АҚШ пен ЕО елдерінің санкциясы Ресейдің азық-түлік нарығын тұралатып тастады. Мәселені шешу үшін Ресей билігі "Батыстық санкциясы біздің кәсіпкерлерге берілген мүмкіндік" деп ел кәсіпкерлерін ішкі нарықтың еңсесін тіктеуге жұмылдырды.
Экспорт пен импорттың тепе-теңдігін сақтау Қазақстанда да бар мәселе. Экономистер мен сарапшылардың "қазақты қытай мен түрік киіндіреді" деген жанайқайына жақында Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдірді. Ол Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа шет мемлекеттермен, әсіресе ҚХР - мен сауда айналымының статистикасында айырмашылық бар екенін, осы олқылықты терең талдау қажет екенін айтып, "Мен бірінші кезекке контрабанды және көлеңкелі бизнес тақырыбын қояр едім", – деді.
Сенат төрағасының бұлай бұлай деуінің салмақты себебі бар. Өйткені бүгінгі таңда еларалық сауда байланысының нақты көрсеткіші бүркемеленіп отыр.
Ішкі және сыртқы имиджін бірінші кезекке қоятын мемлекет ең алдымен импорттың сапасына көңіл бөледі. Еларалық сауда айналымы көрсеткішінің санатына кірмей, шекара асып жеткен сапасыз тауар кез келген мемлекеттің абыройына нұқсан келтіреді. Осыған қатысты пікірінде халықаралық тақырыптарды ой елегінен өткізіп жүрген экономист Евгений Кожевников бұған өзіміз кінәлі екенімізді айтты.
"1990 жылдардың бас кезінде ішкі нарықта тауар тапшылығы анық байқалды. Сырттан келгеннің барлығы қабылдана берді. Ол кезбен қазіргі уақытты салыстыра алмаймыз. Себебі сапасыз тауар кеден бекетінен оп-оңай өткізіле берген", – дейді.
Оның ойынша, алдағы уақытта елімізде ішкі нарықты сапасыз тауардан арылту ісіне қазіргіден де қатты басымдық беріледі.
Экономист Мырзакелді Кемел бау-бақша өсірумен айналысатын оңтүстік өңірдегі ағайынның жұмысы белгілі бір құрылыммен реттелмегендіктен дихандардың жаз бойы өсірген өнімдері тиынға сатылып, Ресей асып жатқанын алға тартты.
"Облыс әкімдіктері жанынан дихандармен келісім-шарт жасасып, олардын өнімдерін қабылдап алатын арнайы құрылым ашатын кез келді. Шаруаның өсірген өнімін үкімет көтерме бағамен сатып алатынына сенімді болса, ісінде береке болады. Егер мәселе шешілсе, Қазақстанның оңтүстік облыстары бүкіл елді ғана емес, Ресейдің бізбен шекаралас аймақтарын да азық-түлікпен қамтамасыз ете алады. Ал Ресейге ЕЭО құрамындағы Қазақстанмен мұндай мәміле жасау пайдалы әрі тиімді", – дейді Мырзакелді Кемел.
Мемлекет әрбір пайдаланатын дүниесінің кем дегенде 30% - ын өзінде шығаруы керек. Бұл экономика ғылымының докторы, академик Меңлібай Мырзахметовтың пікірі.
"Біз өзіміздікін емес, өзгенікін пайдаланғанды қалап тұрамыз. Өркендегісі келетін елдің әрекеті бұлай болмаса керек. Мысалы Қытай мен Үндістанда импорттың көлемін, сапасын, сертификатын заң жүзінде бақылайтын арнайы мемлекеттік компаниялар бар. Олар бірінші кезекте шет мемлекеттерден тауар тасымалдайтын саудагерлерге қатаң талап қояды. Меніңше, осындай жүйе ғана сапасыз импорттың жолын кесіп, нарықта бәсекелестіктің тынысын ашады", – деді Меңлібай Мырзахметов.
Қытай мен Жапония сырттан келетін тауарларға қатаң талап қояды екен. Бұл туралы экономист Мейрамхан Қабдырахман: "Мысалы Қытайға Ресейден балаларға арналған бояу тасымалданды делік. Осыған байланысты Қытайдың мемлекеттік компаниялары мен мемлекеттік бақылау органдары Ресейге тасымалданатын заттың салмағы, сапасы қандай болуы қажет екенін айтып, хаттама толтырады екен. Егер сырттан келген тауар хаттама талабына сай келмесе, тауар кері қайтарылады. Тауар ебін тауып, саудаға түсіп кетер болса, тауарды бақылайтын мемлекеттік компания басшыларының басына бұлт үйіріледі".
Сарапшылардың сөзінше, егер бiз әлсiз валютаға және бәсекелестiкке басымдық берсек, онда тауарларымыз мемлекеттiк қолдаусыз-ақ экспортқа шығатын едi. Өкiнiшке қарай, бiз мұны дер кезінде жасай алмадық. Салдарынан сырттан келетін тауарға салық көлемін азайтып, импортты құшақ жайып қарсы алатын болдық. Түйінді тарқату үшін мамандар ең алдымен импортқа тәуелділігі тым тереңдеп кеткен салалаларды тізбектеп, оларды аяғынан тік тұрғызуға тырысуы керек.
Экономикалық сарапшы Евгений Кожевников импорттың етегіне жармасу, сол арқылы капиталды ұлғайту ұғымы кешегі күннің еншісінде қалғанын айтады. Оның ойынша, мұндай түсінік бүгінгі заманның ағымына ілесе алмайтынын шетелден ірі партиямен тауар тасымалдап жүрген кәсіпкерлер де түсіне бастаған.Үкімет бұған дайын бағдарлама жасауға ниет танытқан. Бірақ терең талдау болмағандықтан, ол жүзеге аспады. Сол себепті сала мамандары бас қосып,ел экономикасының импортқа тәуелділік деңгейін анықтау керек. Ол үшін маман болудың қажеті жоқ. Қара базарға барып, еліміздің бас қалаларындағы сауда дүкендерін бір сүзіп шықсақ жеткілікті. Мысалы балаларымыз 100% шетел ойыншығына тәуелді. Бұл біз үшін игерілмеген кеңістік. Жақын болашақта жағдай өзгереді деп дәмеленудің қажеті жоқ. Алдағы онжылдықта балаларымызды шет мемлекеттен келетін ойыншықтармен алдай тұруымызға тура келеді.
"Меніңше, "халық тұтынатын тауар өндіремін" дегендерге қосымша салық жеңілдіктерін қарастырып, сырттан келетін тауар түрлеріне салықты көбейту керек. Сол кезде ғана халық "импорттан не ұттық" деген сауалға нақты жауап алады, – дейді Евгений Кожевников.
Гүлбаршын Сабаева