Илон Масктың Hyperloop капсуласын қазақ жігіті жасауда

22539

SpaceX жобасының басшысы және бас инженері Санжар Тайжан инновацияны қолдаудың кемшілігі, АҚШ-тағы ірі жобасы және басқасы жайында айтты.

Илон Масктың Hyperloop капсуласын қазақ жігіті жасауда

Санжар, сен шетелде танылған сирек қазақ инноваторларының бірісің. Жасың 30-ға да толмапты. Атақты Jaguar Land Rover компаниясымен ынтымақтастығың, инженер ретінде литий-иондық заманауи аккумулятор әзірлегенің белгілі. Илон Масктың командасына қалай кіріп жүрсің?

– Өз жобамды бастау туралы ой осыдан 6 жыл бұрын, Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде оқып жүрген кезде келді. Маған адамдарды, жүктерді арнайы құбыр ішімен, ғаламат жылдамдықпен лезде жеткізетін болашақ технологиясы – Hyperloop ұнады, ол бойынша зерттеу жүргіздім. Алайда ол кезде Илон Масктың жарысында бақ сынай алмадым, себебі бәйгеге тек университеттік командалар жіберіледі.

Кейін мен ұлыбританиялық University Of Warwick-те оқыдым. Университетте жүріп, идеямды құптаған әрі тілектес 30 шақты студентті біріктіріп, Warwick Hyperloop Team-ді құрдым. Бұл командам Hyperloop Pod Competition үшін pod (капсула) жасауға қатысты. Біз бүкіл әлемнен жиылған 1 мың 600-дей командамен бәсекелесіп, іріктеу турнирінің 4 кезеңінен өте алдық. Жобамыздың келешегінен үлкен үміт күтуге болатынын көрген университеттік катапульт-орталығы бастапқы қадамымызға демеушілік жасап, қаржыландырды. SpaceX финалға 35 команданы таңдап алды. Ішінде біз бармыз.

Содан бері Hyperloop жасап жатқан зерттеуші компаниямен бірге 3 жылдан бері бірлесе жұмыс істеп келеміз. Біздің команда төл зерттеулері аясында осы жобаны толықтыру үшін біраз іс тындырды, көп технологияны енгізді. Бастапқыда капсуламыздың үздік екенін симуляция кезінде дәлелдедік. Ізінше арнайы құбырмен апатсыз, қауіпсіз түрде жолаушы мен жүк жеткізуге қабілетті 3 түрлі капсула жасадық.

Жақында командам қайтадан жиналып, оларды кезекті тестілеуден өткізуге тиіс болатын. Дегенмен коронавирус пандемиясы салдарынан ол кейінге шегерілді. Қалай болғанда, келесі 2021 жылғы жазда менің Warwick Hyperloop командам төл капсулаларын Еуропада да, Америкада да қатар сынақтан өткізетін болады.

Мен сондай-ақ Jaguar мен McLaren электрлі автомобильдерін шығаратын компанияда қызмет атқардым. Осы жаһандық озық компанияларда жүріп, дамыған елдерде инновацияны қалай қолдайтынына және өмірге енгізетініне қанықтым.

– Қалай қолдайды екен?

Онда біріншіден, мектептер мен ЖОО-дағы жас дарындарды индустриямен байланыстыратын орталықтар ісі жолға қойылған.

Өзім көрген-білгенімді айтайын. Мысалы, Англияда катапульт-орталық деп аталатын бар, ол медицина, көлік, энергия секілді өз саласындағы жаңа технологиялар мен ғылыми ашылымдарға жеке жауап беретін 7 орталықтан тұрады. Әр орталық ұзақ мерзімді стратегияға ие, олар 30–40 жылдан кейін төл секторы қалай өзгеретінін, не өзекті болатынын бағамдайды, соған орай неге қол жеткізуге тиіс екенін біледі. Олардың бәрін мемлекет қаржыландырады. Бірақ шығыны бүкіл ел үшін ашық: бір жылда қанша қаржы бөлінгені, қандай жобаларға жұмсалғаны, нендей нәтижеге қол жеткізгені туралы ақпарат, есеп сайтында ілініп тұрады.

Әрине, дамыған елдер инновациялық даму саласына орасан зор қаржы құяды. Мәселен, Ұлыбританияда зерттеу орталықтарына және индустриямен ынтымақтасқан өнертабыстарға бір жыл ішінде 1 миллиард фунт (559 миллиард теңге) қаражат құйылды.

Өзі аттас маркалы автокөліктер өндіретін британдық McLaren компаниясы да катапульт-орталықпен бірлесе әрекет етеді, өзіне қызықты жобаларды көрсетеді. Өз кезегінде орталық ұлттық бизнесте сұранысқа ие жобаларды жүзеге асыратын мамандарды іздейді. Мемлекет ондай мамандардың инновациялық жобасын тікелей емес, әлгі орталық арқылы қаржыландырады.

– Мұндай делдал орталықтар Қазақстанда да қаптап құрылған. Біздегіден қандай айырмашылығы бар? Неге оларда нәтиже әкелген жүйе Қазақстанда дағдарысқа ұшырап, тек шығын әкеледі?

– Меніңше, олардың жобаларды іріктейтін комиссиялары білікті сарапшылардан құралады. Олар заманның даму бетбұрысын дұрыс ұғына біледі. Іріктеу қатал. Бірақ комиссия жоба авторларынан нені талап ету керектігін нақты түсінеді. Сонымен бірге комиссия мүшелері батыл қимылдайтындықтан, әсіресе, жас инноваторларға өз жобаларын ілгерілету және қаржы табу әлдеқайда оңайға түседі. "Неге қазақстандық жас таланттар шетелге кетіп жатыр?" деген сауалға жауапты да осы бағыттан іздеген жөн.

Өз басымнан кешкен оқиғаны айтайын. Мен алдымен өз жобамды өз елімде іске асырмақ болдым. Инновацияны қолдайтын комиссияға жүгініп, оның үздік тұстары, перспективасы туралы егжей-тегжейлі әрі шабыттана айтып бердім. Көздері шырадай жанатын шығар дегем. Олай болмады. Сөйтсем, бізде мұны шынайы өмірмен ұштаспайтын жастық максимализм, қиялшылдық деп санайды екен. Комиссия мүшелері болашақ қайда бара жатқанын жете түсінбейтінін аңғартты. Қазақстанның проблемасы да осында. Қандай жобаның қаржыландырылатынын шешетін адамдар осы қазір, биыл іске жарайтын жобаларды іріктейтінге ұқсайды. Келешектің жобасын таңдаса, ол кезде өзі бұл орында болмайды, жемісін өзге тұлға тереді деп ойлай ма...

Мемлекет жастарға сенуі керек. Біз, жастар болашақ технологиялары қандай болатынын сеземіз. Алайда бізге: "Сен әлі тым жассың, саған ел қаржысын сеніп тапсыра алмаймыз!" деп меселіңді қайтарады. Комиссия 30-дан ересек ағайға ақша беруге дайын. Өйткені оның өмірлік тәжірибесі бар, сенім артуға лайық, жанымыз тыныш болады деп есептейді. Осыдан кейін жас адам тек жас болғаны үшін өз жобасын ілгерілетуге еш мүмкіндігі болмайтынын байқап, ары қарай ұмтылыс танытуға ынтасын жоғалтады немесе шетелге тайып тұрады.

Қазақстан инновацияға көзқарасын түбегейлі өзгертуі керек. Жоба авторының жасы емес, өнертабыстың озықтығы басым бағалануы қажет.

– Жобаға көп ақша бергеннен басқа тағы қандай ілгері тұсы бар?

– Оларда маркетинг, нетуоркинг-ілгерілету өте жақсы дамыған. Әр өнімнің жарнамасы әр қырынан іске асырылады. Жаңа нәрсе шықса, ол жайынан әлеуметтік желіні пайдаланушылар тегіс дерлік хабардар болады.

– Құпия болмаса, айтсаң: Илон Маск компаниясы қолдаған жобаңа қанша ақша берілді?

– 300 мың доллар. Студент кезімде маған идеям үшін осынша қомақты қаражат сеніп тапсырылғаны мені қанаттандырды. Егер Қазақстанда дарынды жастарға сонша көлемде көмекқаржы ұсынылса, инновация гүлденер еді. Бұдан бөлек, өнертабыс иелері егер жобасы енгізілсе, белгілі бір пайыз көлемінде роялти, дивиденд алып отырады.

– Қазақстанда жұмыс істеу жоспарың бар ма?

– Мен қазір Қазақстанға көшіп келдім. Қалада орнығып, отандық электрлі автомобильдерді әзірлеу және безендіру-дизайнерлеу бойынша төл стартапымды бастаймын. Бұл істе Макларенде жиған тәжірибем көмек болады деген сенімдемін. Бірақ бүгінде инновацияны қолдау жүйесі Қазақстанда қандай жағдайда? Қолдау бола ма, болмай ма? Ол жағын білмейді екенмін...

Әңгіме Central Asia Nobel Fest аясында жүргізілді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу