Украинадағы соғыстың салдарынан Тәжікстан екі оттың ортасында қалды

5618

Ресей мен Украина соғысы адамдардың қазасы мен гуманитарлық дағдарыстан басқа, бүкіл әлемдік экономикада даму жолын тоқтатып, инфляцияның қарқын алуына үлкен септігін тигізіп отыр. 

Украинадағы соғыстың салдарынан Тәжікстан екі оттың ортасында қалды Фото: inbusiness.kz

Батыс басылымдары соғыс Орталық Азия елдеріне жаңа экономикалық серпін берді деп жарыса жазып жатқанымен, сарапшылар мәселенің әлдеқайда күрделі екенін ескертеді. Мәселен Қырғызстан мен Тәжікстанда кедейлік белең алды, Қазақстан экспорттық жолдар торабында орналасқанымен ешқандай пайда көріп отырған жоқ, ал Өзбекстан әлеуетті инвесторларынан айырылып отыр, деп жазады төрт елдің сарапшыларын тыңдаған inbusiness.kz тілшісі.

Атақты ағылшын жазушысы Джордж Оруэлл "соғыс – адам өміріне балта шабу ғана емес, күллі адамзат еңбегінің зая кеткені" деген екен. Расымен де, екі жылға таяу уақытқа созылған бұл соғыстың залалы біз ойлағаннан анағұрлым тереңге тамырын жайған. Бірінші оқ атылған сәттен бастап күллі әлемде өзгерістер басталды. Дипломатиялық қатынастардың тоқтатылуынан бастап, логистикалық бағыттардың ауысуы, тауар айналымының бұзылуы, тұрақтылықтың жойылуын көріп отырмыз. Осының барлығы жеке елдердің экономикалық дамуына, бюджеттік саясатына үлкен әсер етті, мысалы, өткен жылы бірінші рет әлемдік әскери шығын дәрежесі 2,2 трлн долларға дейін жетті, ал дүниежүзілік гуманитарлық көмек құны бар болғаны 16 млрд долларды құраған (БҰҰ гуманитарлық сатып алу жүйесін деректеріне сәйкес). Ал әлемдік экономикаға әсерін қарастырарда бірінші мәселе – гиперинфляция. Еуразия аумағындағы барлық елдер бойынша аналитикалық материалдарға назар аударар болсақ, инфляциялық дүмпудің екі  нүктесін көруге болады. Бірінші нүкте – әлемдік қаржы жүйесінде бар Орта Азияның барлық экономикаларын (Өзбекстаннан басқа) құрдымға әкелген 2008 жылдың бастамасы 2005-2006 жылдардағы қаржы дағдарысы, екінші дүмпу – 2015 жылы Ресейдің Украинаға бірінші шабуылы жасалғаннан кейін (2014 жыл – ред.) болған. Екінші дүрбелең біріншісіне қарағанда аса білінбеді, өйткені қақтығыс дер кезінде тоқтатылды, бірақ 2022-2023 жылдары гиперинфляция өз шарықтау шегіне жетті. Қазір соңғы дүмпу біріншісін әлдеқайда басып озды, яғни дәл осы соғыс бірінші кезекте бүкіл әлемдік азық-түлік қауіпсіздігіне кері әсерін тигізді, өйткені дүниежүзілік тауар айналымынан соғысты бастаушы болсын, агрессормен күресуші болсын – екеуі бірдей шығып қалды, яғни астық, май, ет тауарларының негізгі жеткізушілері – Ресей мен Беларусь (санкциялар салдарынан), Украина (соғыс жүріп жатқандықтан), Қазақстан (сол санкциялар әсерінен) экспортты тоқтатты. Euronews сынды батыс басылымдары соғыс Орталық Азия елдеріне жаңа экономикалық серпін берді деп жарыса жазып жатқанда, аймақ елдері екі дүркін мигранттар ағынын, инфляция мен девальвацияны бастан кешірді. Әр елге жеке-жеке тоқталсақ...

Қазақстан көзге көрінбейтін соғыс құрбаны

Қазақстанға келер болсақ, сарапшылардың айтуынша, соғыстан біздің елдің зардап шеккен саласы – ауыл шаруашылығы секторы. 2023 жылы жиналған астық жоқ есебінде, ал өнімділік көрсеткіші ең төменгі дәрежеге (1 га жерден 11 ц аз өнім алынды) дейін түсті.

"Мұның барлығы логистикалық тізбектердің үзілуінен болды, өйткені егінге арналған тұқым атам заманнан Ресей мен Украинаның тәжірибелік егіс алқаптарынан жеткізілетін. Соған байланысты әлемдік агроөнеркәсіпте үлкен өзгерістер жүріп жатыр: енді сол егіс алқаптарын Қазақстанға көшіру жұмыстары басталды", - деді белгілі экономист Айман Тұрсынхан.

Тағы бір мәселе, осы тақырыпты талқылағанда біз Орта Азияға ағылған босқындарды айтамыз да, бірақ сыртқы бизнестің қыспағы жайлы ұмытып жатамыз.

"Ресейден 27 мыңнан астам заңды тұлға Қазақстан аумағына қоныстандырылды және бүгінгі күні олар біздегі салық және кеден жүйесінің барлық артықшылықтарымен қолданып келеді. Сонымен қатар 2014 жылдан бастап тау-кен өндірісі, көлік саласы мен аэроғарыш стратегиялық нысандары Еуразиялық экономикалық одақ пен Кеден одағы ішіндегі қарым-қатынастың әділетсіз жүйесінен зардап шегіп жатыр. Қазір бүкіл тауар айналымы Қазақстан, Қырғызстан, Армения арқылы жүріп жатқанына қарамастан біз әлі күнге дейін Кеден одағы аясында сыртқы тауар айналымының тек 12%-ын аламыз", - деп түсіндірді спикер.

"Соңғы екі жыл ішінде солтүстіктегі көршіміз түрлі себептермен біздің негізгі экспорт бағытымыз Каспий құбырын бірнеше рет жауып тастап, сол арқылы макроэкономикалық теріс әсерлердің күшеюіне қатты септігін тигізді, нәтижесінде біздегі инфляция деңгейі ресейлік көрсеткіштен асып түсті. Сандарға назар аударсақ, Ресейде инфляция 15%, Украинада - 26%, ал Қазақстанда 24%-дан асып түсті. Неге десеңіз, өйткені Ресей Украинаға қарсы арнайы әскери операция бастаса, бізге экономикалық соғыс жариялап отыр және біз сол көрінбейтін қақтығыстың құрбаны болып отырмыз", - деп түйіндеді экономист.

Қырғызстан: аштық мәселесі қайта оралды

Украинадағы соғыс бірінші кезекте бұл елдегі инфляцияға әсер еткен, оның көрсеткіші – 17%-ды құрап отыр, әсіресе, азық-түлік бағасы қымбаттап кедейлердің саны артқан. Қырғызстан халқының 6%-ы, яғни 420 мың адам аштық дәмін сезінген.

"Мен Украинадағы соғыстың Қырғызстанға экономикалық әсері туралы айтқанда үш мәселеге тоқтар ем. Біріншіден, сыртқы сауда ағыны өзгерді. Логистикалық жолдар күрделенді, Ресей арқылы өтетін бағыттар тоқтап қалды. Қазір біз тауарлардың көпшілігін (негізінен ауыл шаруашылығы өнімдері) импорттау үшін орта маршрутты (Транскаспий халықаралық көлік бағыты – ред.) қолданып жатырмыз. Бұрын тұқым, тыңайтқыштар мен шикізаттарды – жалпы ауыл шаруашылығы тауарларын Ресей аумағы арқылы жеткізетінбіз, қазір бағыт өзгеріп – Қазақстан-Каспий теңізі-Әзербайжан-Грузия (Батуми порты)-Қара теңіз арқылы жеткіземіз, яғни тасымалдау бағасы анағұрлым артты, ал ол өз кезегінде ауыл шаруашылығы ресурстары бағасының өсіміне алып келді. Сәйкесінше азық-түлік бағасы да көкке ұшты. Пандемиядан басталған үрдіс соғыс салдарынан жалғасын тапты", - деді Орталық Азия университеті профессоры Қанат Тілекеев.

Әсіре, өткен жылдың ақпан айында инфляция өзінің шарықтау шегіне жеткен сәтте бәрі қарбаласып, онымен күресу жолдарын іздей бастады. 166 ел азық-түлік тауарларын экспорттауға тыйым салатын түрлі шараларды қолға алды, мысалы, Орталық Азия елдерінен бидай, қант, күнбағыс майы, жұмыртқа сыртқа шығарылмайтын болды.

"Соған қарамастан Қырғызстанда азық-түлік бағасы 14,7%-ға өсті (2019 жылдан санасақ 45,5%-ға), ал инфляция 17%-ға жетті. Бұл өз кезегінде кедейшілік деңгейіне әсер етті: 2019 жылы 20%-ды көрсетсе, 2022 жылы 33% болды. Ал біз әлеуметтік осал топтың ішінде жағдайы ең төмен 40%-ы қалай тамақтанатынына қарар болсақ, онда негізгі өнімдерді тұтыну тапшылығы артқанын байқаймыз, ал оның ішіндегі 20%-ының нашар тамақтана бастаған. Салдарынан аштық мәселесі қайта оралды. Қырғызстанда кедейліктің ең төмен деңгейі көрсеткіші 1%-дан 6%-ға дейін өсті, яғни 420 мың адам (бұрын 60-70 мың адам – ред.) аштықта өмір сүріп жатыр деген сөз", - деді профессор.

Екінші мәселе – Қырғызстан Қытай сынды көршілес елдерден реэкспорт санын арттырды.

"Технологиялық тауарларды жеткізіп отырғандықтан Еуропа мен АҚШ күдігіне қалып, олар бізді жіті бақылап отыр. Ұлттық қауіпсіздік комитеті, басқа да құзырлы органдардың күнделікті қадағалауына қарамастан, бәрібір Қырғызстанға кіргізіліп жатқан тауарлардың саны азайған жоқ, сәйкесінше экспорты бірнеше есе артты. Әрине, бұл өзгеріс біздің жекеменшік секторға біраз табыс алып келгенін жасырмаймыз, бірақ ертең содан жапа шекпесек болғаны", - деп түсіндірді Қанат Тілекеев.

Үшіншіден, Қырғызстанға кірген Ресей азаматтарының саны 150 мыңға жетті немесе 60-70%-ға ұлғайды (2021-2022 жылдармен салыстырғанда – ред.). Салдарынан барлық Орта Азия елдеріндегідей, мұнда әп сәтте тұрғын үй бағалары шарықтап, пәтерлерді жалға алу мүмкіндігі тарылды. Ал баға өсімі биыл сол деңгейде қалды. Бір жағынан үй иелерінің қалтасы қалыңдағанмен, үйсіз-күйсіз жүргендердің жағдай одан әрі күрделене түсті.  

Тәжікстан екі оттың ортасында қалды...

Басқа Орта Азия елдерімен салыстырғанда Ресеймен тығыз байланыстағы ыңғайсыз жағдайда – екі оттың ортасында қалды. Бірінші кезекте дипломатиялық болсын, саяси жағынан болсын барлық экономикалық және әлеуметтік бағыттарды әртараптандыру мәселесі туындады. Оның аймақтың ең ірі экономикасының жанынан табылғаны бір жағынан экономикалық артықшылықтар сыйласа, екінші жағынан үлкен шығын әкеліп, белгілі бір қауіп төндіреді. Тәжікстан Республикасы екіжақты саясат ұстанып, барынша барлық серіктестерімізбен бір деңгейде қарым-қатынас жасауға тырысқанымен Ресейге тағылған санкциялар оларды айналып өтпеді.

"Алдымен соғыстың Тәжікстан Республикасы экономикасына кері әсері туралы айтар болсақ, біріншіден, тауар айналымының құрылымы өзгерді. 2022 жылдың тек бірінші тоқсанында біздегі сыртқы сауда балансы 38%-ға бұзылды. Бәріміз білетіндей, Тәжікстанның басты экономикалық секторлары – азық-түлік өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы мен логистикалық жеткізілімдер. Осы жылдың екінші тоқсанында дағдарыс одан әрі күшейіп, 48%-ға жетті, осы жерде үкімет дабыл қаға бастады, өйткені жағдай жалғасын тапса, бюджет қысқарады, шетел валютасы ағымы тоқтаса, ұлттық валюта да құлдырайды, ал оның барлығы айналып келіп азық-түлік бағасының өсіміне әкеледі. Өкінішке орай, болжамдар расталып, нанның бағасы 25-30%-ға өсті, ет, қант, жұмыртқа 40%-ға, энергия қуаты 200%-ға қымбаттады", - деді экономист Уктам Джумаев.

Енді Тәжікстан алдында тез арада экономиканы дамытудың жаңа жолдарын табу міндеті тұрды, ол үшін олар индустриализацияға, жасыл энергетикаға қарай қайта бағытталды. Көлік саласына байланысты барлық қажетті құрал-саймандар мен техникаға нөлдік тариф бекітілді. Сонымен қатар елде банк жүйесін қайта қарау қолға алынды.

"SWIFT жұмыс істемей қалған кезде біздің негізгі шоттарымыз бұғатталып, салдарынан ірі инвестициялық жобалар міндеттемелерін уақытылы орындай алмадық. Ресей өзінің жүйесін іске қосқанымен, оның теріс әсері әлі күнге дейін сезіліп келеді: Тәжікстанның банктері ресейлік қаржылық жүйелердің делдалдығына қатты тәуелді", - деп түсіндірді маман.

Келесі бір мәселе – мигранттар. Тәжікстандағы макроэкономикалық жағдайдың нашарлауынан басқа да мәселелер төбе көрсетті.

"2022 жылы кедейлік 22,5% деңгейінде болды, қазір, кейбір сарапшылардың бағалауынша, көрсеткіш 5-7%-ға артып отыр. Мигранттардан түсетін қаражат көлемінің азаюы бір жағынан ел ішінде алға қойылған мақсат-міндеттерді орындауға мүмкіндік бермей отыр, мысалы, лайықты жұмыспен қамту. Еңбек ресурстарының өсімі, керісінше, Ресей Федерациясына қарай мигранттар ағымын одан әрі ұлғайтты. Өткен жылы 173 мың адам Тәжікстан азаматтығын алып, отбасыларымен көшіп келді. Қазақстанмен салыстырсақ, бар болғаны 10-12 мың адамға аз. Ресейдің қатаңдатылған көші-қон саясаты бұл толқынды ұстағандай болғанымен, мәселе түбегейлі шешімін тапқан жоқ", - деп түйіндеді Уктам Джумаев.

Пайдасы мен залалын бірдей көрген Өзбекстан

Тәуелсіз сарапшы Юлий Юсуповтың айтуынша, Украинадағы қақтығыстың Өзбекстанға экономикалық әсерін екі кезеңге бөліп қараған дұрыс. Біріншісінде экономиканың қарқынды өсуі байқалса, екінші кезеңде құлдырау кезеңі бастау алады.

"Соғыстың Өзбекстанға әсері жайлы айтар  болсақ, оны екі үлкен кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезең – соғыстың бірінші жылы, ары қарай екінші кезең бастау алады. Өткен жылдың нәтижесі бойынша, Өзбекстан экономикасы жақсы қарқынмен дамып келді – өсім 5,7% көлемінде оның. Оның қарқынды динамикасы дәл осы соғыспен тікелей байланысты. Біріншіден, экспорт көлемі ұлғайды, бірақ оның көрсеткіштеріне қатысты түрлі деректер келтіріледі, мысалы, статистика агенттігі экспорт 16%-ға өсті десе, Орталық банк 33% деп отыр. Екеуінің айырмашылығы жер мен көктей. Бұрын мұндай келіспеушіліктер болмағанын ескерсек, халықтың бекер күдіктенбейтінін түсінеміз. Экспорттың жалпы көлемінің өсуі Ресейге жеткізілімнің артуымен байланысты, дәлірек айтсақ, тауар экспорты 53%-ға артты. Екінші орында Орта Азия елдері тұр (22%). Жалпы экспорт әдеттегідей Өзбекстан сыртқа саудаға шығаратын тауарлар: тұқым, көкөніс, мата, химия тауарлары есебінен ұлғайды. Сонымен қатар реэкспорт бізде де қарқын алды. Ашық ақпарат көздеріне сенсек, экспорттың жалпы көлемінің 10%-ы реэкспортқа тиесілі, көбіне басқа елдердің бренд маталары, тұрмыстық техника мен басқа да құрал түрлері. Статистикадағы үлкен айырымды ескерсек, менің ойымша, реэкспорт көлемі әлдеқайда көбірек болуы мүмкін", - деді Юлий Юсупов.

Өзбекстан үшін экономикалық дамудың екінші қозғаушы күші – ақша аударымдары болды.

"Былтыр еңбек мигранттарының саны азайған жоқ, керісінше біраз ұлғайды десек те болады. Сонымен қатар рубль күшейіп, жұмыс күшіне деген сұраныстың артуымен орыс валютасындағы жалақының өсімі есебінен  Өзбекстанға түсетін қаражат анағұрлым өсті. Оған қосы бізге келген ресейліктер шотына да ақша түсіп тұрғанын ескеру керек. Нәтижесінде соғыс басталған уақыттан кейінгі төрт тоқсанының қорытындысы бойынша ақша аударымдары 92%-ға, 2 есе өсті, ақшалай түрде айтсақ, 18,6 млрд долларды құрады – Өзбекстан ЖІӨ-нің 22%-ы", - деп нақтылады тәуелсіз сарапшы.

Үшінші қозғаушы күш – өткен жылы тұтынушылық сұраныстың 1,4%-ға өсуі. Оның да жанама болса да, соғыспен байланысы бар, өйткені сатып алушылар саны келген ресейліктер есебінен ұлғайды. Оған қоса қаржы мен IT секторында қаржылай операциялар өсті, Өзбекстанға білікті кадрлер ағылды – Ресей мен Беларусьтен IT-мамандар көптеп келді. Сонымен қатар демалыс орындары, көлік, ойын-сауық секторлары жақсы пайда көріп, алға басты. Ең бастысы – шетелдік инвестициялар көлемі артты, бірінші үштікте – Ресей, Қытай, Түркия. Алайда екінші кезеңде Өзбекстанның инвестицияға қатысты үміті ақталмады.

"Енді теріс әсері жайлы айтар болсақ, әрине, бірінші кезекте инфляция. Біз былтыр инфляцияны 5%-ға түсірмек болды, алайда көрсеткіш 12%-дан асты. Инфляцияның шарықтауына азық-түлік бағасының әлемдік өсімі, энергия көздері мен көлік қызметінің қымбаттауы әсер етті. Оған қоса пәтерді жалға алу, жалпы тұрғын үй бағалары да өсті. Тағы бір қосатыны – нақты мағынада сум күшейгенімен, 12%-дық инфляцияға қарсы ұлттық валюта девальвация көрсеткіші 3,8%-ды құрады.

Соғыстың екінші жылынан бастау алған бұл кезеңге келер болсақ, мұнда гео-ахуалдың теріс әсерін көбірек байқаймыз. Оған рубльдің құнсыздануы тікелей әсер етті, сәйкесінше мигранттардан түсетін қаражат көлемі де азайды. Ресей ішіндегі өзбек тауарларына деген сұраныс та түсті. Салдарынан осы жылдың 5 айы мен алдыңғы жылдың сәйкес уақытымен салыстырғанда экспорт 20%-ға, ақша аударымдары 35%-ға қысқарды. Нәтижесінде девальвация көрсеткіші 8% болды. Ресей нарығынан кеткен инвесторлар Өзбекстанға келеді деген үмітіміз ақталмады. Инвесторлар соғыстың бір ұшқыны бізге тиеді деп сескенетін болуы керек, оған қоса санкциялар салынуы да әбден мүмкін, сондықтан Өзбекстанның қазіргі бизнес климаты жақсарды деуге келмейді. Дегенмен ресейлік капитал, қытайлар мен түрік компаниялары біздің елге келіп жатыр, оның өзі гео-саяси жағдайға байланысты болуы мүмкін, ал алдағы уақытта альтернативті көлік жолдарына байланысты инвестициялар түсімі болады деп болжап отырмыз", - деп түйіндеді спикер.

P.S.: Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың біздерге, Еуразия аймағындағы ең ірі аймаққа әсерін саралайтын болсақ, көрші елдердің экономикасындағы өзгерістердің айырмашылығынан гөрі ұқсастығы басымдырақ екенін көреміз. Соғыс бастала салысымен аймақтағы елдердің барлығы логистикалық проблемаларға тап болды, экспорт тоқтап, инфляцияға жол берілді, азық-түлік қымбаттап кедейшілік деңгейі артып отыр. Соғыстың басында транзиттік жеткізілімдердің өсуі сынды бірен-сараң артықшылықтары болғанымен, оны да дұрыс пайдалана алмағандар бар. Соғыс ешкімге береке әкелмейтінінің тағы бір айғағы. Ұзақ мерзімді перспективада соғыс энергия саудасының ауысуы, жеткізу тізбегінің қайта құрылуы, төлем жүйелерінің бөлшектенуі және елдердің валюталық резервтер құрылымын қайта қарауы жағдайында әлемдік экономикалық және геосаяси тәртіпті түбегейлі өзгерте алады. Геосаяси шиеленістің артуы экономикалық бытыраңқылықтың, әсіресе сауда және технология саласында күшею қаупін одан әрі арттырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу