Халық жарты триллион қарыз алды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
5010

Үнемдеуден шаршаған қазақстандықтар қайтадан қаптатып кредит ала бастады.

Халық жарты триллион қарыз алды

Мұны Ұлттық банктің деректері растайды.

Сарапшылар ұзақ тоқыраудан кейін несиелендіру нарығы кейінгі уақытта қайтадан өрлеу көріністерін паш ете бастағанын айтады. Бірақ бұл қаржы секторы клиенттерінің қалтасы қалыңдана, өздері қоң жия бастағанын білдірмейді. Өйткені мемлекеттік статистиканың өзі мәселен, халықтың табысы шынайы шамада екінші жыл қатарынан құлдырап отырғанын тіркеуде.

Жаңа үрдіс ең алдымен, банк секторының да, қарыз алушылардың да жаңа экономикалық жағдайларға бейімделгенін білдіреді. Бір жағынан, әнеу жылдары қоржыны қайтарылмайтын кредиттерге толып, аузы күйген, сөйтіп, ипотеканы да, несиені де беруді тоқтатқан банктер қайтадан несие іздеген тұтынушыларға бет бұра бастады.      

Екінші жағынан, тым ұзаққа созылып кеткен дағдарыстан шаршаған кейбір қазақстандықтар кредит арқылы бақуатты өмір салтына кері қайтуға бел буғандай. Мұны жұртшылықтың "жинақтау" моделінен "тұтыну" үлгісіне көшуі куәландырады.

Кейбір адамдар басында қатты күйзелгенімен, қазір үш жылдай бұрын өзгерген ахуалға бой үйретті, жабығудан жалықты, енді ақша шашудан да кетәрі емес. Олардың кейбірін тіпті қалтасында қаржысының жоқтығы да тоқтата алмайды.   

Осылайша, өткен жылдан бері отандастарымыз тауарлар мен қызметтерді несиеге белсенді түрде алуда. Мұны мәселен, ірі қалалардағы тұрмыстық техника дүкендерінде банктердің кредиттендіру бөлімшелерінде қалыптасатын ұзын-сонар кезектен байқауға да болады.  

Мамандар мұның оң және теріс жақтары барлығын айтады.

"Жақсысы сол, бұл Қазақстанның ЖІӨ-сінің өсіміне серпін беруі ықтимал. Сескентетіні сол, бұқара халық қайтадан шектен тыс несиеленіп, қарыз қамытына мойын сұғуда. Оның үстіне тұтынушылық сұраныстың бұлайша дүрк көтеріліп, күрт өсуі инфляцияның қарқын алуына ықпал етпек. Себебі, онсыз да сұраныс туғандықтан, алыпсатарлар, сауда желілері бағаны көтермесе, арзандатпайды", – дейді экономист Еркін Моминов.   

Назар аударатын жайт, клиенттер тек ең қажетті үшін ғана емес, сондай-ақ тағы да демалыс, қымбат гаджеттер алу, той өткізу, пластикалық ота жасату, ойын-сауық шараларын өткізу, тіпті сыйлыққа үй жануарларын сатып алу үшін несиеге жүгінуде.

Бұл ретте бірқатар сарапшылар елімізде инфляцияның белгіленген дәлізден шықпауы, теңге бағамының тұрақтануы және экономикадағы өсім тенденциялары да осы құбылысқа ықпал етіп отырғанын ескертеді.

Әлеуметтік психолог Алексей Рощин кейбір азаматтардың кредитке шалқып өмір сүру әдеті ХХІ ғасырдың басында қалыптасқанын айтады. 2000-шы жылдары ел экономикасы он пайыздап өскен, ал елге удай қымбат мұнайдан миллиардтаған доллар түсім тасқындап құйылған шақта қарыз деген көптеген отбасылар үшін сонша үлкен жүктеме түсірмейтін. Салдарынан, банктен 15 минутта рәсімделетін несиені алуды жалақыға үстеме ретінде қарастыратын адамдар пайда болды. 

"Бүгінде адамдар сол дағдылы өмір салтын сағынып, сол күндерді кері оралтуға тырысуда. Ұзақ дағдарыс ешкімді де аяп жатқан жоқ. Бірақ халықтың жүйке жүйесі шетсіз-шексіз аскетизмге шыдамауда. Қауіп төнгенде жиырылып, домаланып қалған кірпіше құныс күйде өмір сүруден ләззат алу қиын. Сол сияқты адамдар бар нәрседен үнемдеуден шаршады. Олар да өмірін қымбат ұялы телефон не теледидар алып, пайдалану сияқты қызықтармен көркейткісі келеді. Ендеше мұны жабығыңқы күндерді жарқын күндерге жалғауға ұмтылудың символдық актісі ретінде қабылдауға болады", – деген психолог жұмыс берушілер жалақыны көтеруге емес, керісінше, кемітуге бейім қазіргі кезеңде қымбат сатып алулардың "жақсылық әпермеуі" мүмкіндігін еске салады.   

Ұлттық банктің зерттеулер және статистика департаментінің бас маманы Шалқар Байқұлақовтың айтуынша, банктердің жалпы кредиттік портфелінің өсуіне компаниялар емес, жеке тұлғалар шешуші үлес қосқанын айтады.

"Жеке тұлғаларға берілген несиелер көлемі 2017 жылдың наурызынан бері өсуде. Нәтижесінде, жыл қорытындысы бойынша халықтың банктерден алған қарыздарының мөлшері жарты триллионға, 501,2 миллиард теңгеге жетті. Сөйтіп, алдыңғы жылғыдан бірден 12,4%-ға өсті. Осы орайда тұтынушылық кредиттердің үлесі артуда. Бұл жеке тұлғалар кредиттерінің өсуінің негізгі факторына айналуда. Нақтырақ айтсақ, халық 378,3 миллиард теңге тұтынушылық несие алды", – дейді қаржылық реттеушінің сарапшысы. 

Ал бұрынғы жылдары қарыздағы ең үлкен еншіге ие ипотека нарығы 11,7%-ға өскенімен, көлемі небары 127,6 миллиард теңгені құрады. Ипотекалық нарық өсіміне Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің портфелі түрткі болып отыр. ТҚЖБ-ның отандық ипотекалық нарықтағы бүкіл үлесі 2017 жыл соңында ғаламат 42%-ға дейін жетті. Бұл пайыздары тағы да үстемеленгенде ол нарықтағы монополистке айналатын ба еді. Ипотекалық несиелендірудің жандануына "Нұрлы жер" тұрғын үй құрылысы бағдарламасының кейбір банктер арқылы жүзеге асырылуы да әсер еткен. 

Ұлттық банк пайыздық жүктемесі ауырлау екендігіне қарамастан, жеке тұлғалардың тұтынушылық несиеге ден қоюын "2015-2016 жылдардағы кейінге шегерілген сұраныспен" түсіндіреді. Қазақстандықтардың біразы бірнеше жылдан бері қажетті тұрмыстық техника алуды, немесе шетелге саяхаттап шығуды кейінге ысырып келді. Дағдарыстың ары қарай ұзауы төзімді тауысып отыр.  

Сонымен бірге, бизнестің кредиттік портфелі 2017 жыл қорытындысында 5,8%-ға қысқарып, небары 504,2 миллиард теңгені құрады. Негізгі құлдырау үрдістері осы кезеңнің соңғы екі айында байқалған. Бұл былтырғы 3 қарашада лицензиясынан айырылып қалуы себепті Дельта банк кредиттерінің (271 млрд теңге) отандық банктердің жалпы портфелінен алынып тасталуымен де байланысты болды.

Бірақ бұл жерде өнеркәсіпті несиелендіру 20,7%-ға немесе 299 млрд теңгеге дейін өсіп отыр. Соның ішінде несиелердің негізгі бөлігі мұнай және газ өндірісімен айналысатын кәсіпорындарға берілген. Олардың қарызы бір жыл ішінде 21,5%-ға немесе 282 млрд теңгеге артып шыға келді. Осылайша, бұл сектор әлемдік "қара базарда" "қара  алтын" мен "көгілдір отын" құнының қымбаттауына орай өндірістерін қайтадан өрістетуге кірісуде.

Ауыл шаруашылығына кредит беру көлемі де 27%-ға немесе 121 млрд теңгеге артты. Сөйтіп, агроөнеркәсіптік кешеннің жалпы бизнес несиесіндегі үлесі 8%-ға жетті.

Ал сауда саласын несиелендіру 8,9%-ға немесе 167 млрд теңгеге дейін түскен байқалады. Оның жалпы көлемдегі үлесі 5 пайызға төмендеп, 24%-ды құрады.

Осының барлығы банкирлердің несиелендірудегі басымдықтары мен қызығушылықтарын ғана білдірмейді, сондай-ақ салалардың дағдарыстан шығу үрдістерінен де көрініс береді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу