"Байқоңырдан" ресейлік офицерлер кеткелі жатыр

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4664

Биыл "Байқоңыр" толығымен азаматтық ғарыш айлағына айналады.

"Байқоңырдан" ресейлік офицерлер кеткелі жатыр

Ресей қорғаныс министрлігі "Байқоңыр" ғарыш айлағын пайдалануды тәмамдайтынын жариялады.

Солтүстік алпауыт көршінің Қазақстандағы космодромнан өз әскери ғарыш аппараттарын соңғы рет ұшыруы биылғы 2019 жылы орын алмақ.  

"Биылғы жылы біз "Байқоңырдан" әскери ғарыш аппаратын тағы бір рет ұшыруды жоспарлап отырмыз. Содан кейін Ресей толығымен әрі түпкілікті түрде әскери ұшыруларды өз жеріміздегі Плесецк космодромына көшіретін болады", – деп мәлімдеді РФ әуе-ғарыш күштерінің ғарыштық әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары Игорь Морозов.

Ол 2001 жылы іргесі қаланған Ресей ғарыш әскерлеріне не кіретініне және құрамы қалай өзгеріп жатқанына да тоқтала кетті. Бұл құрылымға әзірге "Байқоңыр" да енеді.

"Ғарыш әскерлеріне зымырандық шабуылдың алдын алу жүйесі, ғарыш кеңістігін бақылау жүйесі, ғарыш аппараттарын басқарудың жердегі автоматтандырылған кешені және екі ғарыш айлағы – Плесецк пен Байқоңыр жатады. Алайда "Байқоңыр" космодромы жат жерде, шетелдік мемлекеттің аумағында орналасқандықтан, оған жүктелетін әскери міндеттер бірте-бірте, кезең-кезеңмен азайтылып отырды. Қазір Байқоңыр негізінен "Роскосмос" иелігіне қарайды", – деді  Игорь Морозов.

Айта кету керек, әлемдегі тұңғыш ғарыш айлағы болып табылатын "Байқоңыр" 6 мың 717 шаршы шақырымды алып жатыр. Бұл Доминика, Тонга, Сингапур, Бахрейн, Сент-Люсия, Андорра, Мальта, Мальдивы, Монако, Ватикан секілді әлемдегі ең шағын 25 мемлекеттің жерін тегіс қоса алғандағыдан да үлкен!

Екі ел арасындағы келісім бойынша Ресей Қазақстаннан "Байқоңырды" 2050 жылға дейін жалға алған. Яғни, ғасыр ортасына дейін жыл сайын 115 миллион доллар жалдау ақысын төлеуге міндеттеме алды. Бірақ санкция қыспағындағы солтүстік көршіге көнерген және мол инвестицияны талап ететін ғарыш айлағын ұстап тұру аса қымбатқа түсуде.

Мәскеу болашақта ғарышкерлерді өзінің "Восточный" космодромынан көк сеңгіріне аттандыруды жоспарлауда.

Ресейлік ақпарат құралдары мұндай мәлімдемелерді "Байқоңырдың ақыры" таяғандай етіп ұсынады. Дегенмен, Ресей кетсе, отандық ғарыш айлағына шетелдік инвесторлар келуі ықтимал. Әзірге олардың келуіне космодромды әскери объектіге айналдырып, өзгелер, тіпті қазақстандықтар үшін де жауып тастаған Ресей кедергі болып тұр.

Енді міне, биылғы жыл соңына дейін "Байқоңыр" толығымен азаматтық ғарыш айлағына айналатыны анықталды. Бүгінде сонда жұмыс жасап жатқан жат офицерлерінің алды жүктерін буып, түйіп, елдеріне кетуге жиналуда. Оларды солтүстік көрші азаматтық инженерлерімен алмастырмақ. Бұдан бөлек, РФ экономикасының құлдырауына байланысты ғарыш айлағындағы айлық көлемі де төмендеп кетіпті. Осыдан барып, ақпарат құралдарында аса білікті, жоғары сыныпты мамандардың да Ресейдің түпкілікті кетуін күтпей, жайлы қызмет іздеп, "Байқоңырды" тастап шығып жатқаны айтылуда.

Кейбір сарапшылар Мәскеудің "Байқоңырдағы" әскери ұшырылымдарын түбегейлі тоқтатуына санкциялар қысымы да ықпал етті деген пікірде. Өйткені бұл ғарыш айлағы шет мемлекет аумағында (Қазақстанда) орналасқандықтан, Ресей осындағы қаптаған әскери контингентіне қосымша төлемдер төлеп, жеңілдіктер беріп, әлеуметтік қамсыздандыру шараларын жасауға мәжбүр болды. Енді Сириядағы соғысқа араласуы кесірінен әскери шығындары өскендіктен, сондай-ақ батыстың жойқын санкцияларының күшейе түсуі салдарынан ресейлік экономика стагнацияға ұшырағандықтан, "державаның" Байқоңырдағы бұл әскерін ұстауға қаражаты жете қоймайтыны аңғарылуда. Соның айғағындай, кейінгі үш жыл ішінде "Байқоңырдағы" жұмысшыларының саны 8,5 мыңнан 7 мыңға дейін күрт азайған.  

Ресейдің кетуіне қазақстандықтардың наразылығының күшеюі де әсер етті. Бұл наразылық әсіресе, 2013 жылғы шілдеде "Протон" зымыран тасығышы апатқа ұшырағаннан кейін өршігені мәлім. Сонда экологтар қарсылық акцияларын ұйымдастырды, оның үстіне улы гептилді зымырандардың ұшуын тоқтатуды ел парламенті де талап етті. Бұл ресейлік тарапты "Протон-М" зымырандарын қазақстандық космодромнан ұшыру санын күрт кеміту туралы шешім қабылдауға мәжбүр етті.

Жалпы, "Байқоңырды" Қазақстанның өз бетінше жауып тастаған кезі де болды. 1999 жылғы шілде айының басында ресейлік "Радуга" әскери байланыс спутнигі апатқа ұшырағанда ел үкіметі ғарыш айлағынан зымыран ұшыруға тыйым салған. Бұл әрине, екіжақты келісімге қайшы келетін. Сондықтан ресейлік тарап келтірген шығынын өтегеннен кейін, ай соңында айлақ жұмысы қайта қалпына келтірілді.

Енді міне, Ресей "Байқоңырдан" өз еркімен кетуде. Бірақ оны жалдаудан бас тартпайды. Тек үлкен бір бөлігін аренда құрамынан шығарып, Қазақстанға тапсыруда. Мәселен, 2017 жылы Ақай мен Төретам кенттері жанындағы ғарыш айлағының 12 мыңдай гектар жерін елімізге оралтып, қатаң күзетін алып тастады.

2020-2040 жылдар аралығында "Байқоңырдан" гептилді қолданбайтын, анағұрлым экологиялық отынға құрылған "Союз-2" және "Зенит" зымыран тасығыштарындағы автоматты ғарыш аппараттары ғана ұшырылатын болады. Бұл ретте Ресей 2030 жылға қарай барлық ғарыштық ұшыруларының 90%-ын "Плесецк" және "Восточныйдан" жүзеге асыруды жоспарлауда. Тиісінше, "Байқоңырдың" үлесі қазірлі 75%-дан 10%-ға дейін құлайды.

Саясаттанушы Денис Кривошеев Ресейдің кетуінде экономикалық орындылық барлығын айтады.

"Халық ресейлік ұшыруларды қолдамайтыны рас. Дегенмен, "Байқоңырдың" Ресейдегі негізгі инженерлік орталықтардан алыс жатуы, көлік және тасымал шығындары, оны жыл сайынғы жалдау ақысы секілді факторлар оны төл космодромдарына ауысуға итермелеуде. Бірақ Кремльдегілер бірден бере салуға болмайды деп санайды. Бұған тек стратегиялық қана емес, техникалық мақсаттар да итермелейді. Ресей "Байқоңырдан" кетуін мейлінше созбалаңға салады, бұл оның барлық ресурстарын соңына дейін пайдалану үшін жасалады. Одан кейін ғарыш айлағы іске жарамсыз болуы мүмкін. Демек, жаңа инфрақұрылым түзуге тура келеді", – дейді ол. 

Ал депутат Айқын Қоңыров ғарыш айлағын ұстап тұрғысы келсе, мемлекетімізге оның шығын көтеруге тура келетінін айтады.

"Ескірген ұшыру алаңын ұстап тұру тым шығынды іс. "Байқоңыр" өзге зымырандарды ұшыру алаңына айналуы мүмкін, бірақ онда барлық шығындары Астананың мойнына түседі. Шетелден басқа қатысушыларды тарту әзірге проблема. Оның логистикасы да қымбат. Бірақ ғарыш айлағы келешекте қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі ведомствосының қолдауымен дамытылуы мүмкін", – дейді ол.

Әзірше, 2019 жыл бойында "Роскосмос" "Байқоңыр" арқылы 45 рет зымыран ұшыруды жоспарлап отырғанын мәлім етті.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу