Халықтың жаппай еңбек демалысына шығуы теңгеге кері әсер етті

8649

Дегенмен биыл шетелдік валютаға сұраныс ерекше болып отыр.  

Халықтың жаппай еңбек демалысына шығуы теңгеге кері әсер етті

2019 жылғы II тоқсанда валюта нарығында аздаған құбылулар болғанымен, теңге бағамы  мен валюта нарығы жалпы тұрақты болды. 

Теңгенің айырбастау бағамының факторлары түрлі бағытта қалыптасты. Сыртқы факторлар қолайлы болғанымен, ішкі факторлар теңге бағамына қысым көрсетті. Соның ішінде девальвациялық болжамдар айтарлықтай ықпал етті. Нәтижесінде валюта нарығындағы қатысушылардың белсенділігі артып, шетел валютасының сатылымы өсті, деп жазады Ұлттық банк.

Сонымен қатар мұнайдың әлемдік нарығында тұрақсыз үрдіс сақталды және II тоқсанның қорытындылары бойынша мұнайдың бағасы 2,7%-ға төмендеді. Қазақстанның сауда әріптесі саналатын елдердің валюталары осы кезеңде түрлі бағытта өсті. Ресей рублінің АҚШ долларына қатысты бағамы  3,9%-ға нығайды, осы кезеңде юань және еуро сәйкесінше 2,5% және 1,3%-ға әлсіреген.

Ұлттық банктің мәліметінше, ресей рублінің нығаюы мен  мұнай бағасының өскеніне қарамастан, теңге маусым айында нығаймаған.

Нарыққа қатысушылар тарапынан шетел валютасына сұраныс көбейді. Ал ұсыныс бұрынғыша төмен болып қалды. Оған халықтың девальвациялық болжамдары себеп болды. Жалпы, биржалық сауда-саттыққа қатысушылардың белсенділігі 2019 жылғы ІІ тоқсанда біршама өсті. USD/KZT валюта жұбымен биржалық сауда-саттықтың жалпы көлемі 8,1 млрд АҚШ долларын құрады және алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 20,5%-ға ұлғайды, деп жазады Ұлттық банк.

Кей уақыттарда теңге бағамы бір өсіп, бір түскенімен, сәуір-мамыр айларында доллардың теңгеге шаққандағы құны бір өскеннен кейін сол қалпын сақтап қалды.

Жалпы, осы уақыт аралығында орта есеппен күн сайын шамамен 131 млн АҚШ долларына валюта саудасы жасалған. Бұл 2019 жылғы I тоқсандағы орташа көлемнен 10,7%а жоғары.

Бас банктің мәліметінше, халық арасында теңге әлі де әлсіреп кетуі мүмкін деген пікір басым. Дегенмен, жекелеген кезеңдердегі ауытқуларға қарамастан, теңге бағамы жалпы тұрақты.

2019 жылғы ІІ тоқсанда халық 928,1 млрд  теңгеге пара-пар сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алды. 2018 жылғы I тоқсанда бұл көрсеткіш 502,3 млрд теңге болған еді. Өткен тоқсанмен салыстырғанда шығыстар 84,8%-ға ұлғайды, деп жазылған Ұлттық банк баспасөз хабарламасында.

Қолма-қол шетел валютасының нарығы сыртқы және ішкі экономикалық және саяси жағдайларға тікелей байланысты.  Сату көлеміне негізгі факторлармен қатар маусымдық, валюталық артықшылықтар, ел экономикасындағы жалпы үрдістер, әлемдік нарықтардағы ахуал және басқалар әсер етеді.  Биылғы жылдың маусым айында көлемдердің өсуінің негізгі себебі – шетел валютасына сұраныстың ұсыныстан асып кетуі болды. Бұрын айтылған қауесеттер аясында сайлау қарсаңында шетел валютасына сұраныстың өсуі байқалды, деп жазады Ұлттық банк.

Сонымен қатар маусымда шетел валютасын сатып алудың өсуіне еңбек демалысы кезеңіндегі дәстүрлі маусымдық сұраныс әсер етті.

Мамырдан қыркүйекке дейін халық шетелге шығу үшін шетел валютасын сатып алатыны белгілі. Сондай-ақ, жаз айларында негізінен сауда қызметімен айналысатын шағын кәсіпкерліктің жекелеген санаттарының және шетелге ақша аударатын,  шетел валютасын әкететін еңбек мигранттарының шетел валютасына сұранысы көбейеді, деп мәлімдеді бас банк.

Аслан Қажен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу