Сарапшылардың бағалауынша, халықтың табысымен қатар, шығындары да үздіксіз артып жатыр екен. Ең назар аударар тұс – халық қолда бар қаржысының жартысынан астамын азық-түлікке жұмсауда. Бұл нені білдіреді, жұртшылықтың қомағайлығын ба, әлде инфляцияның бас бермей кеткенін бе?
Есепте күмән тудыратын тұстар бар
Сонымен, бюро дерегінде халық табысының 50,6 пайызын азық-түлікке, азық-түлікке жатпайтын тауарларға – 22,4 пайызын, ақылы қызметтерге – 18 пайызын жұмсаса, кредит пен қарыздарын өтеуге 6,6 пайызын ғана шығындап келген екен. Осыны айта келе, халықтың тұтыну мақсатындағы шығындары артып жатқанына мән беріліпті. Маңғыстау мен Түркістан облысының тұрғындары тіпті азық-түлікке табыстың 59,6 пайызын жұмсағаны айтылған.
Бір қызығы, бюро қазақстандықтардың жан басына шаққандағы орташа табысын 1 328 907 теңге деп көрсеткен. Шамасы бұл жылдық болса керек. Сонда оның 627 427 теңгесі азық-түлікке жұмсалса (ай сайын 56 035), несие мен қарыздарды төлеуге 87 707 теңгесі ғана кетіпті. Міне, күмән осы тұстан туады. Онсыз да қазақстандықтардың тұтынушылық бағытта алған несиесі өсіп жатқанда, бұлайша топшылауға негіз жоқ іспетті.
Жасыратыны жоқ, сарапшылар ел азаматтары табысының жартысынан астамын азық-түлікке жұмсап жатқанын бұрыннан айтып келді. Бірақ жылдық емес, ай сайынғы табысы арқылы есептейтін.
Мәселен, медианалық мәнді айтпай-ақ қояйық, 2024 жылдың қорытынды 4-тоқсанында елдегі орташа жалақы 434 982 теңгені құрады. Сонда оның 50,6 пайызы – 220 101 теңге – азық-түлік шығындары деп қабылдауға болады. Дегенмен бұнда да шикілік шығады, қарыз шығындары 6,6 пайыз – 28 709 теңге. Азаматтардың ай сайынғы төлейтін несиелері көп жағдайда бұдан бірнеше есе артық болып жатады.
Ал азық-түлік шығындарының өсуін қалай түсіндіреміз. Есімізге лезде инфляция жайы оралады. Дегенмен құзырлы органдар 2024 жылы қымбатшылықтың қатты болмағанын алға тартады. Мысалы, ресми деректе былтыр азық-түлік инфляциясы бар болғаны 5,5 пайыз деңгейінде өскен. Осы факторларды ескере келе, азаматтардың табысы мен шығыны жөніндегі деректер қайтадан нақтылауды керек ететінін байқаймыз.
Кедейлік көрсеткіші ме, қомағайлық па
Жалпы, азық-түлік шығындары халықтың қандай хәлде, қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын нақтылайтын негізгі фактордың бірі саналады. Қайталаудан жалықпаймыз, экономика саласындағылар Энгель заңы аталатын тұжырымды жақсы біледі. Бұл не десеңіз, неміс статисі және экономисті Эрнст Энгель халықтың табысы мен шығыстарының байланысын зерттей келе: "Егер халық табысының 50 пайыздан астамын азық-түлікке жұмсаса, елдегі кедейліктің артқанын көрсетеді", – деп топшылаған.
Осы қағида экономикада кедейлік пен өмір сүру деңгейін бағалауда жиі қолданылады. Әрине, Қазақстанның жағдайында қазір бұл тұжырым өзекті ме, емес пе – оны нақтылай алмаймыз. Дегенмен халықтың өмір сүру сапасына қатысты материалдарда азық-түлік шығындарын ескергеніміз жөн.
Экономист Мағбат Спановтың айтуынша, қазіргі ресми деректер халықтың әл-ауқаты тұрақсыздау екенін аңғартып отыр.
– Халық шығындарының құрылымында азық-түлікке жұмсалатын қаражат үлесі негізгі орынға ие. Мұнда бірнеше фактор бар. Кез келген отбасы физикалық тұрғыда тамақтануы керек. Енді қараңыз, бір отбасы азық-түлікке ай сайын 160 мың теңге жұмсайды делік. Егер ресми статистикада көрсетілгендей, орташа жалақы 430 мыңнан асатын болса, жағдай тұрақты секілді көрінеді, яғни, маңызды санатқа жұмсалатын шығын табыстың 50 пайызына жетпейді. Бірақ орташа жалақы ретінде медианалық мәнді (309 мың теңгеге жуық) қарастырсақ, жаңағы 160 мың теңге табыстың 50 пайызынан асып кетеді. Жағдай мүлде басқа сипат алады, бұл – Қазақстан халқының негізгі бөлігінің қаржылық жағдайы тұрақсыз екенін көрсететін факторлардың бірі. Мұны тек осылай түсіндіруге болады, – дейді ол.
Дегенмен барлық сарапшылардың ойы бір жерде тоғыса бермейді. Иә, халықтың әл-ауқатын саралаған экономистердің түгелі дерлік азық-түлік шығыны табыстың 50 пайызынан асқан алға тартады. Десек те, себетте бағасы қымбат саналатын ет өнімдері мол екеніне назар аудартады.
Мысалы, былтыр finprom зерттеушілері қазақстандықтардың азық-түлік шығынының үштен бірі ет сатып алуға кететінін жария етті. Әр ересек адам 3 ай сайын 21 келі ет тұтынады-мыс. Шамамен бір адам айына 7 келі ет тұтынады. Егер 1 келі ет бағасын 2,5 мың теңге десек, бір айлық ет шығыны адам басына 17,5 мың теңге болады.