Иран елі атом қаруына қол жеткізуге таяды ма?

1806

Халықаралық сарапшылар да, МАГАТЭ инспекторлары да дабыл қағып отыр. 

 Иран елі атом қаруына қол жеткізуге таяды ма? Фото: vesti.az

Олардың байламынша, біздің Каспий бойынша көршіміздің ядролық центрифугалары енді уранды анағұрлым жоғары деңгейге дейін байытуға қауқарлы. Демек, мұның соңы Иранның төл атом қаруын жасауына соқтыруы мүмкін. Бұл күтпеген нәтижеге әкелді: Батыс державалары Иран Ислам республикасына қатысты қырғи-қабақ, зілді саясатын жұмсартып, онымен дипломатиялық қатынастарды жақсарту жолдарын іздеп жатыр. 

Дау неден басталды? Биылғы қаңтарда БҰҰ-ның атомдық қадағалау жөніндегі 2 инспекторы Иранның Құм провинциясында (Кум, Qom Province), 80-90 метр тереңдікте, тау астындағы жартасты жыныстарда тұрғызылған, атом электр станциясы үшін отын өндіретін атақты Фордо уран байыту зауытына аттанады. Бұл ретте олар алдағы сапары туралы ирандық әріптестерін алдын ала құлақтандырмаған.

Мұндай сапарларды БҰҰ-ның Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі (МАГАТЭ) "жоспардан тыс инспекция" деп атайды және ол халықаралық шарттарда регламенттелген. The Financial Times анықтағандай, нәтижесінде Ирандағы аса құпия объектінің персоналы жұмыс пен құрылғыларға өзгеріс енгізіп үлгермеген. Бұл тиісті костюмдерді киіп, Фордо тұңғиығына бойлаған жаһандық ұйым инспекторларының тосын жаңалық ашуына түрткі болды. Қорытындысы қазір белгілі болып отырған жайт халықаралық қауымдастықтың алаңдаушылығын туғызды.

"Агенттік хабарлағандай, АЭС үшін отын өндіру мақсатында уранды байытуға арналған 2 "каскадты" жетілдірілген центрифуганың конструкциясы Иранның МАГАТЭ-ге мәлімдеген деректерінен айтарлықтай ерекшеленетіні әшкере болды. Аталған жаңалық сол жерде халықаралық инспекторлар мен ирандық ғалымдар арасында қызылкеңірдек талас тудырған. Иран ғалымдары қандай да бір өзгерістің жасалмағанына табандап бақты. Содан өз қауіптерін растау не сейілту үшін МАГАТЭ сарапшылары ертесіне қайта оралып, ресми түрде әлгі жабдықтардағы шаң-тозаңнан сынамалар алды. Сынамалар ұшақпен қадағалаушы органның Венадағы штаб-пәтеріне жолданды. Осындағы ғалымдар шаң бөлшектерін зерттей келе, қорытындысын шығарды. Соның негізінде жасалған МАГАТЭ тоқтамы халықаралық қоғамдастықта шок тудырды", – деп жазады The Financial Times.

Қорытындыда сынамадағы шаң-тозаңдағы уранның 83,7%-ға дейін байытылғаны көрсетілген. Бұл Ирандағы бақылаулар кезінде табылған ең жоғарғы деңгей болып табылады.

МАГАТЭ сарапшыларының пайымдауынша, осылайша, Тегеран төл ядролық қаруын өндіруге барынша жақындады.

Сонымен бірге халықаралық сарапшылар бұған Дональд Трамптың қатысы барын еске салып отыр. Себебі, ХХІ ғасырдың басында Еуропалық Одақ державаларының, ішінара Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың араағайындығымен, Иран Ислам республикасы төл ядролық бағдарламасынан бас тартуға келісті. Алайда бұл елде, Бушерде бірнеше блоктан тұратын алып атом станциясы бар. Сондықтан бітімгершіл лидерлер Иран уранды байытудан бас тартса, оның АЭС-ін отынсыз қалдырмауға уәде етті.

Қазақстанда, Өскемендегі Үлгі металлургиялық зауытының аумағында 2017 жылғы 29 тамызда төмен байытылған уран банкі (ТБУБ) ресми түрде ашылды. Ашылу салтанатына Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен МАГАТЭ Бас директоры Юкия Аманоның өзі қатысты. Бүгінде қаңтарылып тұрған бұл банк Иран және басқа да ядролық қаруы жоқ елдер уранды байытпауы үшін олардың атом станцияларына ядролық отын жеткізуді кепілдендіруге тиіс еді.

Иранның ядролық бағдарламасынан бас тартуына айырбас ретінде Батыс елдері бұл елден халықаралық санкцияларды біртіндеп алып тастауға уағдаласты. Алайда 2017 жылғы қаңтарда АҚШ билігінің тізгінін Дональд Трамп ұстады. Ол Ираннан санкцияларды алуға болмайтынын алға тартып, 2018 жылы "Іс-қимылдардың жаппай қамтитын бірлескен жоспары" (Joint Comprehensive Plan of Action) деп аталған шарттан, яғни Тегеран мен әлемдік державалар арасындағы келісімнен Американы біржақты түрде шығарды. Батыстық санкциялар сол бойы қалды.

Бұған жауабы ретінде Тегеран уранды байытуға қайта кірісті. Бірақ оған уранды атом қаруын жасауға жарайтын деңгейге дейін байытуға бәрібір тыйым салынған.

"Биыл әшкере болған жайт Дональд Трамп келісімді біржақты бұзғалы бері Иранның төл ядролық бағдарламасында қаншалықты іргерілегенінің жаңа айғағына айналды. Осы бес жыл бойы Иран АҚШ-пен соғысқа соқтыруы мүмкін қауіпті ойынға тартылды. Бүгінде Иран ядролық державаға айналудың қарсаңында тұр. Батыс дипломаттары бұл дағдарыс тұйығынан шығарар жаңа жолдарды табуға тырысуда. Әрине, Иранды ядролық бағдарламасынан бас тартқызатын жаңа шарттың түзілуі неғайбыл. Бірақ Батыс бұл бағытта кез келген табысқа жеткізе алатын тәсілдерді табудан үмітті", – дейді тегерандық эксперт Нәжмех Бозоргмер (Najmeh Bozorgmehr).

Бұл жерде Батыстың көп уақыты қалмағанға ұқсайды. Құрама Штаттардың бас генералы, Штабтар бастықтарының бірлескен комитетінің төрағасы, генерал Марк Милли биылғы наурызда, Сенаттағы парламенттік тыңдауда баяндама жасап, жиналғандардың үрейін ұшырды.

Оның айтуынша, "Иран ядролық қару жасау үшін қажетті материалды жеткілікті көлемде шамамен 10–15 күн ішінде өндіре алады, ал нақты ядролық қаруды жасап шығу үшін небары бірнеше ай ғана кетеді".

Иран тек құрлықта 7 елмен шектеседі: Әзербайжанмен, Түркиямен, Армениямен, Ауғанстанмен, Иракпен, Пәкістанмен, Түрікменстанмен ортақ шекарасы бар. Солардың көбімен арасы жақсы емес, тарихта талай қырылысқан. Тіпті 2018 жылғы 12 тамызда бес мемлекеттің басшылары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Ақтау конвенциясын бекіткенге дейін Иран осы теңіздегі ең үлкен үлеске ие Қазақстанға да қару кезеніп, қоқан-лоққы жасап еді.

Таяу Шығыс және Африка бойынша британдық сарапшы Эндрю Инглэндтың (Andrew England) пікірінше, Иранның атом қаруына қол жеткізуі Таяу Шығысты жаңа шиеленіске арандатуы мүмкін. Оның үстіне бұл әлемде жаппай қырып-жою қаруларын таратпау үдерісінің күл-талқанын шығарып, жаңа ядролық қару жарысына серпін беруі ғажап емес.

Иранның көршісі Түркияның саясаткерлері де сұхбаттарында, ток шоуларда түркі әлемінің төл ядролық қаруының болуы керектігін айтып жүр. "Болашақта РФ жаңа агрессиясын болдырмау үшін ең құрығанда тактикалық ядролық қаруымыз болғаны маңызды" деген ойды Украина сарапшылары да оқта-текте тілге тиек етеді.

Халықаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, осы орайда соңғы кездері Еуропа мен АҚШ ресми тұлғалары тығырықтан шығу жолдарын талқылауға тып-тыныш қана кірісіп кетті.

Соның аясында "E3" деп аталатын топтың (Франция, Германия, Ұлыбритания) ресми тұлғалары алдымен биылғы наурызда Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келіссөзшісі Әли Багери Канимен Ослода кездескен. Олар жүздесуді осы маусым айында Абу-Дабиде жалғастырды.

Биылғы жыл басында Сирияда америкалық мердігер компанияның өкілі ирандық беспилотникпен өлтірілген. Бұған жауап ретінде АҚШ ирандық Революциялық гвардияның сол елдегі объектісінің тас-талқанын шығарды және Иранмен байланысты содырларды жер жастандырды. Америкалық ақпарат құралдары осыдан кейін Вашингтон Тегераннан шиеленісті ары қарай ушықтырмай, бітісу туралы "сигнал" алғанын жазды.

Атын жасырып қалған биік лауазымды шенеунік журналистерге артынша, биылғы мамырда, Оманда АҚШ пен Иран арасында тікелей емес, араағайын арқылы келіссөздер жүргенін хабарлады. Сонда Тегеран ядролық қару бағытында да кикілжің көрігін суытатын қадамдар жасауға дайын екенін білдіріпті.

Әйтсе де, сөз әзірге іске ұласпады. Құрама Штаттар Иранның қадамдарын күтіп отыр. Сонымен бірге Америка уранды 60%-дан артық байытуды атом қаруын жасауға қадам деп бағалайтынын және бұл бағдардағы ирандық қозғалыс салмақты салдарларға соқтыратынын қатаң ескертті.

Таяу Шығыс саясатының вашингтондық институтының аға ғылыми қызметкері Генри Роум (Henry Rome) Иранның аса қауіпті ядролық қадамдары бес жыл бұрын тоқыраған дипломатиялық қимылдардың жандануына серпін бергеніне назар аудартты. 83,7 пайыздық байыту "егер тараптар шиеленісті тоқтату жолында қадамдар жасамаса, оның соңы насырға шабуы мүмкін екенін паш етті". Иранның қас жауы саналатын Израилдің Премьер-министрі Биньямин Нетаньяху жексенбіде мәлімдеме жасап, өзінің елі "кез келген қатерден өз күшімен қорғану үшін қажеттінің бәрін жасайтынына" сендірді. Бұл Иранның ядролық нысандарына соққы беруді де білдіруі ықтимал. Онда онысы соғысқа соқтырады. Бүгінде АҚШ күші Украинаға көмекке және Тайванды Қытайдың қаһарынан қорғауға бағытталған. Бұларға қоса Таяу Шығыста жаңа соғыс басталса, үш елді қатар қолдауға Американың да күші жетпесі даусыз.

Ендеше қайта ушыққан Иран проблемасын шешудің дұрыс жолы – бейбіт бітім болса керек. Бірақ қиындығы сол, 2015 жылы ядролық бағдарламадан бас тарту шартын пысықтаған ирандық тұлғалардың бәрі биліктен аласталды. Бүгінде көршіде мемлекеттің барлық органдары Батысқа теріс көзқарастағы және Америкаға қатысты аса қатаң ұстанымдағы тұлғалардың бақылауында.

Сонымен бірге 2024 жылғы Президент сайлауы нәтижесінде Д.Трамптың Ақ үйге оралу қаупі де бар.

Егер еліміздің шетінде Ресей сыртында тағы бір соғысқұмар, агрессивті ядролық мемлекет пайда болса, онда Қазақстанның инвестициялық тартымдылығынан сау-тамтық қалмайды. Әскери эскалацияға құмар мемлекеттердің қоршауында қалған республикаға қандай инвестор қызықсын? Бірақ ішкі мәселелерімен шектелген "Жаңа Қазақстан" да енді халықаралық бітімгер рөлін ойнап, ешкімнің арасында араағайын бола алмауы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу