Евгений Ган: "Біз өзімізді қорғансыз сезінеміз"

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
2398

Үкімет араласпаса Қазақстан ұны сыртқы нарықтан қол үзіп қалуы мүмкін.

Евгений Ган: "Біз өзімізді қорғансыз сезінеміз"

Қазақстанның ұн өнеркәсібі рекорд орнатты – 2016 жылы  шамамен 2,4  млн тонна ұн экспортқа шығарылды. Алайда бұл жетістік экспорттаушылардың өзін қуантпай отыр, керісінше, үрей тудыруда. Себебі рекордқа өндірушілердің ерекше еңбегімен емес, объективті нарықтық факторларға байланысты қол жеткізілді, ал ол кез келген мезетте жоқ болуы мүмкін.

"Бұл таяқтың екі ұшы сияқты, – деп мойындайды Қазақстан астық өңдеу одағының басшысы Евгений Ган. – Біздің бүгінгі жетістігіміз – елдің жетістігі емес, әлемдік астық нарығының тенденциялары, соңғы төрт жылда нарықта астық бағасы төмендеп келеді, ал 2015-2016 жылдары ең төменгі көрсеткішке жетті. Осы уақытта ауған нарығы Қазақстан ұнымен толықты да, біз пакістандықтарды бұл нарықтан ығыстырып шығардық.

Егер әлемдік нарықта ұн бағасы қымбаттаса, Пәкістанның экспорттаушылары қайтадан нарыққа кіреді де, сәйкесінше, біз ұлғайтқан астық мөлшерін жоғалтамыз".

Шынымен де жыл қорытындысы бойынша Қазақстанның экспортқа шығарған ұнының 57%-ы Ауғанстан нарығына кеткен. Бірнеше жыл бұрын біздің ұнымыздың негізгі тұтынушысы Өзбекстан елі болатын, экспорттық ұнның 75% осы елге жеткізілсе, 2011 жылы сыртқа шығарылатын төрт вагон ұнның үшеуі осы Өзбекстанға жіберілетін. Бүгінде олар ұнды сырттан алуды қысқартып, астық сатып алуды және сол арқылы өз ұн өндірісін дамытуды жөн көріп отыр. Оны статистика айқын көрсетіп тұр: 2007 жылы Қазақстан Өзбекстанға 157 мың тонна астық және 732 мың тонна ұн экспорттаса, 2015 жылы 1 млн 405 мың тонна астық пен 818 мың тонна ұн жіберген. Сонымен бірге Өзбекстан тарифсіз шектеу шараларын кеңінен қолданады: нақты өнім құнына 11% акцизді салық белгіленген.

Тәжікстан да осы жолмен жүріп, ұн сатып алуды қысқартып, ал бидай импортын орташа есеппен жылына 50 мың тоннаға дейін ұлғайтып келеді.Тәжікстан да әр түрлі ҚҚС белгіледі: ұнға – 18%, бидайға – 10%. Ал Қырғызстан мүлдем импортталатын бидайға салынатын ҚҚС алып тастады.

Ұн өндірушілер соңғы бірнеше жыл қатарынан Қазақстан үкіметіне көршілердің осындай әрекетіне жауап қатуын, ұқсас шара қолдануын сұрап келеді. Көршілес Ресейді мысалға келтіреді. Евгений Ганның айтуынша, Қазақстан ресейлік "Макфа" маркасын елге тасымалдануына тыйым салып үлгермей жатып (ұн байытылмағандықтан оған тыйым салынады) Ресейдің Қазақстандағы сауда өкілдігінің қызметкерлері байланысқа шығыпты.

"Міне экспорттаушылардың құқығын қорғау деген осы. Ал біз болсақ өзімізді қорғансыз сезінеміз. Біз өзімізден талап етілген міндетті орындадық, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан нарықтарына кірдік, тұрақтап, жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ бұл елдердің үкіметімен күресу біздің құзыретімізге кірмейді", – дейді астық өңдеу одағының басшысы.

Бұл сөздің жаны бар: ұқсас жағдай тек ұн өндірушілерге ғана қатысты емес, аталған кедергімен қажетті ауқымды қамтығаннан кейін ет экспорттаушылары да, жалпы барлық экспортқа бағытталған салалар бетпе-бет келуі мүмкін.

"Менің ойымша, Қазақстанның экспорттық саясатын дамытатын уақыт келді. Жалпы алғанда, біз ұн өндірушілерге ғана артықшылық берілуін сұрап отырған жоқпыз. Біздің айтып отырғанымыз, мемлекеттің экспортты қолдау және дамыту жүйесі болуы керек. Егер ол болса, ұн өндірісі де соның ішіне кіреді. Біздің импорттаушылар тарифсіз реттеу шараларын да қолданады. Сондықтан осы нарықтарға өнімімізді жеткізу және тұрақтату үшін жүйелі шаралар қолдану қажет, екіншісі  – кейбір елдер қолданып отырған қатал сауда шарттарына дәл солай жауап беру керек", – деп пайымдайды Евгений Ган.

Тілге тиек етсек, жақында ұн өндірісі саласының қиындықтарына қатысты "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы ұйымдастырған "дөңгелек үстел" барысында ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева министрлік нарықты дамыту жөніндегі бизнестің барлық ұсыныстарын қарастырып, қабылдауға дайын екенін мәлімдеді. Ал импорттаушы елдер қолданып отырған тарифсіз реттеу шараларына келер болсақ, оның айтуынша, бұл "келіссөз барысында шешілетін мәселе".

Ирина Севостьянова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу