"ХҚКО не ІІМ-нің, не сәулет-құрылыс басқармасының жүйесіне кіре алмайды"

2586

Үй иелерінің алаяқтар тұзағына қалай түсіп қалатыны анықталды. 

"ХҚКО не ІІМ-нің, не сәулет-құрылыс басқармасының жүйесіне кіре алмайды"

Inbusiness.kz-ке сұхбат берген "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Өңірлік дамыту департаментінің директоры Ерлан Шүренов салада қордаланған мәселелер және олардың шешімі жайында егжей-тегжейлі айтты.

Ерлан Ералыұлы, кейінгі кездері азаматтар eGov.kz-тегі жеке кабинетін тексере келе, өз пәтерінде өз келісімінсіз бөтен адамның, тіпті бірнеше адамның тіркеуге қойылғанын анықтауда. Мұндай оқиға-инциденттер не себепті орын алуда?

Мұндай оқиға-инциденттердің негізгі себебі – мекенжайдың тіркеу кодын тағайындау кезінде ІІМ ақпараттық жүйесінде орын алған техникалық ақаулар.

Естеріңізде болса, бұрын Қазақстан азаматтарының тұрғылықты жері бойынша тіркелуі және тіркеу есебінен шығару мемлекеттік қызметтерін көрсету барысында қызмет алушыдан тұрғын үйге меншік құқығын белгілейтін құжаттар мен жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (ауыртпалықтар) және оның техникалық сипаттамалары туралы анықтама талап етілетін. Алайда бұл талаптарды жойып, азаматтарға қолайлы жағдай жасау үшін 2017 жылғы қазаннан бастап мекенжай деректері "мекенжай коды" негізінде бірыңғай форматқа көшіріле бастады. Азаматтардың тұрғылықты жері бойынша барлық мекенжай деректерін "Жылжымайтын мүлік регистрі" ақпараттық жүйесіне сәйкес бірыңғай қалыпқа келтіру аясында 2018 жылы Ішкі істер министрлігі мекенжай деректерін автоматты түрде бірыңғай форматқа ауыстырды. Нәтижесінде, әрбір жылжымайтын мүлік нысанына электрондық тіркеу кітабы жасалды.

Десек те, ақпараттық жүйедегі атауы өзгертілген мекенжайлар туралы тарихи деректердің болмауы, сонымен қатар ІІМ-нің басқа меморгандармен бірге жүргізген немесе жүргізбеген жұмыстары салдарынан кейбір мекенжайларға тіркеу кодын беру кезінде ақаулар орын алып отыр. Бұл ақаулардың бірнеше себебі бар: атап айтқанда, біріншіден, жергілікті уәкілетті орган бірнеше жылжымайтын мүлікті бір мекенжай бойынша енгізген. Екіншіден, мекенжайға код дұрыс берілмеген немесе бір тіркеу коды бірнеше мекенжайға берілген. Үшіншіден, жауапты мамандар тіркеу кодын енгізу кезінде қателескен. Төртіншіден, үйдің бұрынғы тұрғындары тіркеуден шығуды ұмытып кеткен. Басқа да факторлар жетерлік.

Осылайша, мекенжайдың тіркеу кодын беру кезінде орын алған түрлі олқылықтардың әсерінен азаматтардың мекенжай мәліметтерінде тұрғылықты жері бойынша тіркеуге қатысты қайшы ақпараттар шығуда.

Мұндай оқиғалардың нақты статистикасы бар ма? ХҚКО-ларға әр жылдары қанша адам осы мәселемен жүгінді?

"Азаматтарға арналған үкімет" мемкорпорациясы мұндай оқиғалардың статистикасын жүргізе алмайды. Себебі, бұған қатысты ақпараттық жүйе ІІМ-нің құзырында. Осы орайда бізге келіп түскен өтінімдерді өз құзыретіміз аясында қарастырамыз. Бірақ егжей-тегжейлі деректер алу үшін құзырлы органға жүгіну қажет болады.

2020 жылға дейін мекенжай бойынша тіркеуге қою қызметін ХҚКО-да отыратын миграциялық полиция қызметкерлері ғана атқарып келді.

Қазіргі таңда ХҚКО қызметкерлері азаматтарды тіркеуге қойғанымен, ІІМ-нің ақпараттық базасындағы мәліметтерді қарай алмайды. Мәселе осында.

Нұржау Көшербай деген кісі осындай проблемаға жолыққанын хабарлады, оған берген жауабында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев "электрондық Үкімет" порталында оның үйіне бөтен адамның тіркелуі "Халықты құжаттандыру жүйесінің" серверіндегі аппараттық ақау салдарынан орын алғанын айтады. Нақтылай кетсек, бөтен адамның мәліметтері "Жеке тұлғалар" мемлекеттік деректер қорына қате МТК кодымен берілген, оны жүйе дұрыс деп таныған. Сондықтан министр "ол адамды сіздің мекенжайыңызға қайта тіркеу рәсімдерін көші-қон қызметкерлері жүргізген жоқ" деп, бар бәлені жүйеге жауып отыр. Бұл қандай аппараттық ақау? Адамдарды уақытша және тұрақты тіркеу жүйесінде ақаулар көп пе?

Мұндай ақаулардың орын алу себептері туралы әлгінде айттық. Оны ішкі істер министрі Е.Тұрғымбаевтың жауабы да растап отыр. Жалпы, әр жағдай бойынша ақау қашан, қалай және қай мекеме арқылы орын алғаны туралы ақпаратты құзырлы орган – ІІМ ғана көре алады. Бізге де ақпараттық жүйеден мәлімет алу мүмкіндігі берілсе жақсы болар еді! Өйткені азаматтар көбіне "Азаматтарға арналған үкіметтен" сұрап жатады, сол кезде оларды басқа мекемеге жұмсамай-ақ, өзіміз нақты жауап беріп, мәселесін шешер едік.

Біз өзіміздің құзырымыздың аясында бұл бағыттағы мәселелерді реттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мәселен, ХҚКО-лардың ықпалдастырылған ақпараттық жүйесінде қызмет алушыларда мекенжай коды болмаған жағдайда хабарлама көрсету мүмкіндігі іске асырылды. Яғни, фронт-офиске жүгінген кезде қызметкер қызмет алушыға мекенжай кодының жоқтығы туралы хабарлайды, сонымен қатар дереу түзету енгізе алады.

"Жылжымайтын мүлік тіркелімі" мемлекеттік деректер қоры ақпараттық жүйесі қашан ретке келтіріледі? Бұл бағытта қандай шаралар қабылдануда?

"ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы аясында жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу функциясы әділет органдарынан 2018 жылдың 30 шілдесінен бастап "Азаматтарға арналған үкіметтің" қарауына берілді.

Содан бері мемлекеттік корпорация құқықтық кадастрдың ақпараттық жүйесі – Жылжымайтын мүлік тіркелімі мемлекеттік деректер базасындағы мәліметтерді өзектендіру, яғни қате мәліметтерді түзету және ағаттыққа жол бермеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Бұл тұрғыда қате мәліметтерге ревизия жүргізу, мұрағаттық материалдарды құқықтық кадастрдың тіркеу парағындағы мәліметтермен салыстырып тексеру, қажетті ақпаратпен толтыру бойынша уәкілетті меморгандармен, яғни салық органымен, ІІМ Көші-қон қызметімен, жергілікті әкімдіктермен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Мұндай жұмыстар жеке сәйкестендіруші нөмірі жоқ жеке тұлғалардың құқықтары туралы "Жеке тұлғалар" мемлекеттік деректер базасынан және БСН жоқ заңды тұлғалардың құқықтары туралы (таратылған, әрекет етпейтін компаниялар) "Заңды тұлғалар" мемлекеттік деректер базасынан алынған мәліметтерді салыстыру арқылы жүргізіледі.

"Азаматтарға арналған үкіметтің" төрайымы Әсемгүл Балташева өз блогында Тамара Стрельниковаға берген жауабында: "Алматы облысы бойынша мемкорпорация филиалы деректер базасына тиісті түзету енгізді – порталдағы жеке кабинетіңіздің "Мүлік" бөлімінде сіздің жылжымайтын мүлкіңіздің бірнеше рет тірелуін жойды",  дейді. Бір мүлік 7 рет тіркелген. Бұған қалай жол берілген?  

Т.Стрельникованың өтінішіне қатысты құқықтық кадастр деректеріне сәйкес Алматы облысы, Талғар ауданы, Кеңдала ауылдық округі, 14 көше, 36 саяжай үйі мекенжайы бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтардың болуы және болмауы туралы анықтамада осы мекенжай бойынша жер учаскесінде 7 нысан орналасқан деп көрсетіліпті. Оған қосалқы құрылыстар, мысалы, бақша үйі, суық жапсаржай, суық құрылыс, шатыр, сарай, сарай, сарай жеке-жеке тіркеліп кеткен.

Алайда жергілікті атқарушы органның ақпараттық базасында мекенжай өзгергендіктен, аталған құрылыстар автоматты түрде қате болып көрсетілген. Бұл өзгеріс қалай және қай жылы енгізілгенін біздің мамандар көре алмайды. Себебі, уәкілетті органның, яғни жергілікті сәулет және құрылыс басқармасының жүйесіне біз кіре алмаймыз. Тек осы мекемеден мекенжайды нақтылау анықтамасы алынғанда ғана құқықтық кадастрға өзекті ақпарат енгізе аламыз. Осындай анықтамаға сәйкес жоғарыда көрсетілген мекенжай бойынша бау-бақша үйі құрылысы бар жер учаскесі Тамара Стрельникованың атына тіркелді.

Жалпы, мекенжайға тіркелудің қандай жолдары мен талаптары бар?

"ҚР халқын тұрғылықты жері бойынша тіркеу" мемлекеттік қызметінің стандартына сәйкес қазақстандықтар "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының фронт-офистері, яғни халыққа қызмет көрсету орталықтары мен egov.kz электрондық үкімет веб-порталы арқылы тіркеле алады.

Айта кету керек, ХҚО-да тұрғылықты жері бойынша тіркеу процесі қызмет алушымен бірге тұрғын үй иесі өзі келіп, тұрақты немесе уақытша тіркеуге келісім берген жағдайда ғана іске асырылады. Бұл ең басты қағидат, басқаша болуы мүмкін емес. Тіркелуге келгенде, қызмет алушы мен тұрғын үй иесі жеке бастарын куәландыратын құжаттарын алып келуге тиіс. Қалған мәліметтер құзырлы мекемелердің ақпараттық жүйелерінен алынады.

Қазір әлемде таралған індеттен сақтану үшін енгізілген карантиндік шектеулерге байланысты ХҚКО-да кезекті алдын-ала брондау бойынша тек қана қағаз жүзінде ұсынылатын қызметтер көрсетіледі. Электрондық қызметтерді egov.kz порталы арқылы алуға болады. Соның ішінде, тұрғылықты жері бойынша тіркеу қызметін де азаматтар көбіне онлайн түрде алып жатыр. Мәселен, биылғы 8 ай ішінде бұл тұрғыда ХҚКО арқылы 699 мың 812, ал  электрондық портал арқылы 1 млн 204 мың 63 қызмет алынған.

Осы жерде тағы бір маңызды мәселені атап өтейін, азаматтар өздерінің электрондық цифрлық қолтаңбаларын тек өздері ғана пайдаланып, онлайн қызметтерді өз бетінше алулары тиіс. Өйткені ЭЦҚ-ны бөтен кісілерге көрсету немесе беру арқылы алаяқтардың тұзағына түсіп қалу қауіпі бар. Мәселен, осындай жағдайлардан кейін де тұрғын үйлерінде бөгде адамдар тіркеле бастауы әбден мүмкін.

Азаматтар үйлерінде басқа адамдардың тіркелгенін қалай біле алады?

Мұны электрондық портал арқылы жеке кабинеттен анықтауға болады. Негізі жеке кабинетінде кімді қандай уақытта және қандай жолмен (Егов порталы немесе ХҚКО арқылы) тіркегендігі көрініп тұрады. Егер азаматтар өздерінің тұрғын үйлерінде бөгде адамдардың тіркелгенін байқаса, құзырлы органнан қызметтік тексеріс жүргізуді өтіне алады. Көбіне бұл жоғарыда айтқан техникалық қателіктердің салдарынан орын алған жағдайлар екені анықталып жатады. Немесе үйдің бұрынғы иелері тіркеуден шығуды ұмытып кетуі мүмкін. Қалай болған күнде де, азаматтардың мұндай мәселелерге бей-жай қарамай, белсенділік танытып, уәкілетті органдарға жүгінгендігі абзал. Қоғам мен мекемелердің ауызбіршілігінің арқасында ғана ақпараттық жүйелердегі мәліметтер  толықтай түзетіліп, нәтижесінде мәліметтер қайшылығы орын алмас еді.

Жанат Ардақ


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу