Бірақ құрбандар саны бұдан көп болуы ықтимал. Бұл Қазақстанға да сабақ болғаны жөн.
Гавайидің Мауи аралында өршіп, бой бермеген орман өртінің құрбандарының саны 80 адамға дейін өсті. Табиғи апат штат тарихындағы ең көп адам қаза тапқан зұлматқа айналды. Бұл туралы Мауи округі басқармасының сайтында мәлімделген.
Гавайи аралдарының тұрғындары Мауиде із-түзсіз жоғалған жақын-жуықтарын өз бетінше табуға талпынуын жалғастыруда.
The Washington Post жазуынша, ресми тұлғалар өрттен өлгендердің нақты, түпкілікті санын тек бір аптадан соң не одан көп кейін ғана жариялай алуы мүмкін.
Мауи округінің мэрі Ричард кіші Т.Биссен NBC-ге сұхбатында ашық алаңдарда, сыртта мүрделері табылғандардың ғана қаза тапқандар тізіміне енгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, құтқарушылар әзірге ғимараттар ішінде қалғандарын іздеуге кірісе алмады.
Құтқарушылар Лахайна, Кихеи және Мауи қалаларын жапқан өрттерді ауыздықтап, жаңа бас көтерген ошақтарын өшіруді жалғастырды.
Каанапалидағы өрт толық құрықталыпты.
Reuters бағалауынша, орман өрттері штат тарихындағы ең құрбаны көп табиғи апатқа айналды. Бұдан бұрын Гавайида 1960 жылғы цунами кезінде 61 адам мерт болған екен.
CNN хабарлауынша, бұл тіпті АҚШ-тың соңғы 100 жылдық тарихындағы құрбаны ең көп өрттің бірі саналады. Ол әзірге тек Калифорниядағы өртке "жол берді": 2018 жылғы тілсіз жау 85 жанның өмірін жалмап кетті. Бірақ қайғылы рекорд бұзылуы ғажап емес.
Мыңдаған адам баспанасыз қалды. Қоғамдық паналарда кем дегенде 1 418 адам бас сауғалаған. Билік тұрғындардың шамамен 400 автомобиліне тегін отын таратты.
Адамдардың көпшілігінің денесін күйік шалған. Иіс тиіп, уланғандар да қарақұрым.
Шенеуніктердің пікірінше, апат салдарларының және ауқымының алапаттығы сонша, қалаларда, ауылдық елді мекендерде қанша нысанның жанып кеткенін, қирағанын бағалаудың өзі қиын. Күйреген ғимараттар жүздеп саналады.
Губернатор CNN-ге осы бейсенбінің өзінде, алдын ала есептемелер бойынша кемінде 1 700 ғимарат отқа оранғанын жеткізді.
Тілсіз жау Мауидің батысындағы Лахайнаның көне ауданын толығымен жойып жіберді. Ал ол туристер арасында ең танымал орындардың бірі саналатын. Түрлі кинокартиналарда ғана қалды. Оны қалпына келтіру бірнеше жылды және миллиардтаған долларды талап етеді.
АҚШ Ұлттық метеорологиялық қызметі хабарланғандай, орман өрттері "Дора" дауылының екпіні қатты желінің салдарынан туындаған. Дауыл оңтүстікке қарай ауып кетті, тайфунға айналды.
Оған өңірде үстемдік еткен аномальды аптап ыстық пен қуаңшылық қосылып, жағдайды ушықтырған екен.
Мэр Биссен өртті тудырған ғаламат дауыл жергілікті авариялық дабылдатқыштарға жаппай зақым келтіргенін, салдарынан тұрғындарды хабарландыру мүмкін болмағанын айтып, ақталды. Мауиде электр қуаты сөніп қалған, ұялы байланыс істен шыққан.
Осының бәрі жинала келе, тұрғындарды эвакуациялау шараларының лайықты жүзеге асырылмауына соқтырған.
Ақпарат құралдары дауыл кезінде де, өрт лаулағанда да дабылдатқыштар іске қосылмағанына, билік жергілікті тұрғындарды ескертпегеніне назар аудартады. Гавайи губернаторы Джош Грин апаттың беті қайтқан соң бұл жүйеге тексеріс жүргізуге бұйрық берді.
Гриннің айтуынша, дабылдатқыштар иек артатын телекоммуникация желілерін лезде таралған өрт "өте тез жойып жіберді".
PowerOutage дерегінше, осы аптаның жұмасында Мауиде 11 мыңдай тұрғын жарықсыз отырған.
Мауи округінің өрт сөндіру қызметінің бастығы Брэдфорд Вентураның мәлімдеуінше, Мауиде сейсенбіде тұтанған ірі төрт өрттің бірде бірі толық сөндірілген жоқ. Бірақ 80 пайыз локализацияланған. Ол тілсіз жаудың қайта бас көтермесіне кепілдік жоқтығын қосты.
Дегенмен, бұрын жабылған бірқатар трасса қайта ашылды. Алайда апаттың қайталану қаупі бар елді мекендерге жол жабық болып қалуда.
Билік Мауидің батысына апаратын жолдарды бұғаттаған соң көрші аралдардың тұрғындары, волонтерлар көмекті, азық-түлікті теңізбен тасыған.
Дауыл жергілікті сумен жабдықтау жүйесін бүлдіріп, істен шығарды. Жоғарғы Кул, Лахайна су жүйелерінің нысандарын өрт күйретіп кетті. Ресми тұлғалар құбырдағы суға улы қоспалар, бензол сияқты канцероген түскен деп қауіптенеді.
Сол себепті құзырлы органдар тұрғындарға құбыр суын ішуге тыйым салды. Әйтпесе, бұл тыйымды сақтамау ауыр салдарларға соқтыруы ықтимал. Тиісінше, еріктілерге көп көлемде бөтелкеленген суды тасуға тура келді.
Сонымен қатар шенеуніктер гавайилықтарға пандемия кезіндегідей маска және қолғап киіп жүруге кеңес берді. Бұл ауадағы түтіннің, улы шаң-тозаңның денсаулыққа теріс ықпалын азайтуға көмектеседі.
Гавайи аралдарын түсірген телеарналардың сюжеттері апокалипсис көріністеріне көбірек ұқсайды. Мауидегі жақсы өркендеген туристік, жағалаулық қалаларды қап-қара күйік басты. От әр жерде бықсып жануда. Барлық жерде соның күлімсі иісі мүңкитін көрінеді. Бүтін қалған ғимаратты табу қиын. Тұтас кварталдар күлге айналды.
Ұзынсонар кептелісте тығындалып қалып, ілгері жылжи алмаған көліктерді өрт жайпап, жағып жіберген. Отқа оранған орман ағаштарының орнында қара томарлар жатыр.
Америкаға ғана емес, өзге елдерге де бұл жантүршігерлік апаттың себеп-салдарларын талдап, сабақ алуға тура келеді.
Жердің қызуы тоқтаусыз көтеріліп барады. Жыл сайын құрғақшылық күшейе бермек. Ол сонымен бірге қуаңшылықтан, аңызақ желден қуарған далаларда отты дауылдарды туындатуы ықтимал. "Жұт жеті ағайынды" деп бекер айтылмаған.
Биыл Қазақстан да тілсіз жаудан зардап шекті. Ал одан кейін Қазақстанның барлық өңірінің жаппай дабылдатқышпен жарақтанғаны, өрт сөндіру қызметтерінің мұздай қаруланғаны шамалы. Өз қателігінен үйренбеген елдер сол қателігін қайталауға мәжбүр болатынын шенеуніктер түсінсе, жақсы.