Грузия билігі Саакашвилиді түрмеде өлтіріп тынатын түрі бар

2820

Дәрігерлер Сакартвелоның бұрынғы Президентінің алжи бастағанын жариялады.

Грузия билігі Саакашвилиді түрмеде өлтіріп тынатын түрі бар Фото: inbusiness.kz

Михаил Саакашвили басқарған (2004-2013) тұстағы Грузия бүкіл ТМД мемлекеттері үшін үлгі еді. Ол осы посткеңестік елдегі жемқорлықты тез арада жеңе алды. Сол кездегі Қазақстанның Ішкі істер министрі Қаммұханбет Қасымов бірде Мәжілістегі баяндамасында Грузияның ішкі істер органдарындағы, әсіресе жол полициясындағы коррупцияны түбірімен жеңгенін аузынан суы құри әңгімелеп, оның тәжірибесін игеру үшін үлкен делегация жібергенін хабарлағаны бар.

Кеңестік артта қалған Грузия Саакашвили тұсында еуропалық мемлекетке айналды. Түрленген Тбилиси сыртында, Батумиде ТМД жұртшылығы жұтына қарайтын, көз жауын алар заңғар ғимараттарға толы заманауи курорт қала тұрғызылды. Халықтың әл-ауқаты жақсарды. Елге қаптап инвестор келді. ЕуроОдақ аймақтағы елдер ішінде ең алдымен дәл осы Грузия ЕО-ға мүше болуға лайық екенін жариялады.

Посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттердің көшбасшылары сияқты Саакашвили президенттік орынтаққа таскенедей жабысқан жоқ. Өкілеттігі аяқталған соң орнын босатты, тіпті елден кетіп қалды. Оның орнына Грузия тізгінін кремльшіл күштер өз уысына түсірді. Олар посткеңестік дәстүр бойынша М.Саакашвилидің үстінен саяси реңкі бар бірнеше қылмыстық іс қозғап, оның елге оралуына тосқауыл қойды.

Михаил Саакашвили 2014 жылы батысқа бет қойған Украинадағы Еуромайдан қозғалысын белсенді қолдады, украиндерге кремльшіл әрі жемқор ескі биліктен арылуына жәрдемдесті. Сол қызметі үшін 2015 жылы Одесса облыстық әкімшілігінің төрағасы лауазымына қол жеткізді. Реформалардың халықаралық кеңесінің төрағасы ретінде Украинадағы жаңғыруларға үлес қосты. Украина Президенті Петр Порошенконың кеңесшісі болды. Алғысы ретінде Порошенко оған Украина азаматтығын берді.

Әрине, ойын ашық, бетке айтатын бірбеткей, табанды саясаткер Украина билігіне де жақпай жүрді, талай жанжалға ілікті. Қазіргі кезде саясаттанушылар Украинаның соғыста жеңілмей, біраз жетістікке жетуіне оның демократиясы қуатты ықпал еткенін айтып жүр. Міне, осы жеңісті демократияда Саакашвилидің де қолтаңбасы бар.

Ол 2016 жылы барлық лауазымдарын тәрк етіп, мәскеулік олигархтармен ауыз жаласа бастаған іс басындағы Президент Порошенкоға қарсы протесттің көшбасшысына айналды. Сол үшін Мемлекет басшысы өз жарлығымен оны 2017 жылы Украинаның азаматтығынан айырды, келесі 2018 жылдың ақпанында елде аластады.

Михаил әйелінің отаны Нидерландыға қоныс аударды.

2019 жылғы мамырда Украинаның жаңа Президенті Владимир Зеленский оның елге сіңірген еңбегін ескеріп, украиналық азаматтығын қайтарды. Михаил Саакашвили жарлық шыға салысымен ертесіне Киевке асыға жетті. Ол өз сұхбаттарында билігі әсірересейшіл болып кеткен Грузияны еуропалық даңғылға оралтуды армандайтынын айтатын. Жаһандық пандемиядан кейін, шекаралар ашылғанда, яғни 2021 жылғы қыркүйекте Саакашвили өз арманы мен мұратын жүзеге асыру мақсатында Тбилисиге оралды. Оны қарсы алуға шыққан қалың нөпір халық астана көшелерін толтырды.

Алайда саяси бәсекелестіктен зәресі ұша қорыққан Грузия билігі Михаил Саакашвилиді дереу тұтқынға алды. Содан бері ол темір тордың тамұғында азап шегуде.

Өткен аптаның соңында, 2023 жылғы 9 сәуірде Грузия Парламентінің жанында Михаил Саакашвилиді босатуды талап еткен ірі митинг өтті. Оған рақымшылық жасауды Батыс та сұрап отыр. АҚШ тіпті экс-Президентті жала негізінде соттаған судьяларға санкция енгізіп жатыр. Бірақ Грузия билігінің жүрегі жібитін емес.

Саакашвилидің адвокаттары саясаткерге тағайындалған жазаны орындауды уақытша тоқтата тұрып, емдеу үшін оны шетелге ауыстыруды талап етіп, Адам құқықтары жөніндегі еуропалық сотқа шағым түсірді. Билік оны жергілікті дәрігерлер емдеп жатқанын алға тартады.

Заңгерлердің мәліметінше, Саакашвилиді тбилисилік клиниканың емдеп жатқанына бір жылға жуық уақыт өтті, бірақ оған ем қонатын емес: Саакашвилиде кахексия және деменция басталған, қарапайым тілмен айтқанда, ақылдан алжаса бастаған. Тәуелсіз дәрігерлер оның тіпті хал үстінде жатқанын жария етті. 

Оппозициялық саясаткерлер мен эксперттер бұл ойындардың артында Грузияның бейресми билеушісі, ресейшіл миллиардер Бидзина Иванишвилидің тұрғанына назар аудартады.

Саакашвилидің тағдырын еуропалық жұртшылық та қадағалауда. Саакашвили адвокаттарының Грузия билігін Страсбургтегі сотқа бергенін оның заңгерлері емес, бірінші болып, Твиттерде белгілі француз философы және публицист Бернар-Анри Леви хабарлады.

"Грузия демократиясының символы саналатын осы тұлғаның өмірі мен өлімінің мәселесі шешіліп жатыр", – деп жазған Б.Леви дәрігерлердің халықаралық командасы Саакашвилидің ахуалы өте ауыр екенін растағанын жеткізді.

Польша Үкіметі Грузияның экс-Президентін шұғыл түрде шетелде емдеуге алып кетуге дайындығын білдірді.

Саакашвилиді босату жөніндегі штаб басшысы Георгий Чаладзенің түсіндіруінше, грузин дәрігерлері оның симптомдарын ғана емдеуде, дұрысы, саясаткерді ауыр металдармен уланудан емдеу талап етіледі.

Бұдан бұрын америкалық токсиколог Дэвид Смит Саакашвилидің ағзасынан барий, висмут және сынап тапты. Эксперт Грузияның бұрынғы басшысы абақтыға жабылған соң оны әлдекімдер улауы мүмкін деген жорамал жасады.

Грузиялық "Эмпатия" үкіметтік емес ұйымының сарапшылары да М.Саакашвили ағзасынан аса улы сынаптың іздерін тапты. 

Өз кезегінде америкалық невролог Шахин Йммануйль Лахани биылғы қаңтарда сотқа төл қорытындысын ұсынды: онда Саакашвилиде деменция басталғаны және тез өршіп бара жатқаны көрсетілген. Заң бойынша бұл дертке шалдыққандар босатылуы шарт.

Адвокат Шалва Хачапуридзе халықаралық соттың алда қандай шешім қабылдайтыны белгісіз екенін ескертіп, шектен тыс үміт артпауға шақырды. Оның пікірінше, ең бастысы, өліп қалмай тұрғанда, Саакашвилидің бостандыққа шығып, жоғары білікті ем қабылдауына қол жеткізу болмақ.

Ш.Хачапуридзе Саакашвилиге қатысты сот ерекше, тарихта теңдессіз болатынына екпін түсірді: Адам құқықтары жөніндегі еуропалық сот бұған дейін ешқашан бұрынғы президенттерге қатысты істі қарамапты. Негізінен, биліктен жапа шеккен қарапайым адамдардың, қоғам белсенділерінің шағымын қарайды.

Бірақ Тбилиси бұрынғы көшбасшысын түрмеде шірітуге бел буғанға ұқсайды. Қазіргі Пасха мерекесіне орай президент Саломе Зурабишвили рақымшылық жариялағандардың тізімінде тағы да Саакашвили болмай шықты.

Еуропалық саясаткерлер, зиялы қауым өкілдері Грузияның экс-Президентіне қолдау көрсетіп жатыр. Енді оның тағы бір қуатты қолдаушысы пайда болды: АҚШ Мемлекеттік департаментінің басшысы Энтони Блинкен 5 сәуірде сенсациялық мәлімдеме жасады. Оның пікірінше, грузиялық соттың әділ төрелік жасайтынына сенім жоқ, себебі грузин сотын жемқорлық жайлаған және оны "клан" басқарады.

Э.Блинкен грузиялық-америкалық қатынастар тарихында тұңғыш рет Грузияға қатысты санкциялар енгізілгенін халықаралық қоғамдастыққа өзі жеке жариялады. Бұл ретте "судьялар кланының" жоғарғы басшылығы санкциялық қара тізімге ілікті. Оның арасында Грузияның Апелляциялық сотының төрағасы Михаил Чинчаладзе, Жоғарғы әділет кеңесінің беделді мүшесі Леван Мурусидзе, Тбилиси апелляциялық сотының судьясы Ираклий Шенгелия және осы соттың бұрынғы төрағасы Валериан Церцвадзе бар.

Ақ үй мұның тек басы ғана екенін, Грузияда билікті теріс пайдаланып жатқандардың үстінен қадағалайтындарын мәлімдеді.

АҚШ санкциялары мен қатаң ескертуі Грузияның билік басында дүрбелең мен истерика тудырды. Соның бір нышанындай, Грузия Сыртқы істер министрі Илья Дарчиашвилидің өзі қол қойып, Вашингтонға зілді хат жолдады. Онда грузин министрі Ақ үйден түсініктеме мен санкцияларды жоюды қатаң талап етті.

"Құрама Штаттарға соғыс жарияламағанына да рахмет" деп әжуалады грузиндер әлеуметтік желіде.

Сөйтіп, Грузияның бұрынғы Президентіне қатысты жанжал өрті жаһандық деңгейде өрши бастады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу