге артуы ықтимал. 

"Батыс Балқан аймағында бүгінде 2 ел Еуроодаққа мүше. Тағы 3-еуі кандидат саналады. Қалғандары қауымдасу туралы шарттар бекітті. Бұл мүшелікке кандидат қарсаңындағы саты саналады. Балқан елдерінің мүше болу процесі осы түбектегі мемлекеттер арасындағы өзара дау-жанжалдар, талап етілетін институционалдық реформалардың кешігуі кесірінен созылып кетті. Бұған қоса, олар ЕО қабылдаған жаңа құқықтық нормалар жиынтығын өздерінде қабылдап, бейімдеуі шарт. Оны орындап болғанда қабылданады. Украина Еуроодаққа кіруге тек соғыстан соң шындап кірісті. 2022 жылғы 28 ақпанда одаққа жеделдетілген рәсіммен кіруге өтініш берді. Молдова мен Грузия былтырғы 3 наурызда өтініш тапсырды. Бірақ Молдова ғана кандидат статусын ала алды", – деп түсіндірді еуропалық басты басылымдардың бірі Politico.

Оның сарапшылары НАТО, ЕО сияқты еуроатлантикалық институттардың кеңею процесі 2010-шы жылдары дағдарғанына назар аудартты. Бір жағынан, Еуропаның өзінде шаршау байқалды. Екінші жағынан, "орыс аюын" ашуландырудан үрейленді.

Мүше елдер арасында онсыз да алауыздық күшейді. Мәскеу үнемі өз лоббиі, ымыраласқан тұлғалары арқылы еуропалық қауымдастық арасына іріткі салып отырды. Әскери және экономикалық блоктарға ішкі конституциялық, экономикалық және саяси күйзеліспен күресуге тура келді. Интеграция емес, керісінше, дезинтеграция, ыдырау үдерісі басталды. "Брекзит" аясында, 2016 жылғы 23 маусымдағы референдум нәтижесінде Еуроодақтан Ұлыбритания, Солтүстік Ирландия мен Шотландия (біріккен патшалық) шығып кетті. РФ пропагандасы Еуроодақтың "өлгенін" жариялады. 

Енді 2022 жылы Мәскеудің Батыспен арадағы конфронтациясының жаңа деңгейге шығуы НАТО-ға ғана емес, Еуропалық Одаққа да "географиялық қатырылудан" (geographic freezing) босауға мүмкіндік берді. Ресейдің Еуропа шетіндегі сұрапыл соғысы Еуроодақты бұрын-соңды болмаған дәрежеде нығайтты, оның мүшелерінің ауызбіршілігін арттырды. 

Халықаралық сарапшылар одақтың кеңею үрдісінің жаңа қарқынмен жандануын негізді санайды. Жаһандық қауіпсіздік архитектурасы күйреді. Сондықтан шағын, жас мемлекеттер саяси, экономикалық тәртіпті сақтап, пәрменді жұмыс істеп тұрған әлемдегі жалғыз, қуатты одаққа тартылуда, соның қанатының астынан пана іздеуде. 

Бірақ бұл биыл ЕО бірден он елге ұлғаятынын білдірмейді. Еуроодақ өзіне қосылғысы келетін елдерден іргелі реформалар жүргізу, жемқорлықпен кешенді күресу сияқты талаптарын алып тастаған жоқ. Ары қарай талап етеді. Әйтсе де, ең маңыздысы, кеңеюге қойылып келген өзге, жанама тосқауылдар жойылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу