Газ бағасына мораторий аяқталады, бірақ реттеу жалғасады

4848

"Қаңтар оқиғаларынан" алған сабағы ма, әйтеуір Үкімет енді газдың ең жоғарғы бағасын үнемі ұстап отыруға ұйғарыпты.

Газ бағасына мораторий аяқталады, бірақ реттеу жалғасады Фото: Максим Морозов

Бейбіт митинг қақтығысқа ұласып, алғашқы қан төгіле бастаған тұста, 2022 жылғы 5 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты шұғыл кеңес өткізіп, наразылыққа себеп болған сұйытылған газ бағасына 180 күнге мемлекеттік реттеуді енгізді. Алты айлық мораторий аяқталуға жақындады. Әрі қарай не болмақ?

Осы орайда Энергетика министрлігі газ және газбен жабдықтау туралы заңнамаға сәйкес, өзіне "сұйытылған мұнай газын (СМГ) бөлшек саудада өткізудің шекті бағасын бекіту" функцияларын беруді сұрап, Үкіметке ұсыныспен шықты. Яғни, бұдан былай автогаздың ең жоғарғы межесін министрлік бекітіп отырмақ. Әйтпесе, биржадағы трейдерлер өзара ымыраласып, газ бағасын тағы да екі есе көтеріп жіберетіні даусыз. Ал қаңтардағы қанды қырғыннан кейін мұндай бассыздықтың қайталануын халық кешірмеуі ықтимал. Биліктегілердің байламынша, анау-мынау емес, елдің ұлттық қауіпсіздігі – газ бағасына да тәуелді.  

"Реттеушілік талап жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін, адамдардың өмірі мен денсаулығын және Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қорғау мақсатында енгізіледі. Жалпы жаңа реттегіш құралды енгізбей, Қазақстан халқы мен экономикасын осы өніммен үздіксіз қамтамасыз ету және бұл саланы қауіпсіз ету мүмкін емес", – деп түсіндірді ведомство.

Энергетика министрлігіне СМГ-ның бөлшек саудадағы шекті бағасын бекіту функцияларын беру бірнеше мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік беретін көрінеді. Біріншіден, үстеме пайда-маржаны өндіруші зауыттар мен бөлшек сату субъектілері арасында әділ бөлу арқылы газ өндіруді ынталандырады. Осы мақсатта өндіруші зауыт өзінің көтерме бағасын реттелетін бөлшек бағаны басшылыққа ала отырып, айқындайтын болады.

Екіншіден, мемлекет осы арқылы СМГ бағасын жасанды түрде көтеретін көптеген делдалдық тізбектерді жоюға ниетті. Үшіншіден, инвестицияларды ынталандыру үшін өндіріс секторын шығынды-залалды жағдайдан шығармақ. Өйткені қазіргі әр литріне 50-70 теңге деген баға саланы қаусатып барады. "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы бұдан 15 миллиард теңге жоғалтқалы тұр.

Төртіншіден, осының нәтижесінде сұйытылған мұнай газының өндірісі ұлғайса, мемлекетке салық түсімдері де артады.

Энергетика министрлігі бұл жерде Ресейдің тәжірибесін үлгіге алып отырғанын жасырмады.

"Осыған ұқсас құралды іске асырудың халықаралық тәжірибесі бар. РФ Үкіметінің 2000 жылғы 29 желтоқсандағы №1021 "Газ бағасын, оны тасымалдау бойынша қызметтерге тарифтерді және газ пайдаланушы жабдықты РФ аумағындағы газ тарату желілеріне технологиялық қосқаны үшін төлемдерді мемлекеттік реттеу туралы" қаулысына сәйкес, халыққа арналған сұйытылған газдың бөлшек сауда бағасын Өңірлік қызмет өз қаулысымен бекітеді", – деп түсіндірді меморган.

Осының нәтижесінде, Ресейдегі жанар-жағармай құю стансаларында автогаз бағасының 1 литрі орта есеппен 20 рубль тұрады (шамамен 130 теңге). Ал нарықтағы бағасы 43 рубльдей. Мұның өзі Еуропадағы ең арзан баға саналады.

Қазақстандықтар осы бағаны да қымбатсынады. 120 теңгеге дейін көтерілгені үшін бас көтергені мәлім. Ендеше республикамызда автогаздың шекті бағасы Ресейдегіден төмен белгіленуі мүмкін.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жыл өткен сайын ішкі тұтыну көлемі қарқынды түрде артып келеді. Егер 2020 жылы ішкі нарықта 1,4 млн тоннасы тұтынылса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 1,6 млн тоннаға дейін өсті. Алда 2 миллиондық межеге көтеріледі деп күтілуде.

Үкімет 6 айлық мораторий біткен соң баға бірден өз еркіне жіберілмейтінін білдірді. Бәрібір реттеледі.

Келесі жылы СМГ қайтадан биржада сатыла бастауы мүмкін. Бұл ретте шекті бағаны реттеу де 2023 жылғы 1 қаңтардан басталады деп жоспарланған. Энергетика министрлігі бөлшек сауда бағалары әр облыс үшін 2026 жылға дейін жарты жылда бір рет бекітілетінін хабарлады.

Қалай болғанда, Үкіметке 2025 жылға қарай ішкі нарықты экологиялылықтың жаңа стандарттарына сәйкес келетін автогазбен, жанар-жағармай материалдарымен толық қамту басымдығы белгіленген екен. Бұл да Смайылов Үкіметіне үлкен сын болмақ.

Асқар Мамин Үкіметі 2019 жылғы ақпаннан бері үш жылдай отырыпты. Әлихан Смайылов Үкіметі болса, газ бағасының көтерілуінен басталған "қаңтар оқиғалары" негізінде билік басына келді. Ол енді осы үш жыл ішінде мәселені ретке келтіріп, өз нарығымызды жеткілікті әрі арзандау газбен молықтыра алмаса, абыройдан айырылары сөзсіз.

Себебі 2025 жылға қатысты меже жай ғана тапсырма емес, ол талаптар "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының жекелеген тапсырмаларын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасына енгізілді. Демек заң талабына айналады.

Үкімет оны орындай алмаса, бұл кесірдің елдегі тұрақтылықты шайқалтатын орнықты факторға айналып кету қауіп бар. Оның үстіне Ұлттық статбюро дегеніше, күйзеліс қыспаққа алған сайын қазақстандықтар жеңіл және жүк көліктерін, ал автопарктер автобустарын бензин мен дизельден автогазға қарқынды түрде көшіруін жалғастырды. Нәтижесінде, 2021 жылы СМГ-ге ауыстырылған автокөлік саны 2019 жылмен салыстырғанда 139 990 бірліктен 313 371 бірлікке дейін, яғни 2 есеге өсті және бұл сан жыл сайын тек арта болады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу