Халықтың оптимизмі инфляцияны ұстап тұр

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3253

Теңге бағамының тұрақтануы да инфляцияға оң әсер етті.

Халықтың оптимизмі инфляцияны ұстап тұр

Ұлттық банктің Зерттеулер және статистика департаментінің директоры Виталий Тутушкиннің айтуынша, кешегі базалық мөлшерлемені 9% деңгейіне төмендету туралы шешім инфляцияның және халықтың инфляциялық күтулері деңгейіне, негізгі сауда әріптес елдердегі инфляцияның баяулауы жөніндегі күтудің төмендеуіне және сыртқы шикізат нарықтарындағы қолайлы үрдістер сияқты факторларға байланысты.

Бұл туралы ол кеше, яғни сәуірдің 16-сы күні Алматыда Қазақстан Ұлттық Банкі өкілдерінің қаржы сарапшыларымен кезекті кездесуінде мәлім етті.

Қазіргі таңдам жылдық инфляция жылдық 4,8% деңгейінде тұр. Соның ішінде ақылы қызметтер бағасы мен тарифтерінің өсуі 1,2%-ға дейін баяулаған. Бұл жалпы тарихи ең төменгі көрсеткіш ретінде тіркеліп отыр.

"Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы бір жарым жыл ішінде биылғы наурыздың қорытындысы бойынша 6,0%-ға жетіп, жылдық серпіннің біртіндеп баяулағанын көрсетіп отыр. Азық-түлік тауарларының қымбаттауы жалғасуда және азық-түлік инфляциясы наурызда 6,7%-ды құрады", – деп түсіндірді Виталий Тутушкин.

Ұлттық банк өкілі айтып өткендей, базалық инфляция өткен айдың деңгейінде сақталып, наурыздағы 7,1%-дық жалпы инфляциядан жоғары қалыптасуын жалғастыруда.

"Биылғы жылдың қорытындысы бойынша инфляция 5-5,3% шегінде болады деп күтіледі, ол нысаналы 4-6%-дық бағдар шегінде. Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп инфляция бойынша нысаналы көрсеткіштерді қайта қарады", – деген Тутушкин 2019-2021 жылдары инфляция 4% немесе одан да төмен болатынын айтты.

"Инфляция бойынша алдағы екі жылға арналған нысаналы дәлізді нақтылау экономиканың баяулау тәуекелдеріне әкеп соғатын және экономиканың өсу қарқынына қолдау көрсетуге барынша ықпал ететін қатаң шараларды қабылдамауға мүмкіндік береді", – деді Тутушкин.

Биыл халықтың инфляциялық күтулерінің төмендеу үрдісі жалғасуда. Оның себебі нақты жылдық инфляцияның баяулауы және теңгенің айырбастау бағамының тұрақтануы.

Жалпы, инфляцияның бір жылдан кейін күтілетін сандық бағалауы жылдық инфляция деңгейінен төмен сақталады және 2019 жылғы наурыздың қорытындысы бойынша жылдың басында 5%-дан төмендеп, 4,5%-ды құрады.

"Қабылданатын инфляция ұзақ мерзімді төмендеу үрдісін жалғастыруда. Алдыңғы 12 ай ішінде тауарлар мен қызметтердің бағасы бұрынғыға қарағанда тез өсті деген респонденттердің үлесі ақпандағы 45,3%-дан наурыздағы пікіртерім нәтижелері бойынша 41,2%-ға дейін төмендеді", – деді Тутушкин.

Оның айтуынша, ішкі секторда тұтынушылық және инвестициялық сұраныстың ұлғаюы байқалады. "Мәселен, халықтың нақты кірісі ақпанда жылдық көрсеткіш бойынша 9,4%-ға, банк секторының тұтынушылық кредиттерінің портфелі 13,5%-ға өсті. Негізгі капиталға инвестициялардың өсуі екі айда 7%-ды құрады", – деп түсіндірді Қазақстан Ұлттық банкінің өкілі.

Сонымен қатар бас банк өкілі қысқа мерзімді экономикалық индикатордың өсуі 2019 жылғы қаңтар-наурызда жылдық көрсеткіш бойынша 4,2% құрағанын хабарлады.

"Шикізат нарықтарындағы жоғары бағалардың арқасында сыртқы секторда жағымды ая байқалады. Brent сұрыпты мұнайдың бағасы жылдың басынан бері бір баррель үшін 54-тен 71 АҚШ долларына дейін ұлғайды. Сыртқы монетарлық талаптар тұрақты деңгейде сақталуда. АҚШ ФРЖ мөлшерлемесі өткен жылдың желтоқсан айынан бері 2,5% деңгейінде қалуда, РФ ОБ негізгі мөлшерлемесі – 7,75%", – деді Тутушкин.

Тутушкиннің атуынша, Қазақстанның негізгі сауда әріптестері  Қытай мен ЕО-дағы инфляция наурызда тиісінше 2,3% және 1,4% деңгейінде болса, Ресейде 5,3% деңгейінде болған.

Сөзінің соңында Виталий Тутушкин қолданыстағы ақша-кредит талаптары бейтарап деңгейде қалып отырғанын айтты. Қазақстан Ұлттық банкі өкілінің айтуынша, бұл алдағы екі жылда экономиканың баяулау тәуекелдеріне әкеп соғуы мүмкін және экономиканың өсу қарқынына қолдау көрсетуге барынша ықпал ететін қатаң шараларды қабылдамауға мүмкіндік береді.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу