"Роскосмостың" Байқоңырда қалдық көметіні қоғамды алаңдатты

2518

Мәселені көтерген қазақстандық ұйымды Ресей қудалап жатыр. 

"Роскосмостың" Байқоңырда қалдық көметіні қоғамды алаңдатты

"Байқоңыр азаматтық құқық үшін" қоғамдық бірлестігінің төрағасы, белгілі құқық қорғаушы Марат Даулетбаев "Роскосмос" мемлекеттік корпорациясы Байқоңыр ғарыш айлағына қатысты бірнеше жобаны қолға алғанын хабарлады. Ресейдің ғарышқа жауапты басты құрылымы елімізде қоғамдық тыңдау да өткізіпті.

Мәселенің мәнісі мынада – олар Байқоңыр ғарыш айлағының қалдықтарын утилизациялау үшін қазақ жерінде аспан астындағы ашық карьерлер құрғалы отыр. Осы мақсатта бірден бірнеше жоба жүзеге асырылмақ. Біріншісі – "Байқоңыр космодромында 31 алаңның орналасу ауданында карьерлерді рекультивациялау" жобасы. Екіншісі – "Братская темір жол станциясының орналасу ауданында карьерді рекультивациялау жобасы". Үшіншісі – "Байқоңыр космодромында ЗК алаңының орналасу ауданында карьерді рекультивациялау жобасы.

Ресей тарапының сендіруінше, бұл "қазаншұңқырларға" ғарыш айлағының көнерген ғимараттарын күресінге жібергенде шығатын сынған кірпіш, бетон секілді құрылыс қалдықтары тасталатын болады. 

"Біздің байламымызша, бұлар алып карьерлерді мәлімделген нысаналы бағытынан мүлдем басқа мақсатта қолданғалы тұр. "Роскосмос" МК қоқыс шұңқырларын Байқоңыр кешенінің улы, радиоактивті және басқа да қалдықтарын көму үшін құрып жатыр деп ойлаймыз. Ресей бұл улы қоқысын жылдар бойы еш жазасыз қазақ жеріне жасырумен келді. Ол экомониторинг жүргізу үшін Байқоңыр космодромы аумағына Қазақстанның экологиялық қызметтерін де жібермей келді. Ғарыш айлағын жалға алу келісіміне сәйкес, ресейліктер осы зиянды қоқысын өз аумағына әкетуге міндетті. Алайда Ресей шетелден улы қалдықтарды әкелуге тыйым салатын заң қабылдады", – дейді М.Даулетбаев.

Ең сорақысы бүгінде солтүстік көршінің ірі қалаларында билік тіпті қарапайым тұрмыстық қалдықты да кәдеге жарата алмай жатыр, өйткені экологиялық қозғалыс қуатты дамуда. Мысалы, көршінің Үкіметі Архангельский облысының Ленский ауданының Шиес темір жол станциясының жанында, үлкен батпақ орнында қоқыс полигонын салып, оған Мәскеудің және Ресейдің батыс бөлігіндегі басқа да өңірлердің қатты тұрмыстық, өнеркәсіптік қалдықтарын тасып төкпекші болды. 2018 жылғы шілдеде оған тыйым салуды талап еткен қарсылық акциялары 2019 жылы федерация көлеміндегі қозғалысқа айналды. Нәтижесінде, Мәскеуге ол жобадан бас тартуына тура келді.

Қазақстанда экологиялық қозғалыс дамымағаны жасырын емес.

"Салдарынан, енді "Роскосмос" улы қоқыстарын, соның ішінде зымыран отыны құрауыштарын Байқоңырда утилизацияламақ. Қазақстан оны өз аумағында көмуге мүмкіндік беру ықтимал. Бұл экологияға, сондай-ақ еліміздің тұрғындарына және болашақ ұрпаққа зардап келтіреді", – дейді құқық қорғаушы Марат Даулетбаев.

Қалдық шынында улы ма?

Қазақстандағы әлгі шұңқырлар туралы ресми мәлімет те таратылды.

"Бұл карьерлерді жабдықтау толығымен ресейлік тарап есебінен жүргізілді. Алдын ала дерек бойынша жұмыстардың жалпы құны 20 млн рубльге түскен. Жобалар Қызылорда облысының экология департаментінің оң қорытындысын алды. Көнерген ғимараттарды демонтаждаумен және құрылыс қалдықтарын полигонға жеткізумен қазақстандық "Инфракос" компаниясы айналысуда. Барлық ғимаратты, құрылыс қалдықтарын қазақстандық және ресейлік мамандандырылған компаниялар радиациялық қауіпсіздікке тексереді. Бұл жұмыс 3 рет жүргізіледі, яғни сүру басталғанға дейін, ол жұмыс аяқталғаннан кейін және полигонда", – делінген ресми хабарламада.  

"Сонда бұл не масқара? Жұмыстар жаңа басталып жатыр ма әлде баяғыда аяқталып, қоқыстар апарылып жатыр ма? Біздің дерегімізше, жұмыстар әзірге жалғасуда. "Роскосмос" жергілікті халық пен табиғатты аяйтын түр танытпайды. Біздің шенеуніктер оның жасырын тірлігін жаба тоқымауы керек. Барлық ақпаратты халыққа жария етсін. "Роскосмосты" емес, Қазақстанның мүдделерін қорғасын", – дейді Марат Даулетбаев.

Қоғамдық тыңдауға қатысқан қоғам белсенділері енді биліктен орындалған жұмыстар актісінің көшірмесін алғысы келеді. Жобаның техникалық, құрылыс және басқа да құжаттамаларымен жұртшылық таныс болса жөн. Карьерлерде қандай қоқыс көмілмек, оларға қауіптіліктің 1 және 2 сыныбындағы қалдықтар жеткізуге тыйым бар ма? Полигонға экологиялық мониторингті кім жүргізеді? Сұрақ сансыз.

Жалпы, "PANA" құқық қорғаушыларды, белсенділерді қорғау және олардың қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі коалицияның мәліметінше, Байқоңыр қаласының Төретам кентінде тіркелген және осал топтарға тегін кеңес беретін "Байқоңыр азаматтық құқық үшін" қоғамдық бірлестігі Ресей тарапынан қудалау көріп жүрген көрінеді. Ресей тарапы қазақстандық ұйымнан РФ Әділет министрлігінде тіркеуден өтуді талап етіпті. Бірлестік болса, Байқоңыр Ресейге жалға берілгенімен, ондағы қазақстандықтарда Қазақстан азаматына бекітілген конституциялық құқықтар тегіс сақталады деп табандайды. Бұл ғарыш айлағын жалға беру келісімінде де көрсетілген. Ал Ата заңымыз қоғамдық ұйым құруға рұқсат етеді. "Байқоңыр азаматтық құқық үшін" ұйымы Қызылорда облысының әділет органында 2009 жылы 2 ақпанда тіркелген. Соған қарамастан Ресей Ішкі істер министрлігі бірлестіктің Байқоңыр қаласы аумағындағы қызметі заңсыз деп тыйым салған хабарлама жіберіпті. 

Құқық танушы биылғы 5 мамырда Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевке хат жолдапты. Министр кеше, 15 мамырда жіберген жауабында ғарыш айлағының қоқысын көму РФ "Роскосмос" бас директоры мен ҚР Аэроғарыш комитетінің төрағасы бірлесе бекіткен шешімге сай жүзеге асырылатынын хабарлады.   

"Қазіргі кезде "Инфракос" кәсіпорны ЗК алаңы ауданындағы карьерде рекультивациялау жұмыстарының 3-ші кезеңіне кірісті. Яғни, карьерде орналастырылған қауіпті емес қалдықтар үстін топырақпен жабады. "Братская" темір жол станциясы ауданындағы карьерде 2-ші кезең жүргізілуде: терең сұрыптаудан кейін қауіпті емес қалдықтарды орналастыру, жарамды құрылыс материалдарын және қосарлама шикізатты бөліп алу іске асырылады", – деді экология министрі. 

Ол жобаның өзі және техникалық құжаттамасы экологиялық ақпаратқа жатпайтынына назар аудартты. Жобаға ресейлік "Центр эксплуатации объектов наземной космической инфраструктуры" кәсіпорны тапсырыс беріпті. Екіжақты келісім бойынша Ресей кейбір құжаттарға қоғамның қол жеткізуін шектеген екен.

"Жобалық деректерге сәйкес, карьерлер Байқоңыр ғарыш кешенінің Ресей жалға алған, бірақ пайдаланбайтын нысандарын сүру кезінде, сұрыптау және өңдеуден кейін пайда болатын құрылыс қалдықтарымен толтырылады. Қалдықтардың залалдылық индексі ("индекс токсичности") 1-ге тең. Бұл оны қауіпсіз деп тануға мүмкіндік береді, себебі санитарлық талап бойынша қауіптіліктің 5-ші сыныбына барабар. Тиісінше, карьерлерге тастауға рұқсат етілді. Мемлекеттік экологиялық бақылаушыларды жібермейтініне тоқталсам, Байқоңыр кешеніне мемлекеттік экологиялық инспекторлар бекітілген экологиялық тексеру жоспарына сәйкес жіберіледі", – деді министр Мағзұм Мырзағалиев.  

Жезқазған жерін зымыран "қазуда"

Байқоңырға қатысты жезқазғандық белгілі кәсіпкер Жүрсінбай Лекеров те мәселе көтерді. Оның айтуынша, еліміздің Жер кодексіне сәйкес, зымырантасығыштардың бөліктері құлайтын аудандар "ғарыш қызметі қажеттіліктеріне арналған жерлер санатынан" шығарылған, тиісінше, қорғалатын аймаққа жатпайды.

"Жезқазған қаласының жер қатынастары бөлімінің ақпаратына жүгінсем, бізде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің 90 мың гектары зымыран бөліктері құлайтын аудан саналады. Бұл – Жезқазған қаласының бүкіл ауыл шаруашылығы жерінің бестен бір бөлігі! Қасиетке толы тарихи Ұлытау ауданын бөліп қарасақ, көрсеткіш одан да ауқымды. Алайда осы жерлерде мал еркін жайылады. Оның өнімін Қазақстанның барлық тұрғыны тұтынады. Ал осы ауданға зымырандардың бірінші сатысы, яғни экологиялық ең зиянды бөліктері құлайды", – деді кәсіпкер.

Сарапшылар мен ғалымдар дерегінше, зымыран төбеден өз бөлшектерін тастайтын аудандар – экологиялық мәртебесі бойынша "экологиялық апат аймағы" санатына, ғарыш айлағы ықпал ететін аудандар – "экологиялық дағдарыс аймағына" сәйкес келеді.

Жүрсінбай Лекеров Ауыл шаруашығы министрлігі бұл істен сырт қала бермей, бір шара қабылдауы керек деген пікірде. Мәселен, ол жерлерді ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер санатынан шығарып, ғарыш қызметін қамтамасыз етуші жерлер категориясына қосуы қажет. Сонда ол жақ күзет аймағы деп жарияланып, мал жайылуына жол берілмейді.

Бірақ АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Гүлжахан Бимендина ведомство олай жасай алмайтынын айтады. Оның түсіндіруінше, зымырантасығыштардан бөлінетін бөліктер құлайтын аудан – Байқоңыр ғарыш айлағының нысаны болып табылады. Демек, сол жер телімдерін пайдалану ұлттық заңмен емес, сонау 1995–96 жылдары бекітілген екі ел арасындағы келісімдермен реттеледі екен.

"Бұл аудандарды Ресей ара-тұра, зымыран ұшыру кезінде ғана пайдаланады. Келісім бойынша ұшыру кезінде және одан кейін міндетті түрде осы аумақта экологиялық зерттеу жұмысы жүргізіледі. Бүгінде отын ретінде гептилді емес, керосинді тұтынатын зымырандар ұшырылуда. Ол қоршаған орта үшін қауіпсіздеу. Сондықтан экологияға жауапты меморган мәліметінше, бұл жерлер "экологиялық апат" не "экологиялық дағдарыс" аймағына жатқызылмады. Ресей тарапының келісімі бойынша Қазақстан бұл жер телімдерін жергілікті халықтың қажетіне қолдануда", – дейді АШМ комитетінің төрағасы.

Гүлжахан Бимендина Жезқазғанның аталған жерлерін күзетілетін аймақ деп жариялауға негіз жоқ деген байламын білдірді.  

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу