Ғарыштық бизнес қайтсе дамиды?

3899

Қазақстанның төбесінде тағы да ғарыштық зымыран жарыла жаздаған. 

Ғарыштық бизнес қайтсе дамиды?

Соңғы екі аптада ресейлік мамандар Ресей Федерациясының ғарыштық саласы туралы көптеген қызықты жайтты білді. Әрі бұл дәл биылғы "Космонавтика күніне" тұспа-тұс келген ұнамсыз "тосын сый" болды.

Біріншіден, "ресейлік жалғыз ғарыштық ауыр жүк көлігі" "Протон-М" зымыранының "Байқоңыр" космодромынан дүрк көтеріліп, жердің гравитация күшін еңсеріп, орбитаға шыға алуына қуат беретін бірінші және екінші сатыларына орнатуға арналған және бұрындары әзірленіп қойылған қозғалтқыштар... ақаулы болып шығыпты.

Ресей үшін екінші сорақы "ғарыштық" жаңалық сол, талай жыл жыр болған атақты "Наука" көпфункционалды лабораториялық модульді, яғни шағын стансасын "Халықаралық ғарыш стансасына" ұшырудан бұл елге бас тартуға тура келуі мүмкін. Нәтижесінде, бірнеше жылдан кейін солтүстік көршіміздің ғарышкерлері орбитада ұшатын "адрес" таппай қалуы ықтимал.

Үшіншіден, енді екі жылдан соң АҚШ "Байқоңырдан" ұшатын "Союз" пилотты кемелерінде өзіне орын сатып алудан бас тартатынын білдірді.

Тарихқа шола кетсек, 2003 жылдың 1 ақпанында Жерге қайтқан "Колумбия" америкалық ғарыш кемесі сол қанатындағы жылулық қорғанышының бұзылуы кесірінен, аспанда жарылды. Оның ішіндегі 7 астронавт, оның қатарында Израильдің тұңғыш ғарышкері Илан Рамон да қаза тапты. Осыдан кейін көп мәрте пайдаланылатын америкалық ғарыш кемелері – шатлдардың тағдыры шешіліп, тарихы аяғына таяды. 2004 жылы 14 қаңтарда Вашингтондағы NASA штаб-пәтерінде сол кездегі президент Джордж Буш "Жаңа көкжиектер" (New Horizons) бағдарламасын жариялады. Ол бойынша АҚШ капсулалық үлгідегі ғарыш кемелерін тұрғызуға ден қойды. Ал шатлдарды құрастыру, соның ішінде Ресей мен Америка бірігіп жасамақшы болған "Клипер" кемесінің жобасы да тоқтатылған. 2010 жылдың  мамырында "Атлантис" шатлы соңғы рет ұшты. Содан бері Атлант мұхитының ар жағындағы алпауыт ел өз ғарышкерлерін тек "Байқоңырдан" ұшырып келіп еді.   

Жақын уақытта Америка SpaceX Dragon, Ares, "Икс-37 Би" (Х-37В) және басқа да заманауи ғарыш кемелерін өз космодромынан ұшыра бастамақ.

2016 жыл қорытындысында Ресей ғарыштық ұшырулар бойынша әлемде үшінші орынға түсті. Алда – АҚШ пен ҚХР.

Бұл ретте SpaceX жекеменшік жаңа ғарыш компаниясы "Роскосмостың" клиенттерін өзіне тартып әкеткен.

Осының бәрі Ресей үшін "бірінші болу дәуірі" өткенін паш етеді.

"РФ-да пилотты космонавтика өз дәуірінің соңына таяды. Зымырандық қозғалтқыш жасау саласы да дағдаруда. Америка ресейлік РД-180 қозғалтқыштарын сатып алудан да айныды. Осыдан кейін бізге тек кеңес космонавтикасының бұрынғы ұлылығын сағынышпен еске алып, "Біріншілер дәуірі" секілді фильмдер түсіруден және Гагаринге бар жерде бюст орнатқаннан басқа ештеңе де қалмады" деп қабырғасы қайыса әзілдейді солтүстік көршіміздің сарапшылары.

Қазақстандықтардың көңіл-күйінің түсетін жөні бар ма? Бұлардың барлығы қар жентегіндей жиынтықтала келе, Ресейдің "Байқоңырдан" толық бас тартпағанымен, ұшырулар санын азайта беруіне әкелуі ықтимал. Әрине, нәтижесінде бірте-бірте ғарыш айлағының күні қараңға айналуы ғажап емес. Тиісінше, "Байқоңыр" қаласы тұрғындары мен әлеуметтік объектілерінің жағдайы төмендейді. Бұл қазірдің өзінде жүруде. Жақында Қазақстан азаматы болып табылатын байқоңырлық зейнеткерлерден парламент мәжілісіне шағым хат түсіпті.  

Сонымен бірге, ұшырулардың азаюы Қазақстанның экологиясына түсер салмақты да төмендетпек. Бұл сөзсіз, жақсы жаңалық.

Сонымен қатар "Байқоңырда" бола жаздаған тосын оқиғаның мәнісін анықтау үшін abctv порталы ресейлік жауапты тұлғалардың пікіріне құлақ түрді.

"Энергомаш" ғылыми-өндірістік бірлестігінің бас директоры Игорь Арбузов "Протон-М" зымыраны сатыларына орнатуға арналған ақаулы қозғалтқыштар саны өте көп болып шыққанын растады:

"Бұл – 71 қозғалтқыш. Яғни, екінші және үшінші сатыларына арналған барлық дерлік қор. Қазіргі уақытта жұмыс кестесіне қол қойылды, ол бойынша жұмыстардың елеулі бөлігі биылғы 2017 жылы жүргізіледі, бірақ біз қандай да бір бөлігі 2018 жылға міндетті түрде көшетінін түсініп отырмыз, – дейді ол.

Ақаулар "Протон-М" ауыр ғарыш зымыранында орнатылатын РД-0210/0211 және РД-0213/0214 қозғалтқыштарынан табылған. Мамандардың айтуынша, олардағы асыл металдардың орнына ыстыққа төзімділігі анағұрлым төмен басқа компоненттер қолданылған.

Бұл қозғалтқыштарды Воронеж механикалық зауыты (ВМЗ) шығарады.

Бұл ретте 2016 жылдың 1 желтоқсанында "Прогресс МС-04" зымырантасығышының апатқа ұшырауына да осы себеп болғаны анықталуда: сонда "Байқоңырдан" ұшқан бұл зымыран өзіне тиелген 2 тоннадан артық әртүрлі жүктерді орбитаға шығара алмай, кері құлаған. Көкте, 190 шақырымда байланысқа шығудан қойған "ғарыштық жүк көлігі" (космический грузовик) ту-у биіктен Тувадағы Эйлиг-Хем ауылының қасына барып құлады. Осыдан кейін ВМЗ директоры Иван Коптев өз еркімен отставкаға кетті.

Бұл кәсіпорын ғарышкерлерді таситын кемелердің де қозғалтқыштарын құрастырады. Демек, ақаулар табылмағанда ғарышкерлер арасынан адам шығыны да болуы мүмкін еді.

Сондықтан "Роскосмос" ВМЗ-ның "Протон-М"-ның 1-ші және 2-ші сатыларына арналған барлық қозғалтқышын кері қайтарып алуға ұйғарды. Бұл "Байқоңырдан" зымыран ұшыру мерзімдеріне ықпал етпек. Ақауларды қозғалтқыш жасаушы басқа кәсіпорын – "Энергомаш" түзететін болады. Бұл ғылыми-өндірістік бірлестігі алдымен аудит және барлық қозғалтқыштарға қосымша техникалық бақылау жүргізбек. Бұл "Протондардың" ұшуларын кейінге шегереді: нәтижесінде Байқоңырдан аталған ауыр зымырандардың бірінші ұшырылуы, болжам бойынша, тек жазда ғана мүмкін болмақ.  

Игорь Арбузов қайта жөнделген агрегаттарды жеткізу 2017 жылдың мамырында басталатынын айтады. Бұл ретте алдымен басымдық РФ Қорғаныс министрлігі мүдделі ұшыруларға, сондай-ақ "Халықаралық ғарыш стансасына" жаңа экипаждар мен жүктер жеткізуге арналған ұшыруларға берілгелі отыр. 

Ресей тағы бір тығырыққа бет алды.

Дәл қазір орбитада АҚШ пен Ресей бірлесіп тұрғызған "Халықаралық ғарыш стансасы" (МКС) тұрғаны мәлім. Оның алдындағы кеңестік "МИР" стансасы әбден көнергендіктен төмен құлатылып, Тынық мұхитқа батырылғаны мәлім. Енді бірер жылдан соң "МКС" та көнереді. Сондықтан оған жапсарлас "Наука" стансасы бой көтеріп, оны ауыстыруға тиіс болатын.

"Наука" модулінің отын бактары ластанғаны анықталып, мамандар одан ұзақ жылдар бойы құтылуға тырысқан, бірақ ол қайтадан қылаң беріп отыр. Алдын ала бағалаулар бойынша ластанудан тазарту және кемшіліктерді түзеу бұл модульді ұшыру мерзімін 2018 жылдың аяғы мен 2019 жылдың басына қарай әрі жылжытады.

ТАСС агенттігі кейбір дереккөздеріне сүйеніп, тіпті модульді ұшырудан бас тартылуы ықтимал екенін хабарлады. Өйткені "ластануды, яғни модульді әзірлеу кезінде пайда болған ұсақ ұнтақты жою үшін "Науканың" отын бактерін кесіп, ішінен тазартып, кейін қайта дәнекерлеу қажет болады.

Ешкімге аяушылық танытпас ғарыш кеңістігінде ұшып жүретін станса болғандықтан бұл жұмыстар зергерлік мұқияттылықпен жүргізіледі екен, тиісінше, бұл жұмыстарға бір жыл кетпек. Сала мамандары бұл жағдайда бұл жұмыстарды атқарудың еш мәні қалмайтынын ескертеді: қазірдің өзінде модульдің барлық резиналы элементтері көнере бастаған және бір жыл жатқаннан кейін мүлдем талапқа жауап бере алмай қалады. Нәтижесінде, Ресейде бірде бір қадағалаушы орган аталған модульді қабылдап алу туралы құжатқа қол қоймайды және ешбір компания сақтандырмайды: кейінгі салдарлар үшін жауапкершілікті кім өз мойнына алғысы келсін?!       

"Наука" модулін Ресей 1995 жылдан бері тұрғызуда. Оны 2007 жылы ғарышқа жеткізу жоспарланған-тын. Әрине, РФ-ның бұл жоспары іске аспады. Жаман атағы алысқа тарап, "аспанды шарлаған", қазақ спутниктеріне де кесірі тиген "Хруничев атындағы орталық" "Науканы" 2013 жылы қайта жинап шығыпты.  

Айтпақшы, 2024 жылы қазіргі "Халықаралық ғарыш стансасы" жабылады. Сонда бұл модуль негізгі ресейлік ұлттық станса қызметін атқаруға тиіс болатын. Енді 2024 жылға қарай Ресейде төл орбиталдық стансасы болмай шығатын түрі бар. Олай болса, "Байқоңырды" пайдалануы да "үлкен сұраққа" айналады.  

Америка болса, өз назарын Марсқа бағдарлауда. Алдағы екі жылда АҚШ үш пилоты кемені – жерді айналып жүретін "Dragon V2" мен "Starliner"-ді және марсиандық "Orion"-ды көк сеңгіріне аттандыруға қамдануда.

Бұдан біз қандай сабақ алуымыз керек? Қазақстан біріншіден, өз космонавтикасын – ғарыш саласын дамытуға тиіс. Бұл бағытта жұмыстар біраз жылдан бері жүргізілуде. Осы аптада мәселен, еліміздің Астанада ғарыш аппараттары биылдан бастап құрастыруға кірісетіні жария етілді.

12 сәуір күні елбасы қабылдауына кірген қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов осылайша, елімізде спутниктерді жинау және сынақтан өткізудің толық циклы жолға қойылатынын мәлімдеді.   

Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің айтуынша, биыл елордадағы бірегей кәсіпорын – ғарыш аппараттарын құрастыру және сынақтан өткізу кешенінің құрылысы аяқталады. Қазақстандық мамандар спутник жасау барысында жобалаудан – құрастыруға және сынақ өткізуге дейінгі жұмыстардың бәріне қатысатын болады.

Бірақ еліміз жер серіктерімен шектелмегені жөн. Қазақстан ғарыштық держава болып қалғысы келсе, Марсқа сапар секілді ғаламат жобаларға қатысу жолын іздегені жөн.

Ғарыштық бизнес "астрономиялық" сандарға бейім тұрады: егер жоба сәтсіз шықса, оған құйған миллиондар желге ұшып, құмға сіңбек. Ал егер жоба табысты болса, миллиондаған доллар тасқындай ағылады. Мысалы, Ресей әрбір ғарыштық туристі тасымалдаудан 20 миллион доллардан астам пайда табады. Дегенмен, америкалық компаниялар туристерді ғарышқа алдағы жылдары 200 мың долларға апаруға және алып келуге құлшынуда.

Адамзат ғарышқа алғаш қазақ жерінен аттанған. Мәңгілік ел боламын деген мемлекет биіктерге бағдарланған ғаламат жобалардан жүрегі шайлықпас болар.

Жердегі бизнесіміз де шарықтай көтеріліп, әлі-ақ ғарышқа шығар, солай болсын делік.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу