Байқоңырдан емес, Америкадан

5605

SpaceX капсуласы Жерге оралып, АҚШ-тың орбиталық станцияға қайта адам ұшыруына жол ашты. 

Байқоңырдан емес, Америкадан

Осылайша, НАСА ғарышқа астронавт жеткізу мәселесінде "Роскосмосқа" тәуелділіктен құтылуға жақын.

SpaceX компаниясының Crew Dragon капсуласы жұма күні, яғни, наурыздың 8-де Атлант мұхитына құлап, Америка ұлттық ғарыш агенттігі – НАСА-ның АҚШ-тан орбиталық бекетке адам ұшыруына жол ашқан миссиясын сәтті аяқтады.

Ғарышта бірнеше сағат кідірген Dragon кемесі Гринвич уақытымен сағат 13:45-те Флорида штатының жағалауынан 370 шақырым қашықтыққа қонды.

Жеті орындық капсула өз "экипажы" – манекенді тура өткен ғасырдың 60-70-ші жылдарындағы "Аполлон" кемесі, 1981-2011 жылдардағы "шаттлдар" тәрізді сол жолмен Жерге қайтарды.

НАСА-ның телевизиялық кадрлары көрсеткендей, орбиталық станциядан ажырап, атмосфераның тығыз қабатына енгенде төрт парашюті ашылғандықтан, капсула  су бетіне ақырын кеп қонды. Оның бортында 136 келі жүк (манекен мен ғылыми зерттеулердің нәтижелері және т.б. заттар) болды. Олардың барлығы теңізге батып кетпеуі үшін  капсулаға құтқарушылар қайықтары зымырап жетті...

Осы ұшырылымға жүргізілген сараптама анықтағандай, Илон Маск 2002 жылы құрған SpaceX бұл сынақты басынан соңына дейін сәтті өтіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

НАСА-ның әкімшісі Джим Бриденстанның айтуынша, капсуланың мұхитқа қонуы адамды космосқа ұшыру тарихының жаңа бетін ашып берді. Ал, Ресей ғарыш агенттігі – "Роскосмостың" басшысы Twitter арқылы Джим Бриденстантай мен Илон Маскке құттықтау жолдады. АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама болса, астронавттарға арналған ғарыш көлігін өз үкіметі коммерциялауды бастап бергенін мақтанышпен атап өтті.

"Біз Құрама Штаттардың ғарыштық бағдарламасын қайта күшейту үшін коммерциялық экипаж саласына инвестиция салдық. Сонымен қатар, бүгінгі оқиғаға куә болғанымызға өте қуаныштымыз", – дейді экс-президент Обама. 

Dragon кемесі наурыздың 2-інде Флоридадағы Кеннеди атындағы Ғарыш орталығынан ұшырылып, келесі күні Халықаралық ғарыш станциясымен түйісті. Ал, жұма күні ол шамамен Судан мемлекетінің үстінде орбиталық бекеттен ажырап, Жерге бағыт алған.

Жер атмосферасына кіргенде кеменің ыстықтан қорғайтын қалқаны алғашқы сыннан өтті. Бұған дейін Маск космостық миссияның осы бір тұсына қатты алаңдайтынын мәлімдеген еді. Дегенмен, капсула Жерге "қуырылған зефир" кейпінде оралғанымен, оның ыстыққа қарсы "щиті" балқып кетпеген.

Экипаж аттандыруға әзірлік
Осы жолы Dragon-ның бортында Рипли есімді бір ғана манекен болып, ол кәдімгі экипаждың рөлін атқарды. Оған жүктелген негізгі міндет – кеменің Халықаралық ғарыш станциясына жету мүмкіндігі мен екі америкалық астронавтты алып қайту қабілетін тексеру.

Биыл маусымда капсуланың ұшу кезіндегі үзілу жүйесі сынақтан өткізіледі: ракета жолаушысыз ұшып, капсула одан өзінің қозғалтқышын қолданып бөлінуге және оралуға тиіс.

"Біз соңғы миссиядан барлық шынайы оқиғаларды көрдік деп ойламаймын. Сондықтан, оған сараптама жүргізіп, жыл аяғына дейін осындай кемемен ғарышқа нағыз экипаж жіберуге әзірленуге тиіспіз", – деді НАСА бағдарламасы басшысының орынбасары Стив Стич "Франс пресс" агенттігіне берген сұхбатында.

"Боинг" компаниясы да НАСА-мен ынтымақтасып, сәуір айында өзінің Starliner деген пилотсыз капсуласын сынақтан өткізеді. Бұны да – тағы бір коммерциялық компанияның ғарышқа ұмтылысы деп қарастыруға болады. 

SpaceX пен Boeing – НАСА үшін екі тәуелсіз құрал. Олардың көмегімен ғарышқа адам ұшыру "шаттлдар"  бағдарламасын қолданғаннан әлдеқайда арзанға түспек.

SpaceX миссиясы Халықаралық ғарыш станциясына жеткен алғашқы жекеменшік кеме. Және де ол сегіз жылдан бері алғаш рет Құрама Штаттар жерінен орбиталық бекетке адам апарайын деп отыр.

Dragon Америка космостық бағдарламасының ескі форматқа оралғанын көрсетіп отыр. Мұндай капсула баяғы Аполлон бағдарламасынан бері алғаш рет пайдаланылмақ. Қанатсыз етіп жасалған капсулалардың жылдамдығын Жерге қонғанда парашюттер баяулатады. Бұл тәсіл Ресейдің "Союз" кемесінің капсулаларын қазақ даласына қондырғанда қолданылады.

АҚШ-тың ғарыш кемелерінің соңғы толқыны – шаттлдар ұшақтар тәрізді қонатын. Олар америкалық астронавттарды 1981-2011 жылдары Халықаралық станцияға тасымалдады. Дегенмен, мұндай кемелердің төртеуінің екеуі апатқа ұшырап, экипаждың 14 мүшесі мерт болды.

SpaceX пен Boeing НАСА-ның сертификатын алғанша, Ресей Халықаралық ғарыш станциясына адам жеткізетін жалғыз ел болып қала бермек. Және де НАСА ресейлік әріптестерімен бірге жаттығатын өз астронавттарына орын сатып алуға миллиондаған доллар қаражат төлеуге мәжбүр. Егер SpaceX пен Boeing орбиталық бекетке өз күшімен ғарышкер апаратын деңгейге жетсе, америкалықтар Байқоңырдан емес, өз жерінен космосқа ұшпақ.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу