Алайда осы ақпарат жария етілгелі көпшілік әлеуметтік желілер арқылы сандарды "жалған" деп топшылауда. Әр жыл сайын көрсеткіші тоқтаусыз өсіп жатқан орташа жалақы тақырыбы көптің қарсылығын тудыратыны жасырын емес. Сонда нақты көрсеткішті қалай анықтаймыз, айлығымыз расымен өсіп жатыр ма?
Жалақы айтарлықтай артпаған
Енді қазақстандықтардың орташа жалақысы кейінгі онжылдықта қалай өзгергенін көрейік. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, сонау 2014 жылы отандастарымыздың айлығы 121 мың теңгеден асса, араға 2 жыл салып – 2016 жылы 143 мыңға жуықтаған. Ал 2018 жылы – 163 мыңға жуық, 2020 жылы – 213 мыңнан аса, 2022 жылы – 310 мыңға жуық болса, 2024 жылдың соңында 435 мыңға жақындаған.
Бір қарағанда бәрі керемет, өсіп жатқандай көрінеді. Алайда әлемдік тенденцияға сай күнкөріс деңгейін доллармен өлшейтін болсақ, айтарлық өсім болмағанын көреміз. Мысалы, 2014 жылы орташа жалақы 121 мың теңгеден асты. Сол жылдың басында 1 доллар 155 теңгеге бағаланған. Яғни, орташа жалақы 780 доллар болды. Дегенмен 2014 жылдың ақпанында әлемде геосаяси мәселелер туындап, әсерінен 1 доллар 185 теңгеге қымбаттады. Соған сай елімізде орташа жалақы 654 долларға төмендеді.
Әлем халқын дүрліктірген 2020 жылды қарастырайық. Сол жылдың басында пандемия өршімей тұрып, 1 доллар 380 теңге еді. Орташа жалақы – 213 мыңнан аса, 560 доллар болып тұрды. Бірақ наурызда пандемия күш алды, доллар қымбаттады. Ақыры 2020 жылдың соңында 1 доллар 420 теңгенің маңайына барып, орташа жалақы 507 долларға азайды. Сонда 2014 жыл мен 2020 жыл аралығында елдегі орташа жалақы өспеді, керісінше, 150 доллардай азайды.
Былтыр қарашада да доллар бағамы теңселіп, 500 теңгеден бір асып, 494 теңгеге тұрақтағанын халық жақсы біледі. Осыған қарамастан 434 мың теңге 880 долларға теңеліпті.
Бірақ қуануға ерте. Өйткені Қазақстанда орташа жалақы арифметикалық мәнмен есептеледі. Яғни, елде жұмыс істейтін барлық адамның айлығын қосып, қайтадан сол адам санына бөле салады. Сарапшылар бұл тақырыпқа келгенде медианалық мәнге қараған дұрыс екенін айтады. Әр тоқсан сайын жарияланатын Ұлттық статистика бюросының орташа жалақы туралы дерегінің мәтінінде медианалық жалақы деген тұсты байқайсыз, мұқият болмаса елеусіз көрінеді.
Біз жоғарыда орташа жалақы 434 мыңнан асады дегенімізбен, медианалық мән 308 717 теңгені құрады. Егер қазіргі бағаммен шақсақ, 610 доллардан сәл асады. Міне, орташа жалақы көп табыс табатындардың әсерінен жоғары болып көріне береді, шындығында медианалық мән нақты жалақы деңгейін ұсынады.
Айтпақшы, модальдық жалақы деген бар. Бір сөзбен айтқанда, топтастыру. Нәтижесінде, елдегі ең жиі кездесетін жалақыны табады. Бұл тұста да қуана алмаймыз. Ұлттық статистика бюросы былтыр елде ең жиі кездесетін жалақы 97 мың теңге екенін жария еткен. Яғни, халықтың көп бөлігі дәл осы мөлшерде табыс табады.
Әйтеуір орташа жалақы деңгейі бойынша Өзбекстан (437,8 доллар) мен Беларусьтен (701 доллар) алдамыз. Алайда кейінгі 3 жылда санкиця шырмауында жатқан Ресейге жете алмадық, 2024 жылы мұнда орташа айлық 951 долларды құрады. Ал АҚШ (4540), Катар (4201), Швейцария (7187) секілді елдерді ойламай-ақ қойсақ болғандай.
Шенеуніктер жоғары көрсеткіштерді ғана ұсынады
Біз сөйлескен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, экономист Мағбат Спановтың айтуынша, жалақы халық үшін маңызды фактор саналады.
– Жасыратыны жоқ, шенеуніктер көбіне ең жоғары көрсеткіштерді ұсынуға тырысады. Алайда кез келген көрсеткішті әртүрлі әдістермен есептеуге болады. Орташа жалақыға келгенде мен салалар бойынша есептелген медианалық мәнді анағұрлым шынайы санаймын. Қазақстанда орташа жалақы мен медианалық жалақының арасы тым алшақ, 150 мың теңгеге жуықтайды. Осы айырмашылық халықтың әл-ауқаты мен табысына қатысты көзқарасты өзгертеді, – деді маман.
Дамыған елдердің көбі орташа жалақыны есептеуде медианалық жүйені пайдаланады. Экономистің ойынша, Қазақстанда жалақыны салалар бойынша сағаттық орташа төлем арқылы есептеу маңызды көрсеткіш болмақ. Халықтың кедейлік деңгейін салыстыру тұрғысынан бұл айқын көрініс береді.
– Еліміз әлемдегі орташа дамыған елдер қатарына жатады. Сондықтан БҰҰ шеңберінде кедейлік деңгейі адам басына шаққанда 5,5 долларлық табыс пен шығын негізінде есептеледі. Ал Африкада бұл көрсеткіш 4 доллар. Егер орташа сағаттық жалақыны есептейтін болсақ, онда жағдай Ұлттық статистика бюросы мен Еңбек министрлігі жариялайтын көрсеткіштер секілді қолайлы болмас еді, – дейді Спанов.
Экономикадағы Энгел тұжырымынан көбі хабардар: "егер халық табысының 50 пайыздан астамын азық-түлікке жұмсаса, елдегі кедейліктің артқанын көрсетеді" деп болжанады. Осы қағида экономикада кедейлік пен өмір сүру деңгейін бағалауда жиі қолданылады.
Әр жылдары қазақстандықтар таюбысының 50 пайыздан астамын азық-түлікке жұмсайтыны туралы ақпараттар шығын тұрды. Кей экономистерден 2020 жылдан соң көрсеткіш 60 пайызға жуықтағаны жөнінде естіп жүрдік.
– Халық шығындарының құрылымында азық-түлікке жұмсалатын қаражат үлесі негізгі орынға ие. Мұнда бірнеше фактор бар. Кез келген отбасы физикалық тұрғыда тамақтануы керек. Енді қараңыз, бір отбасы азық-түлікке ай сайын 160 мың теңге жұмсайды делік. Егер ресми статистикада көрсетілгендей, орташа жалақы 430 мыңнан аса болса, жағдай тұрақты секілді көрінеді. Шығын табыстың 50 пайызына жетпейді. Бірақ орташа жалақы ретінде медианалық мәнді қарастырсақ, жаңағы 160 мың теңге табыстың 50 пайызынан асып кетеді. Жағдай мүлде басқа сипат алады, бұл – Қазақстан халқының негізгі бөлігінің қаржылық жағдайы тұрақсыз екенін көрсететін фактор, – деді экономист Мағбат Спанов.
Жұртшылық жалақы өскен сайын инфляцияның да қарқын алатынын жиі алға тартады. Жалғаны жоқ, орташа жалақының өсімі мен қымбатшылық қатар жүреді. Демек, кейінгі онжылдықта қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі айтарлықтай жақсармағанын білеміз.